Еділбек ДҮЙСЕН. Қаламгер және суицид (жалғасы)

08 Мамыр, 2019 967

Құрметті, оқырман! Turkistan.kz порталы ақын, аудармашы Еділбек Дүйсеннің «Қаламгер және суицид» атты мақаласын ұсынып отыр. Автордың қаламына арқау болған бұл тақырыптың ішінде өмірдің мәнін таба алмай немесе әртүрлі моралдық, психологиялық соққылар мен соқыр сенімнің салдарынан өз-өздеріне қол жұмсаған ақын-жазушылар қамтылған. Әлем классиктерімен қатар қазақтың небір аңыз тұлғаларының жандарын жұда етуіне не(кім) итермеледі екен?! Еділбек Дүйсен оқушы қауым үшін, мейлінше, шынайы себептерін де түсіндіре кеткен.

Мақаланың көлемі үлкен болғандықтан екі күнге бөліп жариялауды жөн санадық. Азды-көп алтын уақытыңызды алғанымыз үшін айып етпесеңіз екен, аяулы дос!

Редакция

ҚАЛАМГЕР ЖӘНЕ СУИЦИД


Ясунари Кавабата (1899-1972). Күллі жапон әдебиетінің деңгейін айқындаған рухани қазыналардың қатарына жататын «Мэйдзин», «Мың қанатты тырна» романдарының авторы. 69 жасында әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын иемденген (Нобельді алған 1-ші жапон қаламгері) Ясунари Кавабата Жапонияның адам көп қоныстануы жағынан үшінші қатардағы Осаки қаласына жақын орналасқан кішігірім қыстақта дүниеге келген. Әдебиетке деген құмарлық жоғары білімді әкесінен тарағанға ұқсайды. Иә. Алайда, әдебиетке деген махаббатты әкесінен сезінуге тиіс Ясунари небәрі екі жасында одан көз жазып қалды. Бір жылдан соң шешесі де о дүниеге аттанды. Былайша айтқанда, үш жасында тұл жетім кейпіне түскен бала әжесі мен атасына еріп Ибараки қаласына сол жылы-ақ қоныс аударады. Дәніккен ажал бұл отбасыны шыр көбелек айналуын доғармапты. Жеті жасында әжесі, кейін әпкесі, он бес жасында атасы о дүниеге аттанып кете барды. Осы екі аралықта Ибараки қаласындағы орта мектепке оқуға түсіп үлгерген Ясунари орта мектепті ойдағыдай тәмамдады.  Еуропа мәдениеті мен әдебиеті туралы зерттеулерге бас қойды. Оған көбінесе да Винчи мен Микеланджело, Рембранд пен Сезанн әсер етті. 1917 жылы Токио университетіне құжат тапсырады. Жеті жыл университет қабырғасында жүргенде тырнақалды әңгімелер мен повестері баспасөз беттерінде жарияланып та үлгереді. Қалыпты денсаулық, жақсы көңіл-күй мен атақ-даңқ оны алпыстың асуына апарып тастады.

Алайда, осынау өмірінің соңғы кездері ауыр депрессияға шалдықтырды. Ұйқысыздыққа апарып соғып, ақыр соңы газға мөлшерден артық уланумен аяқталған ауыр қайғының түп өзегі- шәкірті әрі досы Мисиманың өлімі еді. Кавабатаның Нобель сыйлығын алып тұрып сөйлеген сөзінен мына тіркесті үзіп алып, есіңізге салғым келеді: «Адам өзінің әлемге бөтендігінің қандай сатысында тұрса да, өзін-өзі өлімге қию- наразылықтың бір түрі болуы мүмкін емес. Адам қаншалықты мінсіз болса да, егер ол өзін-өзі өлімге қияр болса- оған әулиелік әлдеқайда алыс».


