Бүгін Қаныш Сәтбаевтың туған күні

12 Сәуір, 2019 216

 ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫШЫ ЖАЙЛЫ 15 ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕК
 
Қаныш Сәтбаев алуан түрлі тастары бар тауларды, дархан даланы жақсы көрген. Ол кішкентайынан тау-тастардан, қыраттардан әр түрлі түске боялған тастарды жинаған
 
Қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан, Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің негізін қалаған, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырушылардың бірі әрі тұңғыш президенті, академик Қаныш Имантайұлының өмірі мен ғалым жайлы тың деректер оқырманды қызықтырары анық. Осы орайда оқырмандар назарына ғұлама ғалымның өмірдерегінен қызықты деректер ұсынылады.

1. Ғұлама ғалымның шын есімі – Ғабдулғани. Арабшадан аударғанда «шексіз байлық иесі, ешкімге мұқтажсыз Алланың құлы» деген мағынаны береді. «Ғани», «Ғаныш» еркелете келе «Қанышқа» айналған.

2. Академик Қаныш Сәтбаевтың ең ірі жобасы «Ертіс-Қарағанды» каналы. Сәтбаев 1958-1959 жылдары өзі кәміл сенген істі, Ертіс суын Сарыарқа жонына көтеру жобасын екінші мәрте қозғап, кешенді істің Кеңес үкіметінің жетіжылдық жоспарына енуіне мұрындық болған. Бірақ жобаның құрылысы 1961 жылы басталып, 1967 жылғы желтоқсан айында бірінші кезегі аяқталып, Ертіс суы Екібастұзды жанамалай, 475 метр өрдегі Қарағанды мен Теміртау қалаларына жетті. Содан беріде Орталық Қазақстан алқабы иен суға шаш-етектен кенелді. Осы жұмыстың басында жанқиярлық еңбегін сарп еткен қазақтың Қанышы болатын.
 
3. Қаныш Сәтбаев өнердің сан-саласында озық болған. Музыка тыңдағанды ұнатқан. Биді қадірлейтін. Археолог ғалым Ә. Марғұланның айтуынша, Қаныш Сәтбаев полька, мазурка, вальс билерін билеуге қызыққан.

4. Қаныш Имантайұлы алғашқы қазақ мектептеріне арналып ана тілінде жазылған «Алгебра» оқулығының авторы. Алғашқы ғылыми еңбегіне жататын оқулық қолжазбасының көлемі – 1642 беттен тұрған.

5. 1947 жылғы наурызда Қаныш Сәтбаев КСРО Жоғарғы Советінің делегациясы құрамында Анлгияға барған. Сапар барысында қазақ ғалымын алғаш көрген Ұлыбританияның әйгілі саясаткері Уинстон Черчилль зор денелі Қаныш ағаға тесірейе қарап: «Қазақтардың бәрі сіздей алып па?» – деп сұраса керек. Сонда Қанеке: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын. Халқым менен де биік», – деп жауап беріпті.
 
6. Әйгілі Жыржыс қажы 1919 жылы қажылық сапарға аттанады. Қасиетті сапарында бабалар рухына тағзым етіп, Мекке-Медина қалаларында болады. Қажылық сапарында атақты Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантаймен кездеседі. Кейін Қаныштың әкесі Имантай Жыржыстың мешіт үйінде болып, сонда қайтыс болған.

7. Қаныш Сәтбаев қазақ археологиясының бәйтерегі, ғалым Ә. Марғұланды қуғын-сүргін азабынан құтқарып, Алматыдағы КСРО Ғылым Академиясының филиалына жұмысқа алады. Сондай-ақ Сәтпаев оған археологиямен айналысуға кеңес береді.

8. Ғұлама ғалым, академик Қаныш әкесі Имантайдың кіші жарынан туған. Бәйбішесі Нұрым Тасболатқызымен ширек ғасырға жуық тату-тәтті отасқанымен, орталарында бала болмапты. Нұрым бір қыз туған екен, оның өзі де жастай шетінеп кетіпті. Бір қызығы, Имантайдың бәйбішесі күйеуінің төсек жаңғыртуына қарсы болмай, кіші жарды өзі таңдап берген. Бәйбішенің таңдауы отыздан асқан Әлимаға түскен. Әлима – әйгілі Мұса Шорман әулетінің келіні болған, жасынан жесір қалған.

9. Қазақтың тау тұлғалы алыптары Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов дос болған. Ұлы жазушы мен ұлық ғалым Семейдегі семинарияда бірге оқыған. Қаныш Имантайұлының көзін көрген Сіләмхан ақсақалдың айтуына қарағанда, екеуі бір жатақханада, бір пәтерде тұрған. Жастайынан бір-бірін тап басып таныған қос таланттың арасындағы адал достық соңғы сәтке дейін жалғасын тапқан.

10. Қаныш Сәтбаев алуан түрлі тастары бар тауларды, дархан даланы жақсы көрген. Ол кішкентайынан тау-тастардан, қыраттардан әр түрлі түске боялған тастарды жинаған.
 
11. Қаныш айтқан екен: «Қазақстандағы ғылым дұрыс жолмен дамуы үшін оның штабында – ғылым академиясында халқының, өз Отанының мүдделеріне бар жан-тәнімен берілген адамдар қызмет етуі керек».

12. Қаныш Имантайұлы домбыра мен гитарада тамаша ойнаған. Қазақ және украин әндерін орындауды ұнатқан. Қаныш Сәтбаевтың орындауындағы әуендерді тұңғыш рет тыңдаған белгілі музыка танушы-фольклорист Александр Затаевич Қаныштың орындауындағы 25 қазақ әнін жазып алған.

13. Мәскеудің тапсырмасы бойынша Қазақстанның жерасты қазба байлығының картасын жасаған кезде Қаныш Сәтбаев төрт-бес ірі кенішті картаға кіргізбейді. «Бұл қалай?» деген орыс ғалымдарына: «Ондағы рудалар өте тереңде. Қаржыны да, теxниканы да көп қажет етеді. Сондықтан бұл жерді картаға кіргізуге әлі ерте», – дейді. Ал өзімен сырлас, сыртқа сыр шашпайтын достары Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланға: «Әдейі жасырып алып қалдым. Кейінгі ұрпаққа да байлық керек шығар!» – деген.

14. Ұлыбританияның премьер-министрі Антони Иден: «Кеңес Одағында Қаныш Сәтбаев сынды әлемдік тұлғаның туғандығы – ғажап құбылыс» деген.

15. Қаныш Сәтбаев жастайынан этнографияға қызыққан. Бала кезінен әртүрлі жер-су атауы туралы аңыз әңгімелерді тыңдап өседі. Ер жеткен соң геология ғылымы саласына қатысты зерттеу жұмыстарымен айналысады. Дегенмен өзінің топонимикаға деген қызығушылығын да жоғалтқан емес. Кейіннен мұның оған орасан зор пайдасы тиеді.

Әзірлеген Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ
Вк "Бөрілі Байрақ"-тобынан

Пікірлер(0)

Пікір қосу