Қорқыт Ата – тұтас түріктің рухани көшбасшысы

08 Мамыр, 2019 392

Аяулы, оқырман. Turkistan.kz порталы «Әлем мойындаған түріктер» атты жаңа айдарын жүргізуді қолға алды. Тарихтағы ең ірі мемлекеттірдің біріне айналған Түрік қағанатының қонысы бұл күнде – Балқаннан Байқалға дейін созылып, Еуропа мен Азияны байланыстырып жатқан бірнеше елдердің еншісіне айналды.

Сан қилы алапаттарды басынан өткеріп, әртүрлі себептерге байланысты бөлініп қалған түркі ұлыстарын біріктіретін жалғыз ғана күретамырымыз бар. Ол  ауыздан ауызға аңыз боп тарап, алты құрлықтың әр тасында есімдері сақталған тарихи тұлғаларымыз. Біз бүігн trt.tr порталы дайындаған «Қорқыт ата» мақаласын ұсынып отырмыз. Мәрхаббат:



Қорқыт ата – бүгін бүкіл түркі әлемінде кездесетін ортақ құндылық. Алайда әрбір түркі халқының Қорқыт атасы өзінше ерекше. Мысалға, қазақтардың Қорқыт атасы мен Түркиядағы түріктердің Қорқыт атасын салыстыратын болсақ, қазақтардың Қорқыт атасы Исламнан бұрынғы сенім-нанымдармен байланысты болса, түріктердің Қорқыт атасының Ислам дінімен және түріктердің арасында Ислам дінінің таралуымен байланысы бар. Бұл айырмашылық әр дәуірде әр түрлі Қорқыт атаның өмір сүргендігін көрсетеді. Бірақ қай заманда болса да, ол білгелік пен көрегенділіктің, ақыл мен парасаттың қайнар көзі болып саналған.

Шоқан Уалиханов Қорқытты бақсылардың атасы деп сипаттайды. Ал бақсы дегеніміз түркілердің төл діні – Тәңір дінінің дінбасы екендігі белгілі. Бүгінге дейін қазақ қоғамында Қорқыт қобыздың иесі ретінде білінеді.Қобызды Қорқыт жасап шығарған деген түсінік бар. Ал қобыздың бүгін Түркі әлемінің түркпір-түкпірінде қолданылып жүрген музыка аспаптарының атасы, алғашқы нұсқасы екендігін қабылдасақ, онда Қорқыт атаның тарихы қобыздай көне екендігіне көз жеткіземіз. Демек, Қорқыт ата Оғыз қаған секілді Түркі өркениетінің бастауында тұрған ұлы тұлғалардың бірі екендігінде күмән қалмайды.

Қорқыт туралы ғалымдардың осы уақытқа дейін көп талқылап келе жатқан мәселелерінің бірі – оның аты. Ғалымдар Қорқыт атын қорқу етістігімен және қору, қорғау етістігімен байланыстырады. Бұл екі сөздің арасында әу баста байланыс болған болуы да мүмкін. Қорқу етістігі ең алдымен қасиетті деп есептеліп, қорғауға алынған қорыққа қатысты айтылған болуы ықтимал. Мысалға бүгін мола, бейіт, мазар дегенмен қоса қорым деген сөз қолданылады. Ол қорымға немесе қорыққа барып онда жатқан адамның мазасын алуға болмайтын болғандықтан, қорық зат есімі қорқу етістігіне алмасқан болуы мүмкін. Жалпы түріктерде қорқу түсінігі құрметтеу түсінігімен астасып келеді. Мысалға мал баққан көшпенділердің малы және соған байланысты жаны үшін бірінші орындағы қауіп қасқыр болатын. Осы қорқынышты қасқырды түріктер өзіне пір тұтып, оған құрмет көрсетеді.

