Сапарбек ЕРГӨБЕК: Қазақ ешқашан баласын егін ексін, кетпен ұстасын деп тәрбиелемейді...

08 Мамыр, 2019 1280

         «Бір баланы адам етіп өсіргенше, бір шаһар опат болады», - депті Көне Шыңғыс даңалығы. Осы салыстырудың өзі - ақ баланың шын мәніндегі толық адам болып қалыптасуы қыруар тер төгуді, ауқымы кең, жауапкершілігі мол еңбекті қажет ететінін ұқтырса керек. Осы орайда, біз Түркістан қаласы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ - түрік университінде қаншама жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарған, профессор Сапарбек Ергөбек Сәрсенұлымен кездесіп, сұқбаттасқан болатынбыз.

        -     Армысыз, аға! Сұқбаттасуға арнайы уақыт бөлгеніңізге рақмет! Сіз Тәуелсіздік алған жылдардан бері ұстаздық қызметте жүрсіз. Ұрпақ тәрбиесіне де бейжай қарамайтыныңызды білеміз. Осы турасында әңгіме өрбітсек....

- Кез – келген халықта бала тәрбиесі үлкен мәселе. Ал соның ішінде қазақ халқының бала тәрбиелеуі, ұрпақ тәрбиелеуі көп халықтан өзгеше. Қазақ ешқашан баласын егін ексін, кетпен ұстасын, мал бақсын деп тәрбиелемейді. Осы уақытқа дейін де байқамадым. Біздің халық баласын ылғи үлкен іске тәрбиелеген. Үш жасынан атқа мінгізіп, жауынгерлікке, ел қорғасын деп, одан мықты болса, батыр болар, қол бастар деп дайындап, одан мықты боп жатса ел бастауға дайындайды. Көп алдында сөз алып, би – шешен болуға тәрбиеледі. Қазақта сөз бар, «Би болма, би түсетін үй бол»,- дейді. Ол би болма деген сөз емес, би бол, бірақ бола алмасаң, би түсетін үй бол дейді. Сен қалай болса да шаңырақты ұстап тұратын уық тәрізді, мемлекетті ұстайтын адам болуға міндеттісін деп тәрбиелегені ғой.

- Қазіргі жастардың бойына «Рухты болыңдар» деп тәрбиелеудесіз. «Рухани жаңғыру» жылы болғандықтан емес екені тағы мәлім. Осыны тарихпен сабақтастырып жиі айтасыз...

-Иә, өйткені кешегі отарлау дәуірінде , орыс отарлауы кезінде Петр патша өзі айтқан «Қазақ даласын алып, сол арқылы  Индияға өтеміз, сосын Индияны аламыз» деп. Ол Индияны ала алмады. Себебі, қазақтың кесірінен ала алған жоқ. Неге? Өйткені, бір қазақтың өзі орысты жүз елу жыл ұстады. Бақандай бір жарым ғасыр! Сол қазақтың әрбір азаматы мемлекет алдындағы жауапкершілікті сезіне алғанының, алған тәрбиесінің арқасында. Өйткені, біз балаларымызды рухты етіп тәрбиелейміз. Тәрбиеледік. Біз түптеп келгенде отарландық, ұлттық санамызға үлкен зиян келтірілді, зардап шектік, Совет заманында орыстандық, көп қырылдық. Осының бәрін неге тізіп отырмын? Айтарым, қазақ қанша қырылып, алапат күндер кешіп, зардап шексе де,артында тұрған қаншама елге, Қырғызстан ,Өзбекстан, Түрікменстан сияқты елдерге ұзақ уақыт осы отарлауды жібермеген бірден бір елміз!. Осы аралықта қанша ғасырлар өтіп діни, мәдени мұрасының сақталуына да себепкер болған – қазақ елі. Мен ұстаз ретінде, қанша жыл ұстаз болсам, сонша жыл осы әңгімемді айтып келем. Біздей отарланған ешкім жоқ... біздей ешкім қырылған жоқ... тарихи жүкті сезініп, мойнына артылған миссияны түгелдей орындаған халықпыз.

- Сіз айтып отырған осы рухты азаматтардың артында бір – бір қазақ қыздары тұрды. Олар туралы не айтасыз?

- Қазақ айтады «әйел – үйдің туы» деп. Бұл сөзді бізден басқа ешбір халық айтпады - ау. Яғни әр әйел – әрбір үйдің туы, сол тудың бәрі жиылып мемлекетті құрайды. Сондықтан мен әрқашан қазақ қызына сенемін. Ерлерімен бірге соғысқа да қатысты, қашанда өзінің ақылды, дана екенін байқатып отырды. Қажетті оқиғалар адам бойындағы қажетті қасиетті шығарады ғой, міне сондай кезде қазақ қыздары өздерін көрсете білген. Қазақтың болашағы да – қазақ қызының қолында! От – Ана деп жатамыз, «Отан» деген сөздің өзі де, от пен ана сөзінің қосылуынан туындаған. Біздің қазақ ұлын оқытпаса да, қызын оқытып жатады. Себебі, біледі. Сенеді. Тіпті, мән беріп қарасаңыздар, үйдегі қыздың тәрбиесіне аса мән беруі де осында жатыр.

- Дұрыс айтасыз. Сұқбатымызда аяқталуға жақын. Сөз соңында Түркістандағы осы өзіңіз айтып отырған «қазақ руханиятының» бүгіні мен келешегі қандай?

- Бүгіні де жаман емес. Кешегісі жадаулау еді. Ертеңі одан да көркем болады деп ойлаймын. Бұл өзі киелі өлке ғой. «Түркістан» деген ұғым – «Қазақстан» деген ұғымнан әлдеқайда үлкен. Сондықтан, Түркістанда өсіп келе жатқан жастар үлкен ой ойлай білетін азамат боп қалыптасулары керек. Түркістан сендермен бірге өссін, Сендер Түркістанмен бірге өсіңдер!

-  Көп – көп рақмет!

Сұқбаттасқан: Рысгүл ДОСЖАНОВА

Пікірлер(1)

Гулназира (2019-06-18 10:30:23)

Нақты, əрі рухты пікір.

Пікір қосу