Барсакелмес: Өзге әлемге өту мүмкін бе?

11 Наурыз, 2019 115

Кең байтақ жазира даламызда тамсанып қарайтын көрікті жерлер ғана емес, сонымен қатар өзіндік тылсым сырлары бар мекендер де жетерлік. Ұлы даланың құпия мен тылсымға толы жерлердің бірі – «Барсакелмес» аралы!

Бүгін барған адам қайтып келмейтін Барсакелмес аралын естіген жандар біраз үрейленетіні анық. Барсакелмес Қызылорда облысы Арал теңізінің солтүстігінде орналасқан сырға толы түбек. Қазірде түбекке айналған Барсакелмес Арал теңізінің суы тартылғанға дейін дербес арал болған. Тарихқа жүгінетін болсақ, теңіздің таңертеңгі және кешкі тынық мезгілінде жағалаудан жақсы көрініп тұрса да, Барсакелмес аралы көп жылдары бойы зерттелмегендіктен ғылымда белгісіз болып келген. Аралды 1848 жылы Алексей Бутаков бастаған экспедиция ашқан. Бірақ та бұл ресми негізделген ашылу болып табылады. Ал шындығында ол жергілікті халыққа ежелден таныс болған. Тіпті Хорезм шахы осы Барсакелместі паналапты деген аңыз бар. Бабаларымыз аралға «Барсакелмес» атауын қандай түсінікпен бергені беймәлім. Алайда ол жерде көп жүретін улы жылан, шаян, қарақұрт сынды жәндіктердің көп болуы себепті атаудың қойылғаны деген болжам бар. Ертеде балықшылар аралға шыққанда улы жәндіктердің шабуылынан қаза табу жайттары жиі болғанға ұқсайды. Сонымен қатар қыс уақытында теңіздің бетін мұз басып тұратындықтан көп адамдар келесі жағаға жете алмай, су астына кеткен. Уфологтардың пікірінше арал геобелсенді аймақта орналасқан. Мұнда әртүрлі жұмбақ заттардың, оның ішінде беймәлім ұшатын нысандардың көрінуі де содан болса керек. Аралда белгісіз тұман, жарқырауық бөрене, сұрғылт бұлт сынды жұмбақ нысандарды көргендер аз емес. Бұдан бөлек Барсакелмес жайлы адамдарды шошытатын аңыз-сыбыстар жетерлік. Оның бірі – 1949 жылы балықшылардың ауа-райының қолайсыздығына байланысты осы аралға тоқтаған сәтте 2 балықшы аралды көрмекші болып сол күйінде қайтып оралмаған. Көпшіліктің сөзінше, аралдағы басты ерекшелік – уақыт ағымының басқа жерлерден айырмашылығы болуында. Қазақ арасында да Әбдіразақ атты кісі уақыт ағымын тиімді пайдаланып, аралда танымалдылығымен белгілі болған. Кеңес ғалымдары сол кісінің қатысуымен, 1960 жылы 3 қыркүйекте тәжірибе өткізгенде, Әбдіразақ 1961 жылы 12 сәуірде адамның ғарышты бағындыратынын айтыпты. Бұл жайттан соң, Кеңес үкіметі ЛИ-2 ұшағын жіберіп, әуеден аралдағы белгісіз сәулені байқаған. Бірақ жақындаған сәтте ұшақ істен шығып, әрең дегенде жерге қонып үлгерген. Артынша ол линзаға ит, мысық сынды жануарларды жіберіп, олар қайтып келмеген. Сәтсіздіктен соң, жоғарғы жақтан әскери танк те әкелінеді. Түрлі химиялық бұйымдарға толы танк ақырындап, линзаға жақындайды. Басты талап жүргізуші үнсіз қалмауы тиіс еді әрі танк жоғалмауы үшін тросс та байланды. Алайда біршама уақыттан соң, ол үнсіз қалады. Бақылап отырғандар дереу кері қайтуға бұйрық бергенде танкист «неге мен қайтуым керек?» - деп жауап берген дейді. Тросстың күшімен қайтарылған танктің ішінде бір қызығы жүргізуші мүлдем жоқ болып шыққан. 1930 жылдары аралға жіберілген топографиялық экспедиция із-түссіз жоғалып кетті. Мамандарды іздеуге жіберілген топтан да хабар болмады. Содан бір күні жоғалып кеткен экспедиция мүшелері өздері келіпті. Олардың айтуынша оқиға былай болған: топографтар аралдың адам бара бермейтін бөлігіне барып, 3 күн бойы картаға түсіреді. Ал бұл сәтте басқа жерде 3 ай өтіп кеткен екен. Бұдан бөлек, ол аралдан сөйлеуі мен киінуі 17 ғасырға тән адам да табылған. Ол өзін теңізде кеменің апатқа ұшырауынан аралда тап болғанын жеткізген. Десе де бұның қаншалықты шын екендігін ешкім білмес. Әлде бұның барлығы Барсакелместегі сұмдықты ұмыттыру үшін жасалған шара шығар...



                                                                                                                       Қанат Байұзақов

Turkistan.kz


Пікірлер(0)

Пікір қосу