Ақселеу СЕЙДІМБЕК: "Тау барысының ұрпақтарындағы" өмірлік дерек өтірікке құрылған

18 Сәуір, 2019 336

Қырғыз режиссері Төлеміш Өкеев қойған «Тау барысының ұрпақтары» деген фильмін көрдім. Көрдім де пұшайман болдым.

Оқиға ширақтығы, көріністер әсерлілігі, актерлерін дегеніне көндіруі, операторлық шалымдылық. Бұлары дұрыс. Алайда кино өнері үшін керегі осы ғана ма?

Фильм тарихи-этнографиялық шындықтан жұрдай. Яғни, фильмдегі өмірлік дерек өтірікке құрылған. Режиссер дәстүрлі таным-түсініктен хабарсыз. Өз ата-бабасы туралы, олардың өмір-салты мен дүниетанымы туралы қате түсінікте...

Сонда мұндай өнерде қандай мән-мағына болады? Өтірік қиял ғана тудырған өнерсымақпен ой айтқысы келген түрі ме? Ойы тасып бара жатса, оны айтудың басқа формасы бар емес пе? Кино өнері өмір шындығына табан тіреп, өмір шындығын сүзіп алып, сол арқылы сезім мен танымды тәрбиелеу керек емес пе? Өкінішке орай, мұндай талғам-талапты фильм қанағаттандыра алмайды.

Оқиға әрісі орта ғасырда, берісі бір-екі ғасыр бұрын қырғыз жерінде өткендей. Режиссердің санасы таптық көзқарас идеясымен уланған. Өзінше күшті мен әлсізді, әділдік пен әділетсіздікті тартыс өзегі етіп алады. Әлсіз ру (барыс руы) Тянь-Шань тауының көксеңгір қарлы шыңын қоныс етеді. Олар сол қарлы таудың басындағы үскірік ортасында киіз үймен отырады. Бұл – әп деп басталғандығы өтірігі. Бәлкім, Төлеміш өтірік айттым деп ойламас та. Оның тарихи-этнографиялық жаңсақ таным-түсінігі солай болуы мүмкін.

Мұнан арғы өтірікке зер салып көрелік. Тау басындағы рудың тіршілік көзі – сусар аулау. Шағын ғана осы ру әлемнің ең іргелі діндерінің бәріне сенеді. Олар Тәңірге табынудан бастап, пұтқа, ислам дініне аралас табына береді. Бір кейіпкері бата бергенде Тәңірге сыйынып, Ұмай анаға жалбарынып, Ғайып ерен қырық шілтенге жалынып, алдындағы пұт бейнеге қол созып, от пен бұғыға табынып отырады да, ең соңында «Аллаһу акбар» деп бетін сипайды. Әрине, мұндай қойыртпақ, ең алдымен, режиссер-суреткер санасының көрінісі.

Құдалық рәсімінде түркіше қымыз ішіп, төс тигізісіп анда болады да, ислам дінінің дәстүрінде бата жасайды. Сол сияқты жылқыны ысқырып айдау, тас арасында асық ойнау, тойға найза ұстап келу, әйел ұнатқан жігітімен күйеуінің көзінше ашына болу, жамбының орынына тиын түйген дорба ату, түрегеп тұрып қымыз ішу, Қоқанға ұзатылған қызбен бірге дардай жігітті зат сияқты сыйға тарту, құлдардың болуы... міне, осындай мың сан тарихи-этнографиялық өтірік судай сапырылсқан.

Кино өнерінің аудиториясы мейлінше кең. Яғни, халықтың тарихи тегі, дәстүрі, наным-сенімі туралы мыңдардың санасы қателікке алданды деген сөз. Халықтың шыншыл болмысын көрсету арқылы ғана сол халықтың тарихи жадын, ұлы дәстүрін сабақтастықта сақтап қалуға болады.

02.07.85

Пікірлер(0)

Пікір қосу