Сіз қызыңызды дұрыс тәрбиелеп жүрсіз бе?

15 Наурыз, 2019 72

Бала тәрбиесі - ең қиын, ең жауапкершілігі мол жұмыс. Ата - ана барлық баласын бірдей көреді, бөліп жармайды. Алайда, барлық баласын бірдей ережемен тәрбиелеу дұрыс емес.

Себебі, әр жастағы баланың психологиясы әртүрлі болып келеді. Әсіресе мектеп жасындағы қыз баланы тәрбиелеуде ата - ана мына кезеңдерді ескергені жөн. Мектеп жасындағы қыз баланың тәрбиесі 3 кезеңге бөлінеді.

1. Бастауыш сыныптар кезеңіндегі тәрбиенің мақсаты - тазалыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа үйрете отырып, баланың көп білуге құштарлығын ояту, кітап оқу мәдениетін арттыру.

2. Бесінші - сегізінші сыныптар арасында алғашқы кезеңдегі тәрбие түрлері ары қарай дамытыла түседі. Бұл тұста, жас ерекшелігіне қарай, қыз бала анасынан ешнәрсе бүкпейді. Қит еткен нәрсенің бәрін айтып келеді. Сол шыншылдығы мен ашықтығын пайдаланып, қыз баланың келешегіне ең керекті нәзіктік, ілтипаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, тұрақтылық сияқты мінездерді қалыптастыру - басты борыш. Сонда бұл сипаттар келешекте жарасымды жар, аяулы ана, қоғамымыздың белсенді мүшесі болатын қыз баланың бойынан әрқашан нұр болып төгіледі.

3. Үшінші кезең - тоғызыншы - он бірінші сыныптарды қамтиды. Бұл аралықтағы тәрбие алдыңғы кезеңдермен тығыз байланысты. Адамға деген мейірім бала кезден, ең жақын адамын сүюден басталады. Сондықтан әрбір қыз балаға ата - анасын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз.

Құрметті, ата - ана, қызыңызды тәрбиелеуде осы кезеңдерді ескере жүріңіз !


                                                                                                          Сурет: astana-akshamy.kz

Пікірлер(0)

Пікір қосу