Наурыз көже қалай дайындалады?

14 Наурыз, 2019 542

Көптен күткен Наурыз мейрамына да санаулы күндер қалды. Әйелдер қауымын мазалайтын ең басты мәселе - дастарханның ерекше болуы. "Наурыз мейрамы" дегенде ең бірінші ойыңызға не келеді? Әрине, "наурыз көже" дейтініңіз сөзсіз. Ал, осы наурыз көжені қалай әзірлеу керек екенін білесіз бе?

Наурыз көженің құрамындағы қоспалардың да өзіндік ерекшелігі бар :

1. Су. Наурыз көженің ең негізгі компоненті су болып табылады. Бұл өмір – өзен. Келешек ұрпақ өрбіп, судай тасып, көбейе берсін деген мағынаны білдіреді.

2. Ет. Қазақтың сүйіп жейтін тағамдарының бірі осы – ет. Қазақ дастарханының сәнін келтіретін бұл ет ас мол болсын деген ырыммен қосылады. Әдетте “ұзынсарыға” сақталатын сүр ет пайдаланылады.

3. Арпа. Ежелгі шығыс емшілері арпаның емдік қасиеттері туралы көп айтады. Білетіндердің айтуынша, арпаны тағам ретінде жиі пайдаланатып адамдардың қаны бұзылмайды. Ирак тәуіптері арпаны “ғажап құтты дән” деп атайтын көрінеді. Арпаның емдік қасиетінен бөлек, тойымдылығы да бағаланады.

4. Дәнді дақылдар (тары, күріш). Наурыз көжеге, сонымен қатар, дәнді дақылдар да қосылады. Мұның негізінде бір тамырдан өсіп өнген дәндер секілді ұрпағымыз жайылып, көбейсін деген мағына жатыр.

5. Ақ. Қазақ ақты ежелден қасиетті деп есептеп, бағалаған. Сол себепті наурыз көжеге сүт немесе айран қосылады. Мұның негізінде сүттей ұйып отырайық, іргеміз берік болсын деген ниет жатыр.

6. Құрт. Құрт наурыз көженің дәмін келтіріп, сән береді.

7. Тұз. Наурыз көжеге дәм беретін тұз соңғы, жетінші тағам ретінде қосылады.

Әлбетте, көже дайындау кезінде тек осы тағамдарды қосу керек деген талап жоқ. Әркім өз халінше қолындағы барын қоса береді. Кейбір кісілер көкөніс немесе жеміс те қосып жүр. Бастысы – қосылатын тағамдардың саны жетеу болса болғаны. Ертеректе әйелдер өздерімен бірге көже толтырылған ыдыс ала жүрген. Қонақтап барған жеріндегі көжеге өздерінің дәмін де қосып, араластыру дәстүрі болған. Бұл – дәм-тұзымыз араласып, ынтымағымыз жарасып, бірлікте болайық деген ниет. Көжені құйып берудің өзіне үлкен мән беріледі. Әдетте, сусынды ыдысқа толтырып құйып береді. Бұл несібеміз ортаймасын, дәм-тұзымыз мол болсын деген мағынаны білдіреді. Құйылған сол көжені тауысып ішу – әркімнің міндеті. Себебі, берілген ырзықты қалдырмай ішу жақсылықтың бастауы ретінде бағаланады.


Наурыз көжені дайындау тәсілі.

-Көжені дайындау үшін алдымен сүрленген ет пен қазыны жақсылап жуып (қажетіңізше тұз қоссаңыз болады), 2-2,5 сағат қайнатып қоямыз.

-Ет пісіп жатқанда жүгері мен арпаны жуып, қалауыңызша тұз қосып 1 сағаттай қайнатамыз. 1 сағаттан кейін тары жармасын саламыз.

-Тары жармасының тез пісетіндігін ескере отырып тарыны салғаннан кейін көжені 15 минуттай ғана қайнатамыз.

-Дайын етті майдалап тураймыз.

-Сөйтіп туралған етті сорпасымен бірге дайын көжеге араластырып, суытып қоямыз.

-Салқындаған көженің үстіне айран құямыз.

Көжеміз дайын. Ас болсын!


                                                                                                              Сурет: kz-news.info


Пікірлер(0)

Пікір қосу