Балақаев атындағы республикалық ғылыми конференция өтті

08 Сәуір, 2019 504

    Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ — түрік университетінің ұйымдастыруымен қазақ ғылымы мен оқу ағарту ісіне еңбегі  сіңген ұлағатты ұстаз, ф.ғ.д., академик Мәулен Балақаевтың құрметіне «Балақаев оқулары VI: білім берудің жаңа сапасы — рухани жаңғырудың негізі» атты республикалық ғылыми — тәжірибелік конференциясы өтті.

    Конференция барысында Мәулен Балақаевтың келіні Садат Әбіләкімқызы  атасы жайында естелік айтып, филология факультетінің деканы Нұрсәулет Айтбаева «М.Балақаев және тіл мәдениеті мәселелері» жайлы баяндама жасады. Сонымен қатар, қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі Гүлімжан Қызметқызы «М.Балақаев пен Т.Сайрамбаевтың ғылыми әлемі» жайында тұшымды ойлар айтып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Конференцияға арнайы келген Мәулен Балақаев атындағы орта мектептің ұстаздары да белсенді ат салысты. Жиналған көпшілікке университеттің өнерлі өрендері жырдан шашу шашып, ғылымға ынтық болып жүрген студент - жастар өздерінің баяндамаларымен таныстырды.


    «Жаңартылған білім мазмұны - Рухани жаңғыруға қадам» атты баяндама жасаған Шорабекова Жансая көпшіліктің көкейінде жүрген біраз сұрақтардың жауабын бергендей болды. Әсіресе, ұстаздық мамандығын таңдаған студенттер үшін үлкен тәжірибе болды. Сонымен қатар, университеттің оқытушылары  5 сынып оқитын Кемелбек Азаматтың талпынысына риза болып, оң бағасын берді. Осы ғылыми конференцияның «ең жас баяндамашасы» деп Нұрсәулет Айтбаева салтанатты түрде «Алғыс хат» табыстап,  болашағынан зор үміт күтетінін айтты. 


    Өзі өмірден озғанымен оның ғұмыр бойы зерделеген тынымсыз еңбектерінің нәтижесі мен мол рухани мұрасы, ғалымдық ғұмырының ғибраты қалды. Конференцияға қатысқан барлық қатысушылардың ғылыми баяндамалары жинаққа енгізілді. Ұстаз, тұлға, ғалым жолын жалғау — кейінгі ұрпаққа аманат.

Рысгүл Досжанова

Пікірлер(0)

Пікір қосу