Шұбайқызыл шоқысын жырға қосқан ақындар

19 Сәуір, 2019 539

Қаратау мен Алатаудың түйіскен тұсында орын тепкен қасиетті Түлкібас ауданының орталығында орналасқан Шұбайқызыл шоқысының сұлу табиғаты мен сырбаз даласының көркін шырайландыра түсетін қызғалдақтарды жырға қосқан «Шырайлым, Шұбайқызылым» байқауының жеңімпазы атанған ақындарымыздың шығармаларын Turkistan.kz ақпараттық – танымдық порталы назарларыңызға ұсынады.


СЕЗІМ МЕРГЕНБАЙ

ТҮЛКІБАС АУДАНЫ


ҮН

 

Батыс Түрік империясының билеушісі Естемес қаған ордасын Есіктен батысқа қарай жылжытып, Арыс өзенінің Құлан саласы құйысындағы қосөркештенген Екітаудың етегіне шатыр тігіп, айналаны шолып қарап отырып, басқа елдермен қарым қатынасын нығайту жоспарын құрған. Осы жерде, яғни Екітауда 568 жылы Естемес Византияның елшісі Земархты қабылдағанын білеміз. Екітауды, оның етегіне орналасқан қаланы, жалпы осы алқапты халық сол кезден Түркібасы атап кеткен.

 

Әділхан Байбатша

Қаныш Сәтбаев атындағы сыйлықтың иегері.

 

Бұл далада Естеместің үні бар -

Бұл далада Естеместің жыры бар,

Ауызынан жырып алар текенің,

Жыры ғана қорғап қалар гүлі бар...

 

Көлеңкесін жүретұғын күнде іздеп,

Кек жайлаған көкірегін түн кезген

Жоғалту деп аталатын дерт барын

Маған да өмір ұғындырған бір кезде...

 

Жылы жақтан құстар неге өтпеді?

Құстар неге ыстық жасын төкпеді..?

(– Хұсни хабар жетпеді ме?

– Жетпеді...)

Содан болар өкініші бабамның

Көмейіме кептеліп,

Талай сырым кетті өліп...

 

Жердің беті құрсақ болып тарылды,

Мүмкін апам мейірімін сағындым...

Жүрегімді жұлып бердім көктемге,

Бірақ та мен жоғалтпадым барымды...

 

«...Екінші рет туылдым мен, пенделер!

Шығыңдаршы маңдайыма өрмелеп!

Қайда кеше қан іздеген қорқаулар?

Құзғын қайда намысымды жерлеген?!»

 

- деп ояндым!

Ояндым мен ұйқымнан,

Қалың елес өткен түні қиқулап...

Айға қарап ұлыңдаршы, бөрілер,

Отырайық көк аспаннан күй тыңдап!

 

**********

Жылы жақтан құстар неге өтпеді?

Құстар неге ыстық жасын төкпеді..?

(– Хұсни хабар жетпеді ме?

– Жетпеді...)

Содан болар өкініші бабамның

Көмейіме кептеліп,

Талай сырым кетті өліп...

Бабам қаны тамырыңда қызғанда

Сен бәрібір өсіп шықтың, қызғалдақ!

Сен бәрібір бұл даладан кетпедің...

************************************************************


ТӨЛЕУТАЙ ЕЛАМАН

ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ

 Қызғалдақ қасидасы


Сұлу ма еді сәуірдің сазы мұндай?

Гүл менен жыр ақынға әз ұғымдай.

Найқалады нәби гүл нәзік қана,

Назданады шайырдың назымындай.


Қызыл қауыз қызығы қыр-алаптың,

Келбетіне тамсанып мына бақтың –

Қимай-қимай батады қызыл іңір,

Қимай-қимай көшеді мүбәрак күн.


Гүл қызғалдақ қызартса қырдың төсін,

Балауса гүлдің бетін кім бүркесін?

Гүлсидамын* ырғалтып сәруар жел,

Сәулесімен сүйеді Күн күлтесін.