Бернияз Күлеев (1899-1923). Қазақ әдебиеті тарихында елге ерте танылып, ерте сөнген құйрықты жұлдыздар көп. Баймағамбет Ізтөлин, Артығали Ыбыраев, Сағат Әбдуғалиев, Танабай Нарманов, Әділ Ботпанов, Саттар Ерубаев, Өмірзақ Қожамұратов, Тұрсын Жұмаш, Сұлтанмахмұт

Торайғыров т.б. Бернияз Күлеев те солардың қатарында. Дәстүрлі дүниетанымда қазақ үшін өз-өзіне қол жұмсау кешірілмес күнә есептеледі. Ондай «күнә жасағандардың» қабірін де өзге қабірлерден бөлек орналастырады. Бізге дейінгі қазақ әдебиеті тарихында өз-өзіне қол жұмсағаны анық, нақты айтылатын жалғыз ғана тұлға- Б. Күлеев. Мағжан Жұмабаев өзінің «Бернияз Күлеев» атты мақаласында «А деп қалам ұстап шыққанда, оянған үмітіміз біржола бекіп еді. Бернияз әдебиетіміздің берік бір бағанасы болуына сеніп едік. Бағытты бір қылып, таспиқ болып тізіліп келе жатқан аз ғана жазушыларымыздың қатарына жас Бернияз да келіп тізіліп еді. Бірақ, не лаж, таспиқтан сол тас үзіліп түсті. Бернияздың өз өмірін өз қолынан бітіруіне қандай себеп болғаны бізге мағлұмсыз. Алайда, жастықпен, әсіресе, тәртіпті дұрыс тәрбие алмаудан туған бір себеп болуында шүбә жоқ. Олай болса, жас жанның мұндай жолға түсуіне өзінен бетер әлеумет айыпты. Түзу жолға сала білмеген, дұрыс тәрбие бере білмеген әлеумет. Аласұрған жас жанның қолына мылтық беруші сол. Осыны ұғыну керек. Үмітті жасымыз неге ерте кетті деп емес, неге ерте кетірдің деп ренжу керек. Күнә сенікі емес, көптікі» деп жазды. Жиырма төрт жасында өз-өзіне қол жұмсаған ақынның өлімі туралы Ғалым Ахмедов былайша жазады: «Бұлар түнгі сағат бірде Бернияздың пәтеріне келеді. Бернияз үстелдің үстіндегі қағазға асыға бірдеңе жазады да, стол тартпасынан наган мен браунингті суырып алады да, екеуін де оқтайды. «Алдымен мені ат» дейді қыз. Осылай дейді де көзін жұмып қарсысында отырған қызды жүректен атады, екінші оқты өз жүрегіне жұмсайды». Бернияз бен ол өле ғашық болған татар қызының тағдыры қосылуларына деген ата-аналарының қарсылығынан осылайша тәмамдалды.


Чезаре Павезе (1908-1950)- итальяндық жазушы, романшы, аудармашы, сценарист, сыншы, ақын, лингвист. Бозбала шағынан Уитмен шығармашылығымен «ауырған» ол Турин университетінде оқып жүргенде диплом жұмысын Уитмен шығармалары тақырыбында қорғаған. Тәржіма саласында Дефо, Диккенс, Мелвилл, Джойс, Гертруда Стайн, Фолкнер, Дос Пассостан аударған туындыларын да айта кету абзал. Ең қызығы, Павезенің повесть, әңгімелер, өлеңдерінің басы тоғысқан «Өзін-өзі өлтірушілер» жинағы. Негізгі әңгіменің ауанына осы жерден ойысалық.

1932-1935 жылдары Павезе отбасының қысымымен фашистік партияға кіріп, сонымен қатар антифашистік жұмыстар жүргізіп отырған. Алайда, 1935 жылы құрықталып, партия қатарынан шығарылған соң, сегіз айға Каламбрия атты облысқа жер аударылады. Соғыс жылдары әскер қатарына шақырылғанымен ауыр демікпе ауруымен жарты жылын лазаретте өткізеді. Соғыстан соң итальяндық коммунистік партияға мүше болып, Римде, Миланда ғұмыр кешкен.

Кино әртісі Контанс Доулингпен ажырасқан соң өмірі күрт өзгеріп сала берді. Депрессияға түскен ол 1950 жылдың 26-тамызында туриндік «Рома» қонақ үйінде көп мөлшерде дәрі ішіп, өмірден өтеді. Өлер алдында жазған ақтық хаты төмендегідей: «Барлығыңды кешіремін және барлығыңнан кешірім сұраймын. Бұл әрекетім үшін мені тым қатты жазғыра көрмеңіздер».


