ҒАШЫҚТАР КҮНІ: Алты ақын - алты өлең

15 Сәуір, 2019 387

"Махаббатсыз дүние бос"

 Абай Құнанбайұлы


Бүгін елімізде – ұлттық ғашықтар күні. Махаббат мейрамы! Осыған орай  Turkistan.kz ақпараттық порталы барша ғашық жандарды "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу" күнімен құттықтай отырып, мәңгілік махаббат жырларын ұсынады.

Ғашықтар күні құтты болсын! Махаббаттарыңызға адалдық пен биіктік нәсіп етсін. Бір-бірлеріңізге деген ғашықтықтарыңызды  мәңгілік, сүйіспеншіліктеріңізді шексіз еткей!


***

АЛМАТЫ. ЖАУЫН. 


Алматы.

жауын, алалап жауды,

Жағалап жауды Үшқоңыр жақты,

Соғар ма біздің Жағажәйлауды?

Есіме түсті, түскені батты!


Аспан гүркірі- тастар гүркірі,

Жаңғыртып жатыр Алатауымды.

Бұл күнде өтер бастан бір күні

Деймін мен, білмей аласаруды.

 

Жаңбырдың исі сені еске салды,

елестеп алды тағы мұң...

Жауынға сенде, со кеште тағы,

Малшындың ба екен, жарығым?!


Жоғалған елес – ескі ноқаттан,

Хабар келмейді ентігін басқан.

Адасып кеткен кемпірқосақтан,

Хабар алмайды мен түгіл аспан.


Алматы.

жауын, алалап жауды,

Жағалап жауды сен жүрген жақты.

Алатауымды сағалап жауды,

Паналап жауды ел жүрген жақты...


Мұңлы сол күймен ұзақ қарадым,

Қатқыл аспанның қабағын бағып.

Сен кеттің енді, ұзақ қаламын,

Хаттар да келмес хабарыңды алып.


Хаттар да келмес, аман жүр, Күнім,

Мен бәрі- бәрін кешіре аламын.

Біз жаққа жаңбыр көп жауған күні,

Мен сені, Қалқам, есіме аламын!


Алматы.

жаңбыр, жауып басылды,

Сәттермен бұндай таныс ем.

Соноооооу алыста жайып шашыңды,

Малшынып тұрсың әлі сен...

Қайта ғой, Күнім!


Арқалық ӘМӘЛИЯТҰЛЫ




***


Сәуір.

Бал сәт.

Өмірді аңсап жарылған шақ қауыз таң...

Қарлығашым, көңілді ән сап көкте қанат қағысқан.

Мен  өзіңмен көктем-елін іздеп келіп алыстан,

Қош аңқыған көктеменің ақ таңында қауышқам.

 

Содан бері көңіл отын бір өшіріп, бір жақтың,

Бірақ, жаным, бұйырары анық бізге бір бақтың.

Батыл сеніп тұрақтадым жүрегіңе дастан боп -

Жүрегіңде жатыр сенің жаратқанға бастар жол...

 

Иіскеші бір көкірегіме сіңіп қалған бақ иісін,

Қош көктемнің ұмыт болған жұпар иісін танисың.

Жұмақ-Тамұқ – қос бөктердің арасында адассам,

Аппақ арым сияқтанып алаулайтын Ақ үйсің.

 

Әр кірпігің ақжалын нұр, шыдай алмас Мен Шері.

Жан-жарым, бұл жан шіркінің – құдіреттің ең шегі.

Жанымызды айырбастап алайықшы, аяулым,

Түсінші енді, Тәңірден де қызғанамын мен сені...


Еламан ТӨЛЕУТАЙ





***


Ертек қыз-ай, құдіретті ертек қыз, 

‎Бәрі-бәрін жібердік қой өртеп біз. 

‎Ай жоғалған біз ойлана қарайтын, 

‎Үркер ауған тек бақытқа балайтын. 


‎Ұмыттың ба, жиі жүрер жолдарды, 

‎Ыстық-ыстық жылуларын қолдардың...

‎Тал бойыңа құп жарасар ақ көйлек, 

‎Ойлаушы едім мен ғана ұғар бақ қой деп.


‎Қурап кетті қыдыратын бақтарда, 

‎Сезім иісі аңқымайды хаттардан. 

‎Әсем әнін айтпай кетті құстарың, 

‎Қалай жетті тыңдамауға ұстамың. 

 

‎Бізді күткен ақжарма күн, сапарлар,

Қош бол, қош бол, ақ дұғаңды жасаңдар. 

‎Ештеңе жоқ..

‎Мен сүйетін іңірмен, 

‎Батып кетті қанаттары дірілдеп.


‎Ертек қыз-ау,

білемісің не қалды,

‎Жырлар, сөздер кімге аманат обалды. 

‎Неге сүйдік Түркістанның жаңбырын?!

