Асқар Мамин Түркістан облысының жаңа әкіміне бірқатар міндеттер жүктеді

26 Ақпан, 2019 238

Еліміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысының активіне жаңа әкімді таныстыра отырып, оған бірқатар міндеттерді жүктеді. Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарған Өмірзақ Шөкеевке жергілікті атқарушы органдар алдында жаңа қаланың жаңғыруын уақытылы қамтамасыз етуді тапсырды,  деп хабарлайды inform.kz - ке сілтеме жасап Turkistan.kz 

«Өмірзақ Шөкеев Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласының әкімі ретінде аталған өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан. Премьер-Министрдің Орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі кезінде өзін іскер, тәжірибелі басшы және жоғары деңгейдегі ұйымдастырушы ретінде көрсетті. Кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі әлеуметтік маңызды міндеттерді сапалы орындады.  Мемлекет басшысы тағайындаған жауапты қызметтерде Елбасы сенімін ақтады. Енді Өмірзақ Естайұлы Түркістан облысының әкімі ретінде Елбасы тапсырмаларын жоғары деңгейде орындайды деп сенеміз»,-деді Асқар Мамин. Үкімет басшысы, сондай-ақ, Түркістан қаласын бүкіл түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы ретінде өркендету және оны қарқынды дамыту, жұмыс орындарын ашу, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша жауапкершілік жүктейтін міндеттер алға қойылғанын атап өтті. Өз кезегінде Өмірзақ Шөкеев артылған сенімді ақтауға тырысатынын жеткізді. «Қадірменді түркістандықар! Мен үшін бүгін ерекше қуанышты күн. Елбасының Жарлығымен мен жаңадан құрылған Түркістан облысына әкім болып тағайындалдым. Елбасы кеше ғана Үкіметтің жаңа құрамына ауқымды міндеттер жүктеді. Оның ішінде барлық жердегі әкімдер, әртүрлі деңгейдегі үкімет мүшелері өз қызметіне жауапты қарауы тиістігін және жаңа бағдарламаларды іске асырып, жобаларды орындау ғана емес, сол жобаларды жүзеге асыруда барлық мән-жайды халыққа түсіндіру жағына да көп көңіл бөлу керектігін шегелеп айтты. Мен осы елдің тумасымын, осы жерде өніп-өстім. Бұдан басқа да бірқатар өңірлерде жауапты қызметтер атқардым. Араға он жыл салып, жаңа облыста өте жауапты қызмет атқаруға мүмкіндік бергені үшін Елбасына алғысым шексіз. Елбасы Түркістанды рухани жаңғырған Қазақстанның жаңа мүмкіндігі деп атады. Киелі қаланы түп-тарихымыздың символы екенін сөз етті. Менің ойымша, біз Елбасының Түркістанға артқан сенімін осында отырған қауыммен бірге ақтауымыз керек. Осы бағытта өздеріңізбен бірігіп, жұмылып қызмет істейміз, Асқар Ұзақпайұлы. Біз де Үкіметтің қолдауына сенеміз. Баршаңызға осы қызметте абырой, амандық, сәттілік және жақсылық тілеймін»,- деді Өмірзақ Шөкеев.

Пікірлер(0)

Пікір қосу