Пауль Целан (1920-1970). Тағы бір аудармашы; тағы бір ақын; тағы да қырықтың қырқасына шығып тұрып, дүниеден безінген классик. Алайда, сүрген ғұмыры мен татқан дәмі бөлектеу жан. Сионистік көзқарастағы әке мен әдебиетті жанындай жақсы көріп өткен ананың отбасында тәрбиеленген Пауль Целан. Әйгілі «Өлім фугасы» туындысы неміс тілді осынау ақынның қаламынан туғанынан хабардар боларсыз. Өмірінің ақырғы кезеңдерінде жазған аталмыш шығарма сол уақыттағы әдебиетші-сыншылардың қатаң сынына ұшырап, «плагиат» деген айып та арқалаған. Ең қызығы, өлімге әкеліп тіреген қуғынның қатысушыларының бірі көрнекті неміс жазушысы Генрих Белль.

Сөзіміздің арқауы болып отырған Пауль Лео Анчельдің алғашқы жыр жинағы «Жәшіктегі қиыршық құм» атауымен 29 жасында жарық көрген. Кейін, сабазыңыз 15 жыл аудармамен айналысуды хош көріпті. Блокты, Есенинді, Мандельштамды, Поль Валерий мен Артюр Рембо сынды небір

алыптарды ана тілінде сөйлеткен ол өзін Мирабо көпірінен Сенаға тастап жіберген. Кейін, денесін судан 10 күннен кейін тауып, шығарған екен. 10 күн бойғы іздеу жұмыстары мен оқырмандар көңіл-күйі немістілді БАҚ беттерінде сайрап тұр.


Юкио Мисима(1925-1970). «Сендер самурайсыңдар ма, жоқ па?». Мисима сарбаздарға қарап ұзынсонар, алдын-ала дайындалған жігер мен рухқа толы мәтінді жатқа айтып тұрды. Өзі құрған «Сауыт бірлестігінің» сарбаздарының көзінен жалын көре алмаған ол баконнан бөлмеге аттап, харакири жасау дәстүрін орындамақ болды. жалаңаш денесіне кие салған мундирі мен жалаң қолын қаптаған ақ қолғабын шешіп тастады да өз қарнын өзі орып жіберді. Дәстүр бойынша, әскери жігіттер харакири жасаған жазушының басын сол сәтте жерге домалатып жіберуі керек-тін. Өз-өзінің тәні мен жанына деген

мұншама аяусыздық пен бет қаратпас тәуекелшілдікті көргенде олар қолдарындағы қылышымен үшінші рет дегенде ғана барып Мисиманың басын кесті. Өз сарбаздарының дәрменсіздігін бұл сәтте Мисима көріп үлгерген де жоқ еді.

Кимитакэ Хираока. Шын есімімен осылай аталған Мисима дүниеге әлжуаз, аурушаң бала болып келді; мектепте оқып та жарытпады; дос-жарандардан оқшау кітап оқумен балалық шағының ең тәтті өтуге тиіс кезеңдерін тауысты. Ата-анасының қолынан оны тартып алған әжесі Нацуко ойнауға да, шулауға, қыдыруға, тіпті әрлі-берлі жүруге де тиым салды. Нацуко бөлме ішінде Мисимаға шағын ғана қияли әлем дайындап берді десек те болады. Бала сол уақыттардан бастап жан азабы, өлім, қан туралы көп ойланды. 16 жасында жазған алғашқы «Гүлденген орман» повесінің тақырыбы да өлім мен сұлулық еді.

1945 жылдың 15 тамызында Жапония жеңілгенін мойындады. Дүниежүзілік соғыстан қажығандар бірінен соң бірі өз-өздеріне қол сала бастады. Бұлардың қатарында Мисиманың ұстазы, әдебиет сыншысы Дзэммэй Хасуда да болды. Соғыстан соң Мисима шенеунік болып шыға келді. Ақша әкелмесе де әдебиетін тастаған жоқ. 1949 жылы «Тәубе» романы жарық көрді. Оқырмандар мен сыншылар арасында үлкен дау туғызды. 1952 жылы Грекияға саяхаттаған ол ежелгі атлеттердің ескерткіштерін көріп, өз өмірін физикалық тұрғыда мықты болуға арнайтынын айтады. Жапонияға орала сала бодибилдингпен, кэндо өнері және каратэмен айналыса жүріп, әйгілі «Алтын ғибадатхананы» жазады. Кейін киноға түсіп, модель болып, даулы мәлімдемелер жасап, былайша айтқанда, Жапонияның поп-жұлдызына айналып шыға келеді. Бұған дәлел ретінде «Менің досым Гитлер» пьесасын айтуға болады.

