Қазақ тарихындағы әйелдер. Ұмай ана

16 Сәуір, 2019 244

Әйел – ана. Әйел – ару. Әйел – мейірім.  Ананың қоғамда, отбасында алатын орны, атқарар рөлі ұшан-теңіз. Қазақ аналары – ақылшы, үйдің береке-ырысы ғана емес, ол ел мен елді елдестіруші, араздықты бітістіруші, дәнекерлеуші, ол іскер, қаһарман. Халқымыздың болмысындағы, дүниетанымындағы бар игі қасиеттерді тілін, ділін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық дәстүрін баласынан немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дарытушы, дамытушы әйел ана деп санаған. Turkistan.kz ақпараттық порталы арнайы оқырман қауым үшін қазақ тарихнамасындағы аты аңызға айналған әйелдер жайлы мәлімет ұсынады.


ҰМАЙ АНА

Аты аңызға айналған аналар есімінің алдыңғы қатарын Ұмай ана есімі толықтырады. Қазақ тарихындағы әулие деп саналған алғашқы әйел адам болғандықтан, оның есімінің «Жүз тұңғыш» жинағына енуі заңды. Жинақта «Қазақтың ежелгі тарихында әулие атанған тұңғыш әйел. Қазақ әйелдерінің сыйынатын тұңғыш енесі»,-деп көрсете  отырып, Ұмай ана жайлы неғұрлым толық мәліметті қамтуға тырысқан.


Ұмай ана кім?

Ұмай ана біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда өмір сүрген, Арғын Аспар есімді кісінің қызы екен. Ол туралы мәліметтер бір ізді емес. Бір деректе он үш бала көтерген десе, енді біреулері Ұмай ананы алған кезде Елсаудың жасы 70-тен асып кеткен дейді.

Көне түркі мифологиясы бойынша, ол – ұрпақ жалғастығын жебейтін періште. Ертеде қазақтар қыздарын ұзатқанда, неке қиғызу рәсімінде, сондай-ақ әйелдер босанғанда Ұмай анаға жалбарынып, одан медет тілегені мәлім. «Ұмай» деген сөз ежелгі түркі тілінде «баланың ізі», «бала орны», «ана жатыры» деген мағынаны білдіреді екен. Ұмай құдай-әйел бейнесі түркі тілдес халықтардың көпшілігінің этнографиясында кездеседі. Әр халық Ұмай ана бейнесін әр түрлі қабылдаған. Біреулері Ұмай-ана бейнесінің нышаны ретінде садақты оғымен баланың бесігінің тұсына ілсе, енді біреулері оны сұлу жас әйел бейнесінде қабылдаған. Ал қазақ халқы басқа көптеген түркі тектес халықтар тәрізді Ұмай ана босану кезінде әйел адамға көмектесіп, сәбиді түрлі пәлелерден қорғайды деп біледі. Ұзақ уақыт бала көтермеген немесе сәбилері шетінеп кеткен әйелдер Ұмай анаға сыйынған. Аспанда Тәңірі, жерде Ұмай ана деп табынады қазақтар.


Ұмай ана өмірде болған ба?

Ұмай есімі Моңғолиядағы Тоныкөк пен Күлтегінге арналған көне түркі жазба нұсқаларында кездеседі екен. 2012 жылы Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының ғылыми қызметкері Алексей Рогожинский бастаған археологиялық-этнографиялық ғылыми экспедициясының жария еткен жаңалығы бойынша, Алматы облысы Жамбыл ауданынан Ұмай ананың тасқа қашалған мүсіні табылған. Тас мүсін біздің дәуірімізге дейінгі 7-8 ғасырларда қашалған көрінеді. Экспедиция мүшелерінің жазбаларына қарағанда, бұған дейін де Ұмай ананың бейнесі көне түркілер мекенінен бес рет табылыпты. Ұмай атының қастерленгені сонша, оған Ұмай бек, Қатун-чор атақтары берілген. Иоллығ-тегін жазған Күлтегін мәтінінде «Ұмай текті анам қатынның құтына (бағына) інім Күлтегін ер атанды», Тоныкөк ескерткішінде «Тәңірі, Ұмай, киелі Жер-су ықыласын берген екен»,-дейді.

Бұл тарихи шығармаларда Ұмай ананы өмірде болған тарихи адам ретінде санайды. Бексұлтан Нұржекеұлы да осындай түйін жасаған: «Ұмай ене әлдебір аспандағы аңыз бейне емес, нақты тарихи тұлға екендігін, жай әйел емес, қасиетті, ел-жұрттың басын біріктірген әулие ене екендігін біле жүргеніміз, аруағы алдында басымызды ие жүргеніміз – тәрбие».


Дайындаған: Самал Құрманбай


Пікірлер(0)

Пікір қосу