Құлағының тесігі, кеудесінің есігі бар жан іздеймін...

14 Сәуір, 2019 322

Қазақ тарихы мен шежіресіне қатысты қалам тартқан қаншама шетелдік зерттеушілердің ой - пікірін оқып отырып, бүгінгі асығыс заманда, халқымыздың басым бөлігі өз ана тілінде сөйлемей я қойырпақтап сөйлейтін жастардың көптігін көріп «апырай, бізге не болды екен?!» - дегеннен басқаға шамам келмей қалады. Мәселен, Парсы тарихшысы Рашид -ад –дин:

«Түркі – моңғолдардың көнеден жеткен салт – дәстүрі бойынша, олар өздерінің ата – тегін, ру шежіресін есте сақтауға айрықша мән беріп отырады. Олар... балаларына өзге жұрт сияқты тәрбие беру үшін тілі шығысымен – ақ құлағына ру туралы, ру шежіресі туралы аңыз әңгімелерді құя береді. Бұл дәстүрден олар бұрын да, қазір де ауытқыған емес», - деп жазады. Қазір де ауытқыған емес деу бізге қиын. Неге? Себебі, руымен мақтанбақ түгілі ұлтымен мақтанатын ұл – қыздардың саны азайып бара жатыр.

В.В.Радлов болса:

«Мен қазақ арасында көп болдым және мына жағдайға көзім анық жетті. Оларда анархия жоқ, тек бізден өзгеше өзіндік даралық бар», - дейді. Түсінесіз бе, БІЗДЕН өзгеше деп тұр. Ендеше, неге біз өзіміздің қалпымызды сақтауға емес, еліктеуге құмармыз? Тағы бір орыс этнографы А.Н.Харузин: «Дала шетсіз, шексіз, онда жердің қатаң үлеске бөлінген шек – шекарасы жоқ, даланың осы болмысының өзі – ақ төсіндегі тұрғындарын белгілі дәрежеде бір жанұя мүшесіне айналдырып жіберетін біріктіруші элемент болып табылады»,- деген екен. Біздің есімімізді аспандатып шығарған осы қонақжайлығымыз бен бауырмалдығымыз болатын. Ал, қазіргі қоғамда болып жатқан түрлі сұмдықтың барлығы біздің қаталдығымыздан болып жатыр. Біз сол бір мейірімді сезімді қай жерде қалдырдық? Танымайтын адамға да құшақ ашып бауырмалдық танытатын, барын беріп, қолтығынан сүйейтін қасиетімізді жоғалтып барамыз. Европаға еліктейміз деп барымыздан айырылудың нақ алдында тұрмыз. Енді бір отыз жылдан кейін біз туралы не деп жазады ғалымдар? Радлов сияқты бізден өзгеше даралығы бар деп жазатын бізде қасиет қалар ма екен?!

Мәшһүр Жүсіп Көпеев «естігенін ұмытпайтын, құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуымен кеудесі хат, естігені, көргені жад болған қариялар кейінгіге ауыздан – ауызға алып айтуымен үлгі – өсиет қалдырған» қазақты өркениетке жетелеген жандар жайлы осылай анықтама береді. Ал, біздің жастардың, өсіп келе жатқан ұрпақтың құлақ тесігін құлаққап бітеп, кеудесінің есігін ғаламтор жауып жатыр. Қайтпек керек?


Рысгүл Досжанова

Пікірлер(0)

Пікір қосу