Түркістан аумағындағы Күлтөбе қалашығы қалпына келтірілмек

26 Ақпан, 2019 179

Түркістан аумағындағы жалпы ауданы 27 гектар болатын алғашқы қалалық қоныстардың бірі Күлтөбе қалашығы қайта қалпына келтірілетін болады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысында министр Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz порталына сілтеме жасап Turkistan.kz 

«Жоспарға сәйкес Түркістан қаласының буферлік аймағының 88,7 гектарлық аумағында 18 негізгі аймақ толық реставрацияланып, қайта қалпына келтіріледі. Ең алдымен, жалпы ауданы 27 гектар болатын Түркістан аумағындағы алғашқы қалалық қоныстардың бірі - Күлтөбе қалашығы қайта қалпына келтірілетін болады. Онда Қожа Ахмет Ясауи дәуірінен қалған 50-ден астам ғимаратты салып, Әбілмәмбет хан қыстағының бастапқы түрін қалпына келтіру көзделген», - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министрдің айтуынша, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің (Қазандық, Гурхана, бас портал, Үлкен Ақ-Сарайдың ресми қабылдаулар залы) 11-12 ғасырдағы Хильветтің, Чилля хананың, 15 ғасырдағы ортағасырлық шығыс моншасының, Рабия Сұлтан Бегім, Есім хан кесенелерінің реконструкциясы жоспарланған.

«Көшпелі өмір салтын ұстану үшін Этноауыл ашылып, ыңғайлы болу үшін қоныс аумағы ландшафтты архитектурамен гүлденеді. Онда шеберлер орталықтары, ұлттық тағамдар көрмесі, кәдесыйлар ұсынылып, ұлттық ойындар өткізіледі. Келушілерге ыңғайлы болу үшін барлық аумақта жаяу жолдар, су бұрқақтар, саябақтар орналасады. 2023 жылға қарай Түркістанға келетін туристердің саны 5 млн аса адамды құрайтын болады. Олардың келу уақыты да 3 сағаттан 4-5 күнге дейін ұлғаяды», - дейді министр.


Пікірлер(0)

Пікір қосу