‎Соған ұқсап қалды менің тағдырым. 


Нөсерлетіп құйып өтсем мамырда, 

‎Қайсама, әй, қайтспас қабырғаң.

‎Мен жаңбыр боп жылап-жылап алайын,  

Содан кейін сен қызықта арайын. 



‎Ертек қыз-ай, тас кеудемді еріткен, 

‎Кемпірқосақ болып қалдың...

‎Неліктен?!..


Ғылымнұр КӘДІРБАЙҰЛЫ



***

СОҢҒЫ ҮМІТ


Қалқатайдың елесі тұр тоңдырып,

Жанарына қимастықты қондырып.

Жан қалтамда сақтаулы жүр соңғы хат,

Мені сенен алыстатты соңғы үміт.

 

Күңіреу түн, шым-шытырық күмәнді ой,

Сүю деген сүйгеніңе ұнау ғой.

Қиялымыз құс жолында адасып,

Жұлдыздармен бал аштырған Құдай ғой.

 

Қиялымыз құс жолында адасып,

Ертеңіме жұлдыздармен бал ашып,

Көз жасымнан көрем мүмкін өзіңді,

Қарай-қарай талған кезде қарашық.

 

Көз жасымнан көрем мүмкін өзіңді,

Жұлдыздардан тамған нұрлы сезімді .

Жанарыңа кеттім солай кигізіп,

Ең бақытты ең бақытсыз кезімді.

 

Қалқатай-ау,  жүрегіңде жанған от,

Күңіренбе менсіз атқан таңға көп.

Сағыншым қаламымның ұшында,

Ақ параққа қонады ылғи таңба боп.


Қайсар БАУЫРЖАНҰЛЫ




***


Алматыда Алатау бар тым асқақ,

Асқақтыққа керегі жоқ ерсі ойдың.

Хан шаһардың биіктігін құлаштап,

Алатаумен өлшеймін.

 

Алматыда ақындар бар, ақындар,

Олар жайлы ойлай бермес көп халық.

Көктөбеде шырқайды кеп ақырғы ән,

Сол Алматы, сол өзенін еске алып.

 

Алматыда арулар бар түсінер,

Мұңыңды оқып жанарыңнан жосылған.

Ару қала есіңе елтіп түсірер,

Музалар бар сосын да...

 

Музалар бар жаңа өмірге көндігіп,

Мен өкінбен, кетседе олар қос тігіп.

Жүрегіме рұқсатсыз орнығып,

Рұқсатсыз кете барған көп сұлу.

 

Муза, муза... Көңіліме құм сепкен,

Сағыныстық, ұғынғанмын кеш мұны.

Естіледі бір қалада жүрсекте,

Кездеспеген сол бір қыздың өксігі.

 

Бейуақта күнмен бірге арайлы,

Қарсы айырып мына өмірдің парағын.

Тағдырына селқос қана қарайды,

Көкжиектен алмай үнсіз жанарын,

Алматыда не жоқ дейсің, қарағым…


Тілеубек БАТЫС




***



Қызғалдақ-Қыз ғұмырындай ерке күн, 
Күнəмді да жамыласың көрпе ғып.
Көктем келді, ал мен жүрмін шарасыз, 
Шайырлардың көзесінде сеңделіп.

Өлім жайлы келе берді еске сұм, 
Құбылаға бұра берді құс көшін.
Өмір жайлы ойлай қалсам дем тартып, 
Қызғалдақ-Қыз естесің.

Мен ымыртқа сіңіп кеттім сыр ашып, 
Сен іңірде оқылатын дұғасын.
Көне Тараз төркіншілдеп қызғанған, 
Қызғалдақ-Қыз шығарсың?! 

Дінсіз ойлар дүниеде бөтен кіл, 
Тəңір мұңсыз мекен бұл.
Қызғалдақтар құрбанына айналған, 
Қызып алған əкем жүр.

Жарықтық-ай күнə артады сөз неге?!
Сол қыз болар сезімімді сезбеген.
Тағдыр, тағдыр жөн сұрашы кезбеден, 
Көктемімді көре алмай жүр көз неге?! 

Қазығұрттан Нұхты іздейді қайран ұл, 
Қаратауда батырады ойға ауыр.
Қара Ертісім құшағына жасырған,
Қызғалдақ-Қыз қайда жүр?! 

Қиялдауды біле бермес жер тегі, 
Қара түнді құшақтадым ертелі. 
Ай көрінсе бетін басып жылайды, 
Сен ұнатқан еркілік. 

Хат парақтап алданғандай тылсыммен, 
Қызғанышқа тəу етеді құр сүлдем.  
Қызғалдақ-Қыз біз құшатын жұлдызға, 
Сағынышпен қарап қана жүрсің бе?..


Мейір ОРАЗҒАЛИЕВ




Пікірлер(0)

Пікір қосу