1966 жылы «Сауыт бірлестігін» құрды. Төрт жылдан соң самурайлардың алдында «Сендер самурайсыңдар ма, жоқ па? Жапонияны, императорды қорғау үшін сендер көтерілулерің керек! Конституцияны өзгертетін өзге жол жоқ!» деп ұранға толы ұзынсонар мәтін оқыды. Біршама уақыттан соң дүниемен қош айтысып кете барды.


Сильвия Плат (1932-1963).

«Өлу де-Өнер,

Өзге өнерлер секілді.

Бірақ, онда маған тең келмейтін нәрселер бар.

Одан тозақтың дәмін сеземін,

Ол мен үшін Ақиқат секілді.

Шамасы, құмарым сонда шығар». Осынау өлең жолдары бар-жоғы 30 жасында дүниеден өткен америкалық ақын қыздың бөлмесінен (былайша айтқанда, оқиға орнынан) сиясы кеппеген күйінде табылды. Басын тұмшапешке (духовкаға) салып, газдан уланып өлген оның жантүршігерлік өлімін бүкіл Америка сөз етті. Бұған дейін аса таныла қоймаған ақынның өлеңдерін сыншылар жарыса талдай бастады, марқұмға сырттай Пулитцер сыйлығы берілді. Соғыстан кейінгі Америка әдебиетінің ең көрнекті ақындарының қатарына қосылды.

Қадыр Мырза Әлі «Дарға асылу ақындар үшін тіптен жаңалық емес» деген екен. Екіұдай сезімде қалдыратын сөз. Рас, Сильвия Платтың өлімі өзіне дейінгі суицидке барған қаламгерлер қауымынан мүлде бөлек. Алайда, өз-өзіне қол салудың бұл тәсілін «сәтті» іске асырмастан бұрын ол бірнеше мәрте мұндай қадамдардың әр түрін де «сынап» көрген екен. «Ежелгі грек данышпанынан қандай өліммен бетпе-бет келгенін қалайтындығын сұрағанда, ол ыстық суға толы ванна ішінде күре тамырын қиюын қалаған екен. Маған өлімнің мұндай түрі тым жеңіл көрінеді. Ваннаға жата кетіп, көкнәр көмкерген суға батып үлгергенше, қызыл гүл шынтағыңнан сытылып шығып үлгереді». 1963 жылы Ұлыбританияда жарияланған жартылай автобиографиялық «Шыны қалпақ астында» атты Сильвияның романында осындай жолдар бар. Аталмыш кітапты Виктория Лукас есімімен жариялаған ол күре тамырын кесіп, дүн-дүниемен қоштаспақ та болған, алайда онысы сәтсіздікке ұшырады. Анасының сейфке сақтап қойған ұйқы дәрісін де аса көп мөлшерде ішіп, үйдің жертөлесінде екі-үш күн бойына екі бүктетіліп жатып алса да, қайта-қайта шақырған ажалы мойын бұрмайды. Бірде, тіпті күнделігіне «Бүгін жіпке асылып өлмек болдым» деп жазды. Әлбетте, тірі қалды.

Әкесінен сегіз жасында көз жазып қалып, жарымен жарасымды ғұмыр кеше алмаған Платтың өлімі психология саласына да әсер етті. Ақын әйелдер қауымының психологиялық дертке ынтық болу заңдылығын дәлелдеген

Джеймс Кауфман ғылымға «Сильвия Плат эффектісі» терминін ұсынды. Ақын арулар арасында психикалық ауруға шалдыққан Эмили Дикинсон, Сара Тисдэйл сынды қаламгерлер болса да, Кауфман атауды 30 жаста қыршын кеткен Сильвияның атымен қойғанды жөн көрген. Әйел ақындардың ер жынысты авторларға қарағанда психикасы жиі бұзылатындығына әр саладағы әлемдік 520 көшбасшы әйелдерді зерттеу арқылы көз жеткізген ол Сильвия Платтың жүйкесінің жұқалығы мен өлімге құмарлығына бас шайқап өтіпті.


