Шет елде білім алу сәнге айналды ма?

30 Наурыз, 2019 1438

   «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», - дегендей,  еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтың орны бөлек қой. Сол жан - жақты білімді, ұлтшыл, шығармашыл жастарды тәрбиелеу мұғалімдердің, яғни біздің қолымызда. Сол себепті білім саласына енгізіліп отырған жаңалықтардан хабарсыз қалмай, ілгері жылжуымыз қажет, ол тың еңбекті, терең білімді қажет етеді. Сондықтан мен бұл заманауи талапқа сай жүйелі жұмысқа өзімнің де күш - жігерімді аямай салуға міндеттімін және атсалысуға дайынмын деп айта аламын.

Білімі қаншалықты жоғары мемлекеттің бүгінгі әлемдік қауымдастыққа бәсекелестікке қабілеттілігі соншалықты биік болмақ. Қазіргі кездегі білім беру жүйесінің ендігі бір міндеті – жастардың білім алып қана қоймай, алған білімін үздіксіз дамытып, оны бойына сіңіріп, тәрбиелі, әдепті, бір сөзбен айтқанда, интеллектуалды – үйлесімді болуын қамтамассыз ету. Соны ерте түсінген әлем елдері мен олардың білім жүйелері жаһандану үдерісіне үн қосып, бұдан әрі дамудың жаңа стратегиялары мен жобаларын ұсынуда.

Білім алудың дініміздегі маңыздылығын тіпті он төрт ғасыр бұрын сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өз хадисінде айтып кеткен : «Кімде - кім білім іздеу жолына түссе Аллаһ Тағала оған сол арқылы жәннатқа бару жолын жеңілдетеді.» (Хадисті  Әбу һурайрадан имам Муслим риуаят етті)

Иә, қазіргі таңда білім алудың, білім сапасының жоғары болуы өте маңызды.. Елімізде де білім беру жүйесіне жыл сайын елеулі өзгерістер еңгізілуде.

«Қалам – өз ойыңды жеткізудің құралы», - деп Мигуэль Сервантес айтқандай, мен де осы тақырып бойынша өз ойыммен бөліскім келеді. Қазіргі таңда еліміздің білім қуған жастары өз білімдерін Қазақстанда ғана емес шет елде де дамытуды жөн санайды. Бұған не себеп? Елімізде білім сапасының төмендігі ме, әлде өзге елде білім алу сәнге айналғаны ма? Бұрындары «шетелде оқып келді» дегенді жиі ести бермейтін едік. Бүгінде шекара асып, білімін жетілдіріп келгендердің қарасы қалың. Алайда таяқтың екі ұшы болатындығы секілді бұл мәселенің де оңы мен терісі бар екені айтпаса да түсінікті. Білімсіздің күні ғаріп екенін түсінген бүгінгі жастар да, ата-аналар да жоғары білім алудың тиімді жолын іздейді. Бір өкініштісі, қазіргі уақытта еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алғаннан гөрі шет мемлекетте оқыған әлдеқайда жеңіл. Бүгінде дамыған мемлекеттердің барлығында дерлік Қазақстан азаматтары бар. Олардың бірі арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы білімі мен біліктілігін арттырып жатса, екіншілері өз қаражаттарымен әлемдік жоғары оқу орындарында дәріс тыңдап жүр. Қандай жағдайда да сол жастардың теория мен тәжірибені ұштастырғаннан кейін, туған елге оралып, Қазақстанның қарыштап дамуы үшін еңбек еткенін, тер төккенін қалаймыз. Бірақ еліміздегі университеттерді шетке ысырып, шетелдік оқу орнын таңдаған жастардың таңдауына шек қоюға қақымыз жоқ. Тек әрбір Қазақстандықтың патриоттық сезімі жоғары болса дейміз.          

Бүгінгі таңда осы тақырыптар қоғамның көкейтесті мәселелерінің бірі болғандықтан, мен де жастар арасында сауалнама алу арқылы зерттеу жүргізген болатынмын.


Сауалнамамыздың басты талабы шет елде білім алу туралы жастардың пікірін білу болатын. 10 сұрақтан тұратын бұл сауалнамаға университетіміздің 75 студенті қатысты.


1.  1. Шет елде оқу мақтаныш па? - деп қойылған алғашқы сұраққа студенттердің 49,33% - ы мақтаныш екенін алға тартса, 50,67% - ы «Жоқ» деп жауап берді. Бұл қолымыздағы мәліметке сүйенсек, қазіргі жастардың басым көпшілігі өзге елде білім алуды мақтан тұтатынын  байқауға болады.

2.  2. Жастарға Қазақстанда білім алу жеткіліксіз бе? -  деп қойылған сұраққа 75 студенттің 35-і «иә» деп жауап берді. Бұл жалпы көрсеткіштің 46,67% - ын құрайды. Демек, бұл Қазақстанда білім сапасының төмен екендігін айқындайды.