Ал енді Қорқыт атына оралатын болсақ, бұл жердегі –т жұрнағы етістіктен етістік тудырып тұрған жұрнақ еместігін бірден айта кетейік. Өйткені Қорқыт ата қорқынышты болып, жұртты қорқытып жүрген тұлға емес. Керісінше, жұрттың құрмет-ықыласына бөленіп жүрген адам. Бұл жердегі –т жұрнағы «міну» етістігінен «мініт», «кию» етістігінен «киіт» мысалында болғанындай, етістіктен зат есім тудырып тұрған жұрнақ. Сонда Қорқыт аты қорықтай киелі, қорымдай қастерлі адам дегенді білдірсе керек. Сол киесі мен қасиеттілігінен қорқып, құрмет көрсету керек дегенді білдіруі мүмкін. Басқаша айтқанда Қорқыт сөзі Ислам дінімен тілімізге енген уәлі, әулие деген сөздердің түрікше баламасы болуы ықтимал.

Қорқыт атаның Түркі өркениетіне қалдырған мұрасына келетін болсақ, оның ең негізгі үлесі – қобыз. Қобыз – Тәңір дінінің белгісі. Қобыздың қос ішекті болуы да тегін емес. Қос ішектің бірі өмірді, екіншісі өлімді білдіреді, бірі қуанышты бірі қайғыны білдіреді; бірі бұ дүниені екіншісі о дүниені білдіреді. Қобыз бүгінгі заманды өткен заманмен, ұрпақтарды ата-бабаларымен байланыстырып тұрған көпір. Исламды қабылдаған түріктер аталарына Құран бағыштап, оны ұйып тыңдағанындай қобыздың мұңлы үнін дәл солай тебіреніп тыңдайтын болған.

Қорқыт атаның Түркі өркениетіне қосқан екінші үлесі – Атам Қорқыттың кітабы. Кітап Қорқыт атаның аузынан айтылатын он екі жыр-дастаннан тұрады. Оқиғалар Оғыз елінде өтеді. Бірақ бұл дастандардың «қаңлы Қожа ұлы Қан Тұралы», «үйсін Қожа ұлы Сергек» аталулары бұл жырлардың әу баста қаңлы, үйсін елдерінде қалыптасқандығын көрсетеді. Қорқыт дастандарының Қазақ жырларына ең көп ұқсайтын жыры – Байбүре ұлы Бамсы Бейрек дастаны. Бұл дастан қазақ-өзбек-қарақалпақ халықтарындағы Алпамыс дастанының бір нұсқасы. Сонда Бамсы дегені Алып Бамсы яғни Алпамыс, Байбүре дегені Байбөрі. Осыларды ескерсек, бұл еңбек Түркі әлемінің тұтастығын қалыптастырып тұрған маңызды құндылықтардың бірі екендігіне тағы да көз жеткіземіз.

Еңбектің «кітап» болып аталуы болса, түріктердің Ислам дінін қабылдағандығының белгісі. Бір қызығы кейбір деректерде Қорқыт ата оғыздар Ислам дінін қабылдайтын кезде түріктердің Мұхаммед Пайғамбарға елшісі ретінде барады және Салмани Фарси деген сахабамен қайтып келіп түріктерге Ислам дінін түсіндіре бастайды. Сонда бұл деректерге сай, Қорқыт ата түріктердің Ислам дінін қабылдауында жетекші рол атқарады.

Қорқыт ата туралы ойымызды жинақтайтын болсақ, ол Түркі өркениенінің негізгі тіректерінің бірі. Бүгін қазақ «Қорқыт» десе қобызды еске алады. Ал Қобыздың Түрік-Ислам өркениетіндегі жалғасы қос ішекті домбыра. Сол домбыраның арқасында қазақтар қаншама ассимилияциялық саясатқа душар болса да, өзінің ұлттық болмасын, ұлттық санасын сақтап қалған. Сондықтан біз түптеп келгенде Қорқыт атаға борыштармыз. Бізді «біз» қылып тұрған негізгі құндылық – міне осы қобызымыз, домбырамыз және Қорқыт атамыз.


Пікірлер(0)

Пікір қосу