Ей, Қызғалдақ!

Үлбіреген, үббедей үзбей гүлді,

Қолдарым  құшып еді сіздей кімді?

Сенің ғажап ғұмырың көктемелік,


Менің ғаріп ғұмырым күздей мұңлы...

Сен құрбан боп қыз сүйген жауыз ұлға,

Мен  кетермін ажалдың ауызында.

Қасірет бар менің де жүрегімде,

Қара дақ бар сенің де қауызыңда.


Қайда апарып төгейін мен құсаны?

Сұм фәнидің үрейлі соңғы шағы.

Сен үзілсең, ып-ыстық  қыз құшады,

Мен үзілсем, сұп-суық көр құшады.


Қорқасың ба жоласа қасыңа адам?

Менің де қаншалықты басым аман?

Қызғалдақ, қып-қызыл боп қайдан шықтың,

Абылдың қанысың ба шашыраған?..


Кетермісің қолында бір сен қыздың?

Сен сұлусың, келмейді білсем де үзгім.

Сен қып-қызыл болсаң да, тап-тазасың,

Ал, қызыл жүрегіміз кіршең біздің...


Сен - гүлсің.

Мен - пендемін қаны күрең,

Дертіне таппай жүрген әлі бір ем.

Қып-қызыл боп алыстан көрініп ең -

Ұяты жоқ пенде үшін нарттай болып,

Ұялып тұрсың бе екен Тәңіріден?!


Гүлсидам* - гүлдің сабағы


*************************************************************


АРҚАЛЫҚ ӘМАЛИЯТ

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ

ҚЫЗҒАЛДЫҚ•АЯУЛЫМ

Аяулым, қарашы,

Таң шапағы қызғалдаққа шағылып,

Түркібасы тәтті түстен оянған.

Көктем жатыр алқызыл гүл тағынып

Кеудесіне, қызыл қанға боялған.


Күншығыстың ұяң тартқан келбетін,

Пәш етуге адамилық өмірге,

Қызғалдақтар жаулап жасыл жер бетін,

Билейді кеп, тірлік дейтін әуенге!


Билейді кеп, жұбанышын күн алдай,

Мен де сонда, мөлт етуге таяумын...

…Келгенімде бұрын саған гүл алмай,

Бұртиушы ең, Аяулым...


Аяулым,

Сонда саған айтқым келген барлығын,

Жара салғым келмеген- ды жаныңа.

Айтқым келген қызғалдақтың тағдырын...

Боялғанын батырлардың қанына...


Айтқым келген, көркемдіктің көңілі

Маусымдардың ызғарынан тоңарын.

Айтқым келген оның қысқа өмірін,

Айтқым келген оның ерте соларын...


Енді міне, елесіңдей құбылып,

Қызыл әлем сендіруде сенімге.

Күрсіндім де жүре бердім бұрылып,

Іштей ғана "Қызғалдағым" дедім де...


Жалғыздығым- қызыл іңір сырындай,

Сағынышым- алаулаған от іші...

Сен айтатын махаббаттың шыңындай,

Көз тартады Шұбайқызылшоқысы.


Әулиетөбе, айтсаңшы бір жауабын?

Қызғалдақтар кінәлі ме тәңірге?

Аяулымның мөлдір қара жанарын,

Сарғалдақтар көмкерді ме қабірде?..


Аяулым,

Бұртиушы ең, келгенімде гүл алмай,

Мөлдіреуші ең, мына өмірге Құлыным.

Гүл ашқанда қауызына сия алмай,

Қызғалдақтан аумай қалды ғұмырың!


Қызғалдақтар, биыл тағы гүлдеген,

Шұбайшоқы, саған құшақ жаярмын.

Елесіңді гүлге қонып жүр деген,

Қызғалдақты искейінші, Аяулым!


Дайындаған: Рысгүл Досжанова

Пікірлер(0)

Пікір қосу