ФИФА-ның күні бітуге жақын ба?

15 Наурыз, 2019 41

ФИФА-ның адам алдындағы басты жетістігі – футболдан ең алғашқы 1930 жылы Әлем чемпионатын өткізуі еді. Алайда ХХ ғасырдағы ФИФА мен қазіргі ФИФА-ның жағдайы мүлдем бөлек. Бірінде – атағы жер жарса, екіншісінде – оның дәрежесін түсіру үшін ақпараттық агенттіктер бір-бірімен жарысуда. Міне, сондай жайт осы аптада тағы да жанданды.

Сонау 2010 жылы Цюрих қаласында 2018, 2022 жылғы Әлем Чемпионатын өткізуші елдерді анықтау сәтінде ФИФА алдын-ала шешіп қойған деген деректі ағылшындық БАҚ-тар жиі жазады. Оған басты себеп, 2018 жылғы Әлем чемпионатына таласта ең төменгі 2 дауыс жинауы мен 2022 жылы ең ыстық Катарда Әлем чемпионатын өткізу қисынсыз деген сөзінің әсер етпеуі. Ол аздай, Катардағы бәсеке күн ыстығына орай қаңтар-ақпан айында өтетіндіктен, көрсетілімді көп сататын Ағылшын Премьер Лигасының да қалтасын қағатыны сөзсіз. Сонымен соңғы The Sunday Times деректеріне сүйенсек, 2010 жылы 2020 жылғы Әлем чемпионатының иесін анықтауға 21 күн қалғанда, Al Jazeerа каналы ФИФА-мен құны 400 млн доллар шамасында келісімге қол қойған. Келісім-шартта 2015-2018 жылдары ФИФА-ның барлық жарыстарын Орталық Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінің телеарнасында көрсетуге 150 млн доллар, 2019-2022 жылдары да дәл осы пункт үшін 150 млн доллар, ең бастысы 2022 жылы ӘЧ берсе, қосымша 100 млн доллар бонус қарастырылған. 2010 жылға дейін Катар ұсынған ақшадан 5 есе аз көрсетілімді ғана сатылымды сатып алып жүрген.


Бұл Катар дауына байланысты жалғыз әшкере емес. The Sunday Times сайты 2010 жылы 2 желтоқсанда ФИФА-ның атқарушы мүшелері Амаду Диаките мен Исмаилу Бхамджи өз дауыстарын Катарға бергені үшін, 1,2 млн доллар көлемінде сыйақыға ие болғанын жазған. Кейіннен екеуі де пара алған үшін емес, ФИФА-ның ішкі ережелерін бұзды деген сылтаумен жұмыстарынан босатты.

The Sunday Times-тың тағы бір ақпараты Азия футбол конфедерациясының экс-басшысы Мохамед Бин Хаммам Катарды ұтқызуға 5 млн доллар ақша жұмсағанын жария етуі еді. Нәтижесінде, Мохамед өмір бойына футболдан алыстатылды.

Тағы бір ағылшындардың Тhetimes.co.uk ақпараты да құр қалған жоқ. Олар Катардың 2022 жылдағы басты фавориттердің бірі – АҚШ пен Аустралияны қалай ысырғанымен бөлісті. ФИФА-ның елді анықтау барысындағы басты талабы – сол елдің халқы шараға қандай көзқараста екеніне мән береді. Өз кезегінде Катардың BLJ пиар агенттігі АҚШ-та Мэриленд университетінің экономика саласының профессоры Деннис Коутсқа 9 мың долларға «Әлем чемпионатының АҚШ-қа экономикалық шығындары» атты зерттеу жұмысын жүргіздіріп, оның орнына мектептегі балалардың дене шынықтыру мәселесіне көңіл бөлген дұрыс деген көзқарасты қалыптастырды.  Дәл осындай ұсынысты Аустралияның Аделаида университетінің профессоры Ричарду Помфретқа да ұсынған. Ол «мен өз елім үшін қандай ақшаға берсе де, ешқандай жаман ақпарат жазбаймын» деп, бас тартқан. Сондықтан олар Аустралияның регби чемпионатында «Әлем чемпионаты керек емес» деген толқуларды жиі ұйымдастырды.

Сол кезеңдегі ФИФА-ның басшысы Зепп Блаттер «Менің шындығым» атты кітабында 2010 жылы УЕФА-ның басшысы Мишель Платинидың бастапқыда ӘЧ АҚШ-та өтсін деп дауыс бермекші болғанда, Францияның президенті Саркозимен бірге Катар шейхі Тамим бин Хамадпен кездесіп, Франция футболына көп мөлшерде ақша құюға келісімге қол жеткізгенін жазған. Естеріңізге сала кетсек, 2011 жылы Qatar Investment Authority «ПСЖ-ның»70% акциясын сатып алған еді.

Міне осындай былықтар БАҚ беттерінен толастар емес. Дегенмен, ФИФА-ның басшысы Джанни Инфантино өткен шуларға қатысы жоқ болғандықтан, 2022 жылғы ӘЧ Катарда өтуінен бас тартуы мүмкін емес. Алайда басшылық алдағы уақытта тағы бір жемқорлыққа барса, ФИФА-ның өмір сүруін тоқтатуы ғажап емес.


Қанат Байұзақов

Turkistan.kz


Пікірлер(0)

Пікір қосу