ХХ ғасырдың аңызы немесе "Стрельцов жүлдесі" қалай пайда болды?

11 Наурыз, 2019 331

Өткен жылы Ресейде атақты футболшылар Кокорин мен Мамаевтың қамалуы үлкен жаңалық болған еді. Міне содан бері 5 ай өтті. Бірақ олар әлі қамауда. Ендігі мәселе – олар қайта футболшы ретінде қалыптасып кете ала ма? Бірі иә десе, бірі жоқ дейді. Жалпы Ресейде бұған дейін қамалған футболшылар болған ба? Иә, ондай жайт 1958 жылы орыстың «Пелесі» Эдуард Стрельцовтың басынан өткен екен...

1955 жылы ұлттық құрамада алғаш рет шыққан Эдуард Швецияға қарсы ойында 3 гол соғып, 6:0 есебімен ұтты. Бұл жайт тек КСРО-да ғана емес, шетелдіктерді де таңғалдырып, «Орыстардың Пелесі» деген лақап атты иелендірді. Бұл Эдуард пен КСРО-ның жұлдызды шақтарының басы болатын.


  • 1958 жылғы Әлем чемпионатының ширек финалында КСРО сол Швециядан 0:2 есебімен ұтылды.

 1956 жылы КСРО футболдан Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алды. Оған ерекше үлес қосқан ойыншының бірі – Эдуард Стрельцов еді. Қарапайым отбасында өскен Эдуард жас кезінен-ақ талантты футболшы екенін мойындатып, «өкшемен пас беру» әдісімен көптен ерекшеленді. 1956 жылы финалға дейінгі ойындарда үздік ойынымен көзге түскен ол алғашқы турда Біріккен Германияға соңғы минуттарда жеңіс голын соқса, жартылай финалда Болгариямен кездесуде ойыншылардың жарақатына және 9 ойыншымен қалғанынан қарамастан, экстра-таймда гол және нәтижелі пасымен 2:1 есебімен жеңіп кетті. Тек финалда оның орнына белгісіз жайтпен Никита Симонянды шығарды. Оған қарамастан 1:0 есебімен Югославияны ұтқан КСРО Олимпиада жеңімпазы атанды. Жарыс шарты бойынша медаль тек финалда ойнаған футболшыларға берілетіндіктен, Стрельцов өз еліне еш жүлдесіз қайтты.

1957 жылы ұлттық құрамадағы жарқын ойыны Әлем чемпионатына берілер жолдама ойынында Польшаны жарақатына қарамастан 2:0 есебімен ұтуда ерекше рөл ойнап, өз тарихында бірінші рет Әлем чемпионатына баруға жағдай жасады. Сол жетістігінің арқасында 1957 жылы France Footbal баспасы тағайындайтын «Алтын доп» бәсекесінде 7-орын алды.

  • Польшамен кездесуге барар жолда Стрельцов поездан кешігіп, Можайка станциясында мініп кету үшін жол министрінің бұйрығымен поездты тоқтаттырды. 

1958 жылы Әлем чемпионатына санаулы күндер қалғанда ұлттық құраманың үздіктері Михаил Огоньков, Борис Татушин үшеуі қала сыртында 3 қызбен демалуға барады. Ертеңінде 3 футболшыны да «қыз зорлады» деген күдікпен қамап тастайды. Бірақ екі футболшы түрмеден босатылып, Стрельцов 12 жылға сотталды. Дегенмен, қос футболшы  3 жылға кәсіби спорттан алыстатылды. 3 жыл өткен соң, Михаил мен Борис қайта жұлдызды шақтарына келе алмай, елеусіз түрде мансаптарын бітіруге мәжбүр болды.

1958 жылы қылмысқа қатысты қоғам дүрлікті. Оған себеп те бар еді. Соғыс зардаптарынан енді айыға бастаған қарапайым тұрғындарға спортшылардың әсіресе футболшылардың көп ақша табатыны, қымбат ресторандарда тамақтанатыны, көптеген жас қыздардың оларға ғашық болуы т.б жайттар Эдуард Стрельцовты жазалау қажет деп тапты. Осы арқылы футболшыны ғана жазалап қоймай, өзге де спортшыларға сабақ беру болатын.

Ол жайында шудың алдында-ақ  «Комсомол Правда» газеті 3 жыл бұрын Эдуард еңбекқор, қарапайым, тыныш жігіт еді. Бірақ қазір оған «жұлдыз ауруы» әсер етіп, ол шегетін, ішетін, қыздармен қыдыратын болып кетті. Яғни, теріс әрекеттің түбінде жазаланады дегенді аңғартса керек.

Қамалуына не себеп болды?

