Президент Тараздағы жарылыс туралы: Газбен кім шұғылдануы керек, премьер-министр ме?

28 Ақпан, 2019 190

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Таразда тұрғын үйдегі жарылыс салдарынан көз жұмғандардың отбасына көңіл айтты. Өз сөзінде президент газды пайдаланған кезде сақтық танытуы керектігін ескертті.

Бұл туралы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап Turkistan.kz хабарлайды.

Елбасы «Нұр Отан» партиясының съезінде Тараздағы тұрғын үйде болған жарылыс туралы айтты. Ол таңертең оқыс оқиға туралы хабар алғанын айтып, үкімет мүшелерінің оқиға орнында жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

«Бүгін таңертең Тараздағы тұрғын үйде газ жарылғаны туралы хабар алдым. Отбасыларына көңіл айтамын. Оқиға орнында үкімет мүшелері жұмыс істеп жатыр. Олар тиісті көмекті көрсетеді», – дейді президент.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға газды пайдаланған кезде сақтық таныту керектігін ескертті. Бұл орайда елімізде күнде түрлі жағдай болып жатқанын атап өтіп, жауапкершіліктің жергілікті атқарушы билікке жүктелетінін атап өтті.

«Еліміз үлкен. Күн сайын бірдеңе болып жатады. Онымен (газбен – ред.) кім шұғылдануы керек? Премьер-министр ме? Жауапкершілік жергілікті атқарушы билікте. Сондай-ақ отбасылардың өзі де жауап беруі қажет. Газды пайдалану кезінде сақ болған жөн», – дейді Назарбаев.

Еске сала кетсек, 27 ақпанда таңертең Таразда көпқабатты үй жарылып, қайғылы апат орын алған болатын.

Пікірлер(0)

Пікір қосу