Қуырдақтың түрлерін білесіз бе?

06 Мамыр, 2019 239

Қазақ – өте қонақжай халық. Келген қонағына міндетті түрде қой сойып, ет асып, ертесіне қуырдақ әзірлеп дайын отыратын кең пейілдері тағы бар. Қойш, әйтеуір екі күннің бірі қуырдақ жеп мәз боп жүрміз. Ал сол қуырдақтың түрлерін білесіз бе? Ендеше, айтайын.

Қуырдақтың соғым кезінде дайындалатын түрі бар. Жаңа сойылған малдың өкпе – бауырынан, мойын, төстік етінен, жүрек – бүйрегінен, сондай – ақ ішек – қарынынан ұсақтап турап әзірлеп, қазан отын қатты жағып 15 – 20 минуттай қуырады. Артынан бауырды салып, үстіне бұрыш, пияз қосып,әбден дайын болғанға дейін қуырады. Бұл түрін «қан қуырдақ» деп атайды.

Бал қуырдақ дейтін түрі бар. Бұл қуырдақтың қалай дайындалатынын айтсам, білмейтіндеріңіз қатты таңданатындарыңыз сөзсіз. Ерекшелігі, етті майға емес, пісірілген сүттің бетіне түскен қаймаққа қуырады. Өте жағымды, жүрекке қатты тимейтін қуырдақтың бұл түрі көбіне қарт кісілерге, сыйлы қонақтарға беретін болған.

Жоңқа қуырдақтың басқалардан ерекшелігі бар. Бұл тоңазып тұрған еттен дайындалады. Атауының шығу тарихына қарап, ойда – жоқта қонақ кеп қалған сәттерде «Жоңқа қуырдақ» дайындап беріп жүр екенбіз ғой деп қаласың. Тоңазып тұрған етті пышақпен немесе балтамен қырнап, жонғанда ет ағаштың жоңқасы сияқты жұп – жұқа болып туралады екен.

Қара қуырдақтың иісі шынымен бөлек. Бұл тағамның құрамы кілең өкпе, бауырдан, жүрек пен бүйректен тұрады. Бауыр тез пісетін болғандықтан кешірек салынады. Мұның қара қуырдақ деп аталатын себебі – бауырдың қаны майға қуырылғанда өңін қарайтып жіберетіндігінде.

Үкпе қуырдақ. Етті майдаап турап қуырады. Үкпе қуырдақтың еті майда болғандықтан оны  суға бұқтырып қайнатпай – ақ, майға қуырып пісіруге болады. Мұндай қуырдақ көбіне кәрілер үшін әзірленеді.


Дайындаған: Рысгүл Досжанова



Пікірлер(0)

Пікір қосу