3.  3. Мүмкіндік болса шет елде оқитын ба едіңіз? – бұл қойылған сұраққа 67 студент, яғни 90,67% - ы «иә» деп жауап берді. Бұл статистикаға сүйенетін болсақ, елдегі жастардың басым бөлігі шетелге құмар көрінеді. Оқы десеңіз оқуға, жұмыс десеңіз жұмысқа да құлшынып тұрғандығын байқауға болады. Осының негізгі себептері ретінде елдегі жұмыссыздық пен тұрғын үй мәселесін алға тартады.

4.  4. Жауабыңыз Иә болса, неліктен? Осы сұраққа жауаптың 96,08%-ы шетелде оқудың қызық екендігінің көрсеткіші болып отыр. Жастардың шетелге қызығушылығын арттыратын бірден бір себеп – әртүрлі шетелде оқыту бағдарламалары. Бұл бағдарламалардың тиімділігі – тегін білім алу және шәкіртақымен қамтамасыз ету.

5.   5.  Оқу ордаңыздағы ұстаздардың оқыту әдісі сізді қанағаттандырады ма? Дәл осы сұраққа студенттеріміздің 64%-ы «иә» деп жауап беріп, ұстаздарына көңілі толатынын білдірді. Осы орайда ағылшын ағартушысы Уильям Уордтың мына бір керемет сөзі есіме түсіп отыр: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет ұстаз көрсетеді, ұлы ұстаз шабыттандырады». Әрқайсысымыздың шабытымызды шарықтататын ұлы ұстазымыздың болуы шарт.

6.  6. Еліміздегі білім жүйесіне көңіліңіз толады ма? Бұл сұрақтың жауабы жаға ұстатарлықтай болды. Себебі, студенттеріміздің 54,67%-ы еліміздегі білім жүйесіне көңілдері толмайтындығын білдірді. Осындайда қазақтың «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген есті сөзі еріксіз ойға оралады екен. Расымен де, еліміздегі білім жүйесі айтарлықтай жоғары дәрежеде болса, жастарымыз мұхит асып білім іздеп кетпес пе еді...

7.  7. Өзге елде білім алуыңызды ата - анаңыз қолдайды ма? Бұл сұраққа жастардың көпшілігі, яғни 81,33% - ы «иә» деп жауап берді. Алайда, баламыз шет елде оқып жатыр деген ата- аналардың барлығы дерлік балаларының сабақтан, жұмыстан тыс уақытта қайда жүр, достары кім екенін өздері де білмейді. Ең бастысы баласы шетелде жүр. Осы мақтаныш. Дұрыс мақтансын. Шетелге баруға екінің бірінің қолы жетпейді. Не мықты білім, не ата – ананың жақсы ақшасы керек. Ол екінің бірінде болушы ма еді? 

1.  8. Шет елде білім алғаннан кейін өз еліңізге маман болып келер ме едіңіз? Осы сұрақтан көңіл қуантарлықтай жауап ала алдым. Өйткені, жауап берген жастардың 92% - ы өз елінің патриоты екенін дәлелдеп «иә» деп жауап берді. Қазіргі таңда өзге елде білім алғаннан кейін, өз еліне оралатын азаматтар некен - саяқ. Себебі, көп жастар соңғы кездері оқу ғана емес, жақсы өмір мен шалқыған көңіл үшін шет елдерден жұмыс іздеп, шар тарапты кезіп жүр. Ал, сауалнамаға қатысып отырған жастардың еліне қайтқысы келетін себебі, бүгінде елімізде маман жетіспеушілігін ескере отырып, өз елінің дамуына тамшыдай болсын үлесін қосқысы келетін болар, бәлкім.

2.  9. Қазақстанға шет елден келіп оқитын студенттердің таңдауы дұрыс деп ойлайсыз ба? Бұл қойылған сұраққа 58 студент, яғни 77,33% - ы елімізде шетелдік студенттердің білім алуын құптаса, 22,67% - ы өз наразылығын білдірген. Егер жалпы статистикалық көрсеткішке көз жүгіртетін болсақ, тек Қарағанды облысындағы білім ошақтарында шамамен 2000 мыңнан астам студент білім алуда. Бұл студенттердің басым көпшілігі Үндістан, Пәкістан, Өзбекстан, Ауғанстаннан келіп оқиды екен. Яғни, бұл шетелдік студенттер үшін біздің елімізде жақсы жағдай жасалғандығын көрсетеді. Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта Қазақстанда 7 мыңға жуық шетелдік студент білім алуда.

3.  10. Шет елде білім алу мүмкіндігіңіз болса қай елді таңдар едіңіз? Бұл сұрақтың жауабынан байқағанымыз жастардың 52% - ы Жапония елінің білім жүйесіне өз қызығушылығын білдірсе, 29,33% - ы Сингапур елінде оқығысы келетіндігін көрсетті. Ал 18,67% - ы аспан асты елінде, яғни Қытай мемлекетінде білім алуды жөн санайды. Бұл нені білдіреді? Себебі, Жапонияда шетелдік студенттер үшін визалық тәртіп жеңілдетілген, тұрмыстық жағдай жақсартылған, жұмысқа орналастыру бағдарламалары қарастырылған. Жоғары оқу орындарында болашақ студенттерге қойылатын талаптар әртүрлі болуы мүмкін. Кей жерде жалпыұлттық бірыңғай тестті тапсыруды талап етсе, кей жерде оқуға түсу үшін арнайы сынақтан өту қажет болады. Шетелден келетін барлық студенттерге қойылатын міндетті талап – жапон тілі бойынша біліктілік емтиханын тапсырды деген сертификаттың болуы.

