Қожа Ахмет Ясауи неге Түркістанды таңдады?

18 Сәуір, 2019 500

Киелі Түркістан қаласындағы сыры мен сақтағаны көп Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихы кімді де болсын бейжай қалдырмайтыны анық. Түркі халықтары үшін ғана емес, барша әлемге қадірлі болған бұл ғимарат қазіргі таңда ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған. 

Кесене жайлы сіз бен біз білмейтін тағы қандай деректер бар? Қожа Ахмет Ясауи неге Түркістанды таңдады? Неге қазақ жақсылары осында жерленуін қалады және жерленді? Бұл сұрақтарға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, дінтанушы ғалым Досай Кенжетайұлы өзінің фейсбуктағы парақшасында жазған болатын. Turkistan.kz ақпараттық порталы оқырман қауымға арнап сол жазбаны ұсынады.


Қожа Ахмет қазіргі Сайрамда ол кезде «Мадинат ал Байда» дүниеге келді. Сайрам ислам топырағына жататын рибат функциясын атқаратын гарнизон болатын. Рибат деген исламның шекара аймағын білдіреді. Қожа Ахмет Түркістанға ол кезде Яссы жеріне дін ислам тарату үшін арнайы тапсырмамен келген. Оған сопылық танымдағы «суфра тұтмақ» деген термин дәлел. Аңызда да бұл аймақта, Құл Қож Ахмет Ясауимен қайшылықта болған «Саур» халқы туралы айтылады. Ол кезеңде Саур (мүмкін Сауран) халқы исламға әлі кірмеген отырықшы ел болатын. Ясауи осы жерде өзінің уағыз-насихатын жүргізіп, «ислам аша» келген. Насабнама деректерінде «Ислам аша» тіркесі бұл дін тарату механизмі ретінде танылады.

Тарихи және геополитикалық жағынан Яссы сол кездің өзінде өте маңызды кеңістік болатын. Сырдың бойы, Қаратау етегі, жазық, саудаға да, егістікке де, экономикалық жағынан өте ыңғайлы қоныс. Тарихи деректерде, Яссы исламнан бұрынғы көшпелі түркі тайпаларының Сыр бойында тоғысатын орталығы, тарсалар мен зороастрлар иелігіндегі сауда кешені болатын.


Неге туған жері Сайрамда емес, Түркістанда жерленді?

Яссы халқы Қожа Ахмет Ясауи ілімін мойындап, исламды қабылдады. Бұл туралы аңыздық санада жақсы келтірілген. Ясауи ислам дінін жаюда саяси билікпен де,  халықпен да ортақ тіл тапты. Оны барша түркі тайпалары өздерінің ұстазы, пірі ретінде мойындады.
Ол туралы «Сұлтан ул арифин», «Шайхул машайых», «Хазрат Сұлтан», деген лақаптар кеңінен тараған. Ол кемел адам ретінде танылып, әулилік мақамын мойындатқан, тарихи тұлға ретінде, Яссыда жерленді. Оның туған жерінде емес, Яссыда жерленуінде діни қағида бар. Ол Пайғамбарымыздың хадисінде көрсетілген: «ал анбиау йудфинуна хайсума йамутун». «Елшілер қай жерде өлсе, сол жерде жерленеді». Осы хадис негізінде Хз. Мұхаммад пайғамбар да Меккеде емес, Мадинада жерленген. Оған талас тартыстар болды. Бірақ жоғарыдағы аманат қағида негізінде Құрайыштықтар пайғамбарды Мадинада жерленуіне көнді. Түркі халқы үшін «Екінші Ахмет яғни пайғамбардан кейінгі екінші Мұхаммед» Қожа Ахмет пірдің кейіннен «Ясауи» лақабымен танылуында осы ақиқат жатыр. Ясауи де атақты әулеттен шыққан болатын. Атасы да, анасы да Сайрамда жерленген еді. Бірақ діни қағида бойынша осы Яссы қаласы оның мәңгі мекеніне айналды.


Неге Ақсақ Темір Түркістанға Қ.А.Ясауиге кесене соққызды?

Иасауидің өмірден қайтқан уақыты белгілі. 1166 жыл екендігі Кашифидің «Рашахатында» бар. Жерленген жеріне кесене орнатылғаны тарихи деректер растайды. Бұл туралы Йаздидің «Зафарнамасында» кездеседі. Ал енді Әмір Темірдің Ясауиге жаңадан қайта кесене салдыруы, ол өзінің «Піри Түркстанға» көрсеткен құрметі деп қабылдау керек. Орыс ориенталистері Әмір Темір бұл кесенені көшпелі түрік тайпаларын өз ықпалына алу үшін салдырды деген тұжырым айтады. Бірақ Йаздидің айтуына қарағанда, Әмір Темір өзі сопылық тариқат мектебінің өкілі ретінде Ясауиге деген «махаббаты мен фана фи шшайх» принципі негізінде салдырған. Бұған қосарымыз, расында «Ұлы жеңістер мен жахандық биліктің» иесі, әлем әміршісі атағына лайық, өз иелігінде орын алған әулиеге жарасатын кесене қайта тұрғызуды қолға алып, өзі архитектуралық жобасын әзірлетіп, оған Убайдулла Садрды басына жауапты етіп тағайындауынан пірге қызметі мен құрметін көруге болады.


Неге қазақ жақсылары осында жерленуін қалады және жерленді?

Ясауидің жерленген жері сопылық таным бойынша «астана» ретінде қабылданады. Бұл түсінік яғни «аситан-е саадат» парсы тілінде сөздік мағынасында есік, дәліз, табалдырық дегенге саяды. Ал терминология бойынша «ақиқатқа ашылған қақпа» ретінде қасиетті, киелі саналған. Қожа Ахмет Ясауи қасына жерлену қазақ діни танымында адамның о дүниедегі орнын да кепілдікке алу ретінде қаралған. Яғни Ясауидің шарапатынан үміт етілген. Міне, қазақтың игі жақсылары Ясауидің «астанасы» мен «шарапатына» сенген, бұл жер киелі мекен саналған. Мұндай таным барлық түркі халықтарын тән. Жалпы түркі ислам өркениетінде кез келген қаланың артында осындай «аситане» мен «шапағат» иесі бір әулие жатқаны мәлім. Қазақ игі жақсыларының кесене маңына, Ясауи қасына жерленуінде діни қағида жатыр. Астана негізінен осы Ясауи ілімінің басты терминологиясы болатын. Бұл сөз кейіннен тілімізде, «саяси орталық», «бас қала» деген мағына ие болды.


Пікірлер(0)

Пікір қосу