ЖАҢА ЗЕЛАНДИЯ: Мұсылмандарға қарсы теракт жасалды

15 Наурыз, 2019 856

Turkistan.kz ақпараттық порталы. 15 наурызда  Жаңа Зеландиядағы екі мешітке жасалған қарулы шабуылдан қаза тапқандар саны 49 адамға жетті. Бұл туралы елдің полиция комиссары Майк Буш Sky News-тың Twitter-дегі парақшасында хабарлады.

Шабуыл жергілікті уақыт бойынша, шамамен түскі сағат екіде 400 мың тұрғыны бар Крайстчерч қаласындағы мешітте болған. Теракт кезінде қашып үлгерген Ахмад әл-Махмуд есімді азаматтың айтуынша, күдіктілердің бірі мешіттегі адамдар намаз оқып жатқан кезде кіріп келген. «Оның қолында үлкен тапанша болды. Мешітке кірді де адамдарды шетінен ата берді»-дейді ол.

Сонымен қатар, 28 жасар ақ нәсілді австралиялық азамат  Брентон Тарран бұл қанды әрекетін камераға түсіріп, 17 минуттық видеоны әлеуметтік желіге жариялаған.

Бұл шабуылдан кейін, бірнеше сағаттан соң, Крайстчерчдің іргесіндегі Окленд қаласының адамдар көп жүретін вокзалы мен сауда үйінде жарылыс болды.

Полиция қызметкерлерінің жедел іздестіруінің нәтижесінде, күдікті ретінде үш ер адам мен бір әйел қамауға алынды. Жаңа Зеландия премьер-министрінің хабарлауынша, қамауға алынған төрт адам да экстремистік көзқараста болған, бірақ полиция есебіне алынбаған. Ертең олардың біріне қатысты сот ісі басталады.




Пікірлер(0)

Пікір қосу