Сырым бидің "Алты шаңырақ іргесі ажыраспасын"дегенінде не мән бар?

13 Наурыз, 2019 84

Сырым батыр алты серігімен бірге жол жүріп келе жатып, атақты Мөңке бидің ауылына жолығады. Би кенже баласын үйлендіріп, құда шақыру жоралғысын орындау үстінде екен. Мөңке құдайы қонақтардың келгенін естісімен жігіттеріне оларды өзі отырған үйге түсіруге әмір береді.

Астан соң қонактарына қарап: «Бата етіп жібер» дегенде айтқан ақ тілегінің соңын Сырым:

- Алты шаңырақтың іргесі ажыраспасын! Әумин! Әумин! - деп аяқтайды.

Батадан кейін құда:

- Мен мына құдайы қонақтың берген батасын түсінбей отырмын. Бұл кісі: «Алты шаңырақтың іргесі ажырамасын» деді. Қонақтардың өздері — алты адам, алтауы алты шаңырақтың иесі. Сол алты шаңырақтың іргесінің ажыраспауын айтып отыр ма? Болмаса осы жерде алты ақ шатыр тігулі тұр. Алтаудың алты шаңырағы бар. Осылардың іргесінің ажыраспауын айтып отыр ма?-деп сауал қояды.

Сонда Мөңке би Сырымды нұсқап:

- Алты жасында алты дауыл, арты құйын атанған Сырым би бүгінгідей қуанышымыздың үстіне тап келіп отыр. Ал енді бидің батасын айтайын. Құдай қаласа, біз ағайын болғалы отырмыз, екеуміздің балаларымыз қосылып, ата жолын ілгері жалғастырмақшы. Сенің балаң маған келін болып түседі. Ол үш шаңыраққа ие болады. Біріншісі — қайын жұрты, екіншісі — нағашы жұрты, үшіншісі — төркін жұрты. Сол сияқты менің балам саған күйеу болады, ол үш шаңыраққа ие. Олар — өз жұрты, қайың жұрты, нағашы жұрты. Демек, екі баламыз қосылғанда алты шаңырақ шығып тұр. Осы алты шаңырақтың іргесі ажыраспаса, онда біздің ағайындығымыз мәңгіге кеткені. Осы аталған алты шаңырақ ажыраспаса, сол алты шаңырақты құрап отырған алты рулы елдің татулығы артып, алты алашқа құдайдың бергені емес пе? Сіз бен бізге, келешек шаңырақ иелеріне де қажеттісі осы емес пе? - дейді.

Пікірлер(0)

Пікір қосу