Ақселеу Сейдімбек (1942-2009). 2009 жылдың 16 қыркүйегінде, Ислам дінінде қасиетті саналатын «Қадір түнінде» жазушы, әдебиет зерттеушісі, ғалым, профессор Ақселеу Сланұлы Сейдімбек 66 жасында дүниеден өтті. Әкесін екінші дүниежүзілік соғысы жалмаған, тәрбиені ағасы Аманбектің қолында көрген Ақселеудің өлімі туралы алып-қашпа әңгімелер көп. Сол жылдың 23-қазанында «Абай.кз» ақпараттық порталында Оразымбек әлімбековтің «Ақселеу харакири жасады ма?» атты мақаласы жарық көрді. Онда мынадай жолдар бар: «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы Қазыбек Иса бәріміздің төмемізден жай түсіретіндей сенсация айты. Оның айтуынша, Ақселеу Сейдімбек өзіне өзі қол жұмсап өліпті. Қазақтың ел болмайтынына түңіліп, осы халге жеткізген ел басшыларына ауыр сөз айтқан хат жазып, мұнан соң өзін қайда жерлейтінін, қабірінің басында кім сөйлеп, кімнің баспасөзде қоштасу жазатынын тәптіштеген аманат қалдырыпты. Бұдан кейін ішін пышақпен орып жіберіпті. Қансырап жатқан оның үстінен түскен туысқандары дәрігер шақыртыпты. Дәрігерлер пышақ ізін көре сала полицияға хабарлаған. Бәрінің анық-қанығын анықтаған олар басшыларының нұсқауы бойынша бұл істің дымын шығармай жауып тастапты. Бұл әңгіменің жаны бар екенін ақын Темірхан Медетбек те қуаттады». Ал, «Барлық өзін-өзі өлтірді дейтін белгілі тұлғалардың алқымына анықтап қарайтын болсақ, адам саусағының ізі жатады» деп есептейтін жазушы Дулат Исабеков «Аңыз адам» журналына берген сұхбатында «Мен таңертең әйелінен «Орал, сен шыныңды айт, Ақселеу неге алдын-ала өлімге дайындалды? Ол неге табан астынан кетті? Оның алдағы жоспарлары көп еді ғой» деп сұрағанымда: «Дулат, соны айтпай-ақ қояйыншы»-деді. Демек, ол да бір нәрсені жасырып отыр. Көршілерінің айтуы бойынша мылтықтың дауысы естілді деген сөз бар» дейді. Анық-қанығы белгісіз осынау жұмбақ өлімнің құпиясы бір күні ашылар. Алайда, қазақ әдебиет тарихындағы өз-өзіне қол салды делінетін тұлғалардың өлімінің егжей-тегжейі түгілі, ақпараты да жасырын күйде қалып отыруы заңдылыққа айналып бара жатқандығын айтуға тиіспіз.


Хай Цзы (1964-1989). ХХ ғасырдың 1980-жылғы қытай әдебиетінің көшбасшы өкілі болып үлгерген Хай Цзы (Чжа Хайшэн) бар-жоғы 25 жасында бақилық болды. Қамшы сабындай тым келте осы уақыт аралығында жас ақын өз артында аса ірі мөлшерде әдеби мұра қалдырды, қытай әдебиетін бір белеске апарып тастады. Оны әлем оқырмандары Сергей Есенинмен ұқсатады, «Қытайдың Есенині» деп те атайды. Балалық шағы апалаң-топалаңға толы Мәдениет төңкерісімен тұспа-тұс өтсе де, небары 15 жасында Бейжің университетіне оқуға түседі. Расында да ақын әлдеқайда асықты. Шамасы, Құдайдың келбетін көргенше дегбірсізденген болуы керек. Олай дейтініміз, Хай Цзы дінге қатты қызығушылықпен қарап, таза дінді іздеп өткен ақын. Шанхайгуань қаласы маңында пойыз теміржолына өзін лақтырған ақынның сөмкесінен де Інжіл табылған. Және тағы бірер кітап: Джозеф Конрадтың таңдамалы әңгімелері, Генри Торо мен Тур Хейердалдың романдары. «Менің өлімімнің ешкімге қатыстылығы жоқ» деген тілдей ғана қағаз қалдырып, ақтық сапарға аттанып кете барған ақынның өлімінен соң Қытай үкіметі оның барлық шығармаларын кезекпе-кезек дүркін-дүркін баспадан жариялап отыруға үкім шығарды. Сол себепті де, оған атақ пен даңқ өз өлімінен соң кешігіп жетті. Достарының айтуынша, Хай Цзының бөлмесінің қабырғасында Ван Гогтың әйгілі «Арле госпиталінің ішкі көрінісі» картинасы ілулі тұрған.

Пікірлер(0)

Пікір қосу