Бүгін қасиетті Бараат түні

19 Сәуір, 2019 228

Мүбәрак үш айдың бірі Шағбан айының он бесінші түні Барағат түнін мұсылмандар жыл сайын ерекше атап өтеді. Бұл түнді ислам ғұламалары «Мүбәрак», «Кешірім» деп те атайды.

 Пайғамбарымыздың мынадай хадисі бар: «Шағбан айының жартысы болған кездегі түнді құлшылықпен өткізіңіз. Күндіз ауыз бекітіңіз. Өйткені, Алла тағала күн ұясына батқан шақта, жер бетіне шуағын түсіріп: «Кешірім тілеуші бар ма екен, кешірейін. Рызық сұраған бар ма екен, рызық берейін. Ауру сырқауға ұшыраған бар ма екен, оған шипа берейін. Бар ма екен, бар ма екен, бар ма екен деп таң шапағы атқанға дейін жалғастырады».

Деректерде бұл түннің кешірім тілеу түні екендігімен қоса Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) толықтай шапағат ету құқы берілгендігі айтылады.

  Қасиетті Барағат түніндегі маңызды төрт  негіз: 

 1. Бұл түнде жасалған құлшылықтардың (Құран оқу, намаз, дұға мен зікір, тәубе мен истиғфар) күндізгі жасалған құлшылықтардан сауабы жоғары болады.

 2. Алланың ихсаны мен шұғыласы және берекеті толы болады.

 3. Бұл түн – кешірім түні.

 4. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) шапағат ету құқығы толығымен берілген түн.


  Бұл түні не істеу қажет?

Бәрат түнін дұрыс қарсы алу үшін, бұл түнді ұйқысыз өткізген абзал. Егер кімде кімнің шамасы жетсе, бұл түнді тек құлшылықпен өткізгені жақсы. Алайда кімнің бұған шамасы жетпесе, ол адам осы түннің кез келген бөлігін құлшылыққа арнай алады. Құлшылыққа түннің екінші бөлігін арнап, мына ғибадат түрлерін атқарса болады:

- Намаз. Намаз – осы түнде атқарылатын ең абзал құлшылықтың бірі. Намаз ракағатының белгіленген саны жоқ, алайда ракағат саны сегізден кем болмауы тиіс. Сондай- ақ әр намаздағы рукуғ, қиям, сәджеде ұзағырақ болғаны абзал. Намазда Құраннан ұзақ аяттар оқылғаны жақсы. Егер кімде кім ұзақ сүрелерді есіне түсіре алмайтын болса, бір ракағатта қысқа бір сүрені бірнеше рет қайталауына да болады.

- Тиләуәт. Қасиетті Құранды оқу – осы түні атқарылар пайдалы құлшылықтың түріне жатады. Намаз оқып болған соң я болмаса басқа уақытта шамаңыз жеткенше Құран оқыңыз.

- Зікір. Бұл түнді зікірге арнаған өте жақсы. Әсіресе Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айту. Сондай- ақ зікірді жүріп бара жатқанда, төсекте жатып және де жұмыс уақытында немесе жұмыстан тыс уақытта да оқуға да болады.

- Дұға. Бұл түні бізге көп пайда әкелетін ғибадаттың бірі. Осы түні Алла Тағала дұғамызды қабыл етеді деген үміт бар. Дұға – ғибадат. Алла Тағала жасаған әрбір дұға үшін сұраушының мұқтаждығын өтеп қана қоймай, сауап та жазады. Тіпті сұраған нәрсесі қол жетімсіз болса да, ол адам жасаған дұғасы үшін сауаптан құр қалмайды. Сонымен қатар дұға барлық ғибадаттың өзегі болып табылатын Алла мен адамның байланысын арттырады. Адам  баласы қалағанынша, кез келген түрде дұға ете алады, алайда ең жақсы дұға – Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғалары. Бұл дұғалар шебер сөздерімен пенденің бұл өмірдегі әрі ақыреттегі барлық мұқтаждығын қамтиды. Расында да Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасы соншалықты терең мағыналы, тіпті пенденің оған баға беруге шамасы жетпейді. 

Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл түннің расымен де қасиеттілігін әрі осы түні Алланың  жер бетіне мейірімі түсетінін дәлдеген хадистер жеткен. Бір нешеуін төменде келтіреміз:

1) Мүміндердің анасы Айша (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Бірде Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түнгі намазында сәждеде ұзақ уақыт жатып қалды. Сәждеде ұзақ болғаны соншалық, мен тіпті қайтыс болып кетті ме деп қорықтым. Осы оймен төсегімнен тұрдым да бас бармағын қозғап көрдім. Саусағы қимылдаған соң өз орныма қайта келдім. Осыдан соң мен оның сәждеде жатып, былай дегенін естідім: «Я Раббым, Сенің азабыңнан, мейіріміңе жүгініп, үміт етемін. Мен Сенен пана тілеймін. Сені Өзің лайық болған дәрежеде мадақтай алмаймын. Сен Өзіңді сипаттағандайсың».  Осыдан соң ол маңдайын сәждеден көтеріп, намазын аяқтады. Және маған қарап былай деді: «Ей Айша,  Пайғамбар сені қалдырып кетті деп ойлап қалдың ба?» Мен оған: «Жоқ Алланың Елшісі, мен тек қана сенің жаныңды осы өмірден алып кетті ме деп қорықтым, өйткені сенің сәждең өте ұзаққа созылды ғой». Осыдан соң Ол: «Бұл түннің қандай түн екенін білесің бе?»,- деп сұрады. Мен: «Алла мен Оның Пайғамбары жақсы біледі»,- деп жауап бердім. «Бұл Шағбан айының жартысы толған түн. Бұл түнде Алла Тағала құлдарына мейірімін жаудырып, кешірім тілегенді кешіріп, мейірім тілегендерге Өз мейірімін жаудыратын түн. Тек қана жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамға ол райынан қайтпағанша назар салмайды». 

2) Басқа хадисте Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай деп жеткізеді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Субхана уа Тағала Шағбан айының жартысы толған түні Қалб тайпасының қойларының жүнінен де көп шамадағы адамдарды кешіреді»

Қалб тайпасы- көп қой өсіруімен танылған тайпа болатын. Сол себепті де хадисте осы түні көптеген адамдардың Алланың кешірімі мен рақымына ие болатыны айтылған.



Қасиетті түнде Алла Тағала баршаңыздың тілеген дұға-тілектеріңізді қайырлысымен қабыл етсін! 


                                                                                                                                                                                                                                                дереккөз: islam.kz


Пікірлер(0)

Пікір қосу