 Ал, Сингапурдың білім жүйесі әлемдегі ең тиімді жүйе болып саналады. Мұнда әлемдегі ондаған жетекші университеттер өз филиалдарын ашқан. Ел үкіметі білім саласын дамытуға қомақты қаржы қарастырады. Сингапурда оқудың артықшылықтары – ағылшын тілі, британдық білім жүйесі, оқытудың әлемдік стандарттары, заманауи экономикалық талаптар, қауіпсіздік және өмір сүрудің жоғары деңгейі.

Енді Қытай елінің білім беру жүйесіне тоқталатын болсақ, мұндағы университеттер техникалық және әкімшілік базаларын жабдықтау, зерттеулер жүргізіп, шетелден мамандар шақыру үшін үкіметтен қомақты көлемде қаражат алатын көрінеді. Ал, бұл елде ақылы оқу жылына екі мың доллардан аспайды. Бірақ бұл елде қытай тілін білмегендерге білім де, қызмет те жоқ. Яғни, бұл елдің университеттерінде қытай тілі мұғалімдерін дайындауға баса мән беріледі.

Қа   Қазақта  «Көш жүре түзеледі» деген сөз бар. Сондықтан үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп. Ендеше, бүгінгі күні күрделі тақырыпқа айналып отырған бұл мәселенің шешімін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бәріміз бірге қарастырайық. Сол үшін осындай сауалнама мен зерттеулер жүргізу арқылы жастардың осы мәселеге деген пікірін білген болатынмын. Айтпағым, елдегі білім жүйесін жақсарту үшін дипломын ақшаға сатып алған емес, нағыз білімді маман иелерін жұмысқа алайық. Ұстазы білімді болса, одан білімді ұрпақ шығары сөзсіз. Елімізде түбегейлі өзгерістер орын алып отырғанда келешек ұрпағымызды білімді етіп тәрбиелеу – қасиетті парызымыз. Олай болса, сөзімді тұңғыш Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сөзімен қорытындылағым келеді : « Мемлекетіміздің ең басты дүниесі тек қана табиғи байлық емес, сонымен қатар жасөспірім ұрпағы, өйткені олар – біздің ұлтымыздың болашақ айнасы».  Ұлттың болашағы біздің қолымызда болғандықтан, бүгінгі алып жатқан біліміңізге бей жай қарамаңыз!


Құрметті, оқырман, сіздің бұл мәселеге деген көзқарасыңыз қандай? Пікір білдіре кетіңіз.

                                                                           Темірғали Ақбота Санибекқызы

                                                                                                










Пікірлер(10)

Айнұр (2019-03-31 00:42:08)

Жарайсың, Ақбота! Өте жақсы жазылған, керемет!

Аружан (2019-03-31 00:50:46)

Маған ше елде оқыған ұнамайды, жай қыдырып тур жасағым келеді

Айдана (2019-03-31 00:51:49)

Айгерим (2019-03-31 02:00:00)

Оте жаксы жазылган макала. Кобиси буны елемеуи мумкин бирак оз болашагымыздын жаркын болуы ушин дурыс мамандык дурыс оку орнын тандай билуимиз керек. Шетелде оку мактаныш емес бастысы сенин ар жагында не бар? Ертенги куни оз кунинди озин корип елине пайданды тигизе алмасан оз елин тугил шетелде окысанда онын кок тиын куны жок.

Aidanaa (2019-03-31 02:00:00)

Жарайсызз! Орлей бериниз!керемет жазылыпты!

Диас (2019-03-31 02:00:00)

Оте керемет жазылган, сандик ке айналу рас сиякты сурак озиме койып кормеппин, шынымен оте кызык такырып

Аружан (2019-03-31 02:00:00)

Негізінен Қазақстандағы білім жеткіліксіз деп те айта алмаймыз.Мықты мықты профессор,ғалымдарымыз да бар.Алайда,шет елге қызығып жататынымыз шындық.Қолда бар алтынның қадірі жоқ дегендей.Мақала керемет жазылыпты.Өрлей беріңіз!!!!

Аружан (2019-03-31 02:00:00)

Негізінен Қазақстандағы білім жеткіліксіз деп те айта алмаймыз.Мықты мықты профессор,ғалымдарымыз да бар.Алайда,шет елге қызығып жататынымыз шындық.Қолда бар алтынның қадірі жоқ дегендей.Мақала керемет жазылыпты.Өрлей беріңіз!!!!

Қарақат (2019-03-31 02:00:00)

Өте керемет жазылған

Əміржан (2019-03-31 02:00:00)

Өте керемет!

Пікір қосу