Ақселеу СЕЙДІМБЕК: Жас ғалымдарға тілерім

12 Сәуір, 2019 289

Ғылым жолына түскісі келетін жастар саны жыл сайын көбеюде. Соны назарда ұстаған Turkistan.kz  ақпараттық – танымдық порталы жас ғалымдарға Ақселеу Сейдімбек ағамыздың И.В.Павловтан 1983 жылы «Ғылым үшін адамның бар ғұмыры қажет» атты аудармасын ұсынуды жөн көрдік.  Ғылым жолындағы жолдарыңыз ашық, еңбектеріңіз жемісті болғай!

«Өз өмірін ғылымға арнаған, Отанымыздың жастарына мен не тілер едім?

Ең алдымен тілерім – дәйектілік. Нәтижелі ғылыми жұмыстың осынау өзекті шарты туралы мен толқымай сөз қозғай алмаймын. Дәйектілік, дәйектілік, тағы да дәйектілік!

Еңбегіңнің алғашқы қадамынан бастап – ақ бойыңызға білім қорын жинақтауда өзіңізді дәйектілікке үйрете біліңіз.

Ғылымның шыңына ұмтылмас бұрын оған бастар жолды бажайлап алыңыз.

ЕШҚАШАН БАСТАҒАН ІСТІ ТАСТАЙ БЕРІП, КЕЛЕСІ ІСКЕ ҚОЛ СОЗБАУ КЕРЕК.

Ешқашан біліміңдегі олқылықты жасырып – жабудың қажеті жоқ. Керек десеңіз, ең бір батыл болжам, батыр шешімнің өзін көлегейлемеңіз.

Өзіңізді ҰСТАМДЫЛЫҚ ПЕН ШЫДАМҒА баули біліңіз. Ғылымның қара жұмысын атқаруды үйреніңіз, зерттеңіз, салыстырыңыз, деректерді жинаңыз.

Құстың қанаты қаншалықты мінсіз болса да, ауаны қармамаса аспанға көтеріле алмас еді. Ғылым үшін дерек – ауа сияқты. Онсыз ол ешқашан қалықтап ұша алмайды.  Алайда, зерттей жүріп, сынай жүріп, аңғара жүріп, құрғақ деректі қызықтап кетуге де  болмайды. деректердің қоймасына айналудың қажеті жоқ. Сол деректердің құпиясына үңіле біліңіз.

Екінші тілерім – қарапайымдылық. Ешқашанда бәрін білем деп ойлай көрмеңіз. Сізді қаншалықты дәріптегенімен, өзіңізге өзіңіз: «мен әлі білімсізбін» дейтіндей қуат таба біліңіз.

Меңмеңдікке бойыңызды билете көрмеңіз. Ондай індетке шалдықтым дегенше – ақ келісу қажет болған жерде кекірейіп қаласыз да, оның кесірінен пайдалы кеңес пен достық көмектен бас тартып, шынайылықтан шеттелесіз.

Үшінші тілерім – құлшыныс. Естеріңізде болсын, ғылым үшін адамның бар ғұмыры қажет. Егер сіздің екі ғұмырыңыз болса,  оның өзі аздық етер еді. Ғылым адамның үлкен қуаты мен ұлы құлшынысын қажет етеді.

Өздеріңіздің еңбектеріңіз бен ізденістеріңізде құлшыныстан таңбаңыздар!

Біздегі жас ғалымдардың жағдайы туралы не айтуға болады? Бұл орайда бәрі де түсінікті – ау деп ойлаймын. Жастарға тиер енші қанша мол болса, қойылар талап та сонша зор. Бәріміз сияқты, жастардың алдында да бір ғана артық іс тұр, ол – ғылымның иығына артқан Отанымыздың ауыр жүгін сенімнен шығатындай болып көтерісу.»


Дайындаған: Рысгүл Досжанова

Пікірлер(0)

Пікір қосу