Бүгінгінің Шапыраштылары қайда?

09 Сәуір, 2019 330

Біздің қазақ тарихында ел қорғаған батырлар, қара қылды қақ жарып әділ төрелігін айтар билер көп болған. Оның бәрі де тегін емес. Тіпті, «бесік құда» жасасып, бір – бірімен құдаласқан жандардың да өзіндік таңдаулары болған. Бұлай деуімнің бір себебі, тектіден қыз алыстық деп марқайып отыратын қазекемнің қырағылығы. Батыр туған аналар да батыр болған ба дейсің. Тәрбие құрсақтан басталатыны сол болса керек, батыр туатын аналардың өзі жолбарыстың жүрегі мен бауырына жерік болған. Заманына қарай адамы десек те, бұл біздің тарих. Сол тарихтың бірі де бірегейі атақты  Бәйдібек бидің бесік құда болудағы аңғарымпаздығы мен таңдауы. Өзі қандай адам болса, ұрпағының да солай  жалғасуы. Сіздерге әңгімелеп берейін:

 «Бірде Бәйдібек би жанына сенімді серіктерін ертіп, сайланып шығып саят құрады. Аң – құсы жыртылып – айрылатын қалың жынысты кешіп келе жатса , гүр – р еткен жолбарыс дауысы естіледі. Бес қаруын сайланып шыққан жігіттер дереу тақым қағып, із кессе, уыздай байталды жығып, етін еңсере жеп жатқан жолбарысты көреді. Жас етке сылқия тойған жолбарысты аңшы жігіттер қаумалап жүріп соғып алады да, «үйіріңмен үш тоғыз» деп Бәйдібек бидің алдына көлденең тартады. Түз шерісіне Бәйдібек бидің де көңілі толып, жетектегі атқа өңгереді. Аңшылықтың дәстүрі бойынша, аң патшасын соққан соң, әрі қарай аң аулауды тоқтатып, ауылға бет түзейді.

Бәйдібек бастаған топ сарыала жолбарысты салақтатып, бір ауылдың тұсынан өтеді. Сол кезде бұлардың соңына жаулығы желбіреген бір әйел ілеседі. Өкшелеп қалмай келе жатқан әйелді байқаған Бәйдібек тізгін тартып жөн сұрайды. Сонда әлгі әйел: «Мырзалар, айып болмаса, мына жолбарысың бауыры мен жүрегін беріп кетсеңіздер», - дейді. Бәйдібек сөзге келместен әйелдің тілегін қабыл алып, жігіттеріне жолбарыстың жүрегі мен бауырын алдыртып бергізеді. Әйел алғысын айтып, кері қайтады.

         Бәйдібек би жігіттері арқылы ақпар білдіртсе, әлгі әйел Қоңырат ішіндегі Қызылби атанған Мелдебидің Тәуіркөз деген бәйбішесі екен. Жолбарыстың бауыры мен жүрегін жеп, жерігін басқан екен. Көп кешікпей, Қызылбидің бәйбішесі қыз тауып, есімін Жұпар қояды. Бала қырқынан шығып, бесікке салынған кезде Бәйдібек жөн жоралғысымен, сән – салтанатымен Қызылбидің үйіне келіп, бесік қүда болғысы келетінін айтады. Бәйдібек өзінің сұлу Зеріп атанған екінші әйелінен туған Жалмағамбет дейтін баласына Жұпар қызды қалап, Құдай қосқан қосағы болғысы келетінін айтады.

         Сонда, Қызылби ойланып: «Бәйдібек, бұл ниетіңнің қандай себебі, нендей негізі бар?» - деп сұрапты. Бәйдібек: «Себебі де, негізі де біреу – ақ. Тәуіркөз бәйбішенің жерігін өзім қандырып, ырым көріп келдім» - депті. Сонда, Қызылби: «Е-е, баламның тіні менікі болғанмен, ділі сенікі екен ғой» , -деп оң шырай танытқан екен.

         Араға жылдар салып, Бәйдібек ауылына келін боп түскен Жұпар қазақтың жанама ат қоятын дәстүрімен Мапырашты атаныпты дейді.

         Кешікпей, Мапырашты жүкті болып, арыстай бір ұл табады. Ауылдың дуалы ауыз бір қарты нағашы әжесінің жолбарыс жүрегіне жерік болғанын ырым көріп, баланың есімі анасы Мапыраштыға ұйқастырып, Шапырашты деп қояды. Сөйткен Шапырашты ержүрек, батыр болып даңқы шығады»

         Біз осындай текті, ырымшыл халық болғанбыз. Ғасырлар қойнауында қалып кеткен осы бір оқиғалардың үзігі бүгін неге үзіліп отыр? Кінәрат кімде? Бәйдібектей билеріміздің болмауы ма, жоқ әлде батыр туар аналардың аздығы ма?


Рысгүл Досжанова

Пікірлер(0)

Пікір қосу