  • Еуропа елдері Стрельцов сынды мықты футболшы болмаса, КСРО әлем чемпионатында фаворит болмайды. Сондықтан олар шуды әдейі ұйымдастырған.
  • 1955 жылы Стрельцов Швецияға қарсы кездесуде хет-трик жасаған соң, оған ұсыныс жасады. Алайда ол бас тартты. «Торпедо» құрамында Франциядағы 3 жолдастық ойында 4 гол салып, шетелдік клубтардың оған деген қызығушылықтарын одан сайын арттырды. Кейіннен Эдуард шетелде қалуым керек деп айтып қалғанын биліктегілер жақын қабылдап, әлем чемпионатына барғызбады.
  • «Динамо», «ЦСКА» сынды жоғары шенді тұлғалар басқаратын клубтар зауыттың «Торпедо» сынды командасына ұтылуды ар санады. Эдуард Стрельцовты өз құрамаларына ауыстыру үшін Мәскеудің қақ төрінен бірнеше бөлмелі пәтер, көлік беруге ұсыныс жасаса да, ол «мен үшін ақша, атақ маңызды емес, тек футбол ойнағым келеді. Футбол ойнауға «Торпедо» таптырмайтын жер» деп өз ойынан еш қайтпады. Бейбіт түрде ауыстыра алмаған мәскеулік клубтар оны қылмыстық қорқытумен ауыстырмақшы болды. Кесірінен шу Хрущевқа дейін жетіп, ол істің ақ-қарасын анықтамай-ақ «түрмеге ұзақ уақытқа қамаңдар» деген бұйрық алды.
  • 1956 жылы Стрельцов Олимпиада жеңімпазы атанған соң, оларды Мәскеуде салтанатты кешке шақырды. Кеш барысында мәдениет министрі Екатерина Фурцова өз қызы Светлананы Эдуардқа қосқысы келетінін айтады. Алайда талантты футболшы сыпайы түрде бас тартады. Ұсынысынан бас тартуды жеке басына ар келтірді деп түсінген Екатерина түптің-түбінде Эдуардтың сазайын тарттыруға апарды.

Түрмеден кейінгі жағдай

21 жасында түрмеге тоғытылған футболшы 4 жыл 8 ай өткеннен кейін бостандыққа шығады. Бірнеше жыл қамауда болған оны көпшілік ендігісі естен де шығарған еді. Тек ол өзі футболын еш тастамады. ЗИЛ зауытына кірген ол бос уақытында «Торпедомен» бірге жаттығуын қайта бастады. Дегенмен, заң бойынша Эдуард енді мүлдем футбол ойнаудан алыстатылған болатын. Алайда ол футболды «зауыттар біріншілігінде» жалғастыруды жөн деп тапты. ГАЗ-ға қарсы ойынның 1-кезеңінде 0:2 есебімен ұтылып жатқанда, ол қосалқы құрамнан шығып хет-триктің авторы атанады. Есеп 3:2! Бүкіл стадион Стрельцовтың ерлігіне қайта таңғалды. 1964 жыл «зауыттар біріншілігінде» Эдуард бастаған ЗИЛ жеңімпаз атанды! Бірақ атақты футболшының аты жер жарғанымен, оған спорт комитеті қайта кәсіби футболмен айналысуға мүмкіндік бермеді. Тек 1965 жылы қамалуына себеп болған Хрущевтың орнын алмастырған Брежнев «Слесарь түрмеден кейін слесарьмен айналыса алады, бірақ неге футболшы футболды жалғастыра алмауы тиіс? Бұл әділетсіздік» қой деп, Эдуардқа қайта жасыл алаңда жарқылдауына мүмкіндік берді. Қайта «Торпедоның» жидесін киген орыстың «Пелесі» алғашқы турда сырт алаңда «Нефтехимиктен» 0:3 есебімен ойсырай жеңіледі. Келесі ойын өз алаңында «Крылья Советовқа» қарсы кездесуге стадион лық толып, Эдуардтың шеберлігін көруге келеді. 2:0 есебімен ұтқан «Торпедоға» футболшы тек нәтижелі паспен ғана көзге түсті. Ол жайында орыс бапкерлері бұрынғы Стрельцовтың «тек жартысы» ғана қалды десті. Дегенмен, ол сөзді барлығы ерте айтып еді. 2-айналымда Стрельцов тек ерекше қимылымен ғана емес, үздік гол соғуымен, алаңды керемет көруімен ерекшеленіп, 12 гол соғады. 1966 жыл – «Торпедо» жеңімпаз! Алғашқы жылында-ақ көпшілікті мойындатқан Стрельцов қайта ұлттық құрамаға шақырту алды. Алайда Әлем чемпионатына оны «түрмеге отырғаны» үшін алмады. Кейіннен 1967, 1968 жылдары «КСРО-ның ең үздік ойыншысы» атанды. 1968 жылы чемпионатта 21 гол соққанымен, жасы үлкен деген сылтаумен тағы да «Еуропа чемпионатына» бару бұйырмады. 1969 жылы жарақатына байланысты мансабын аяқтаған Стрельцов «Торпедоның» жастар құрамасын жаттықтырды.  1990 жылы түрмедегі ауруы өлімге ұласып, өмірден өтті. Бірақ оның тек «Торпедоның» намысын қорғағаны үшін стадион алдында үлкен ескерткіші мен стадионның аты берілді.


1997 жылы Ресейде ең үздік футболшы номинациясын «Стрельцов жүлдесі» деп атады. Қазіргі сәтте де оның аты еш ұмыт қалмай, баспасөз беттерінде жиі айтылады.




Қанат Байұзақов

Turkistan.kz


Пікірлер(0)

Пікір қосу