Түркістан облысында туризм дамып келеді

05 Сәуір, 2019 60

Түркістан облысына 2018 жылы келген туристер саны 2017 жылмен салыстырғанда 15%-ға артқан.

Түркістан облысы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Төлебеков өңідегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру және туризм саласын дамыту бағытын атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Жалпы облыста туризмді дамыту шаралары Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауы, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары, Жобалық басқару және «Өңірлерді 2016-2020 жылдарға арналған Даму Бағдарламасы» аясындағы тапсырмаларға негізделе отырып жүргізіледі. Осыған орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде 2018 жылы облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы тарапынан бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізілді», – деді басқарма басшысының орынбасары.

Облысқа келуші туристердің саны жылдан жылға артып келеді. Мысалы, ресми статистикалық мәліметке сүйенсек, 2018 жылы орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген туристер саны 152 мың адамды құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 15%-ға артып отыр.

«Жалпы Түркістан облысы елімізде ең көп турист келетін аймақ саналады. Біздің таңғажайып табиғатымыз бен тарихи орындарымызды көруге келетіндер қатары мол», - деп атап өтті Жасұлан Төлебеков.

2018 жылы Түркістан қаласының өзіне 1 млн. аса турист табан тіреген. 2025 жылға қарай туристер санын 5 млн-ға жетеді деген болжам бар.


ortcom.kz


Пікірлер(0)

Пікір қосу