Қожа Ахмет Ясауи туралы аңыздар

09 Мамыр, 2019 271

Тарихы тереңнен бастау алған, көк түріктің көне мекені, Түркістан қаласының «символы» деп танылатын – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің халыққа беймәлім, ашылмаған сырлары жетерлік.

Сопылық ілімді жалғастырушы  Қожа Ахметтің туған өңірі мен жерленген жерінің, өскен ортасының киелі болуы – ондағы кешеннің халықтың санасында туған діни-мифологиялық таным-түсінік, ғұрыптық әрекеттердің және оның ертедегі ескерткіштермен байланысты болуында. Бүгінгі елдің таным-түсінігінде сол жердің қасиеті мен киелілігіне қоса, өнері мен қадір-қасиеті, ақылдылығы мен көрегендігі, елді соңынан ерте білетін асқан қабілет, дарын иесі болғандықтан мойындалып, елге танылған атақты адамдардың туып-өскен жерлері де ел аузында қасиет дарыған, киелі жер деп айтылып жүр. Тек түбі бір түркі жұрты үшін ғана емес, әлем халқының қызығушылығын оятатын бұл киелі мекеннің «екінші Мекке» деген құрметке ие болуында Қожа Ахмет Ясауидің ілімі мен ол туралы аңыз-әңгімелердің рөлі өте жоғары.

Осы орайда Түркология ілімінің негізін қалаушы, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Мехмед Фуад Көпрүлүнің «Түрік әдебиетіндегі алғашқы сопылар» атты кітабында түркі, араб, парсы және батыс тілдерінде жарияланған зерттеулер мен еңбектерді, әсіресе, түркі әдебиетіндегі сопылық дәстүрді қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармашылығына талдау жасалады. Turkistan.kz ақпараттық порталы төменде ұсынып отырған үзінді 1918 жылы жарияланған аталмыш кітаптың 1976 жылғы басылымынан берілді.

Халық санасында қуатты із қалдырған әрбір тұлға, тіпті, өзі өмір сүрген кезеңінің өзінде өзі туралы аңыздық хикаялардың дүниеге келе бастағанының куәсі болады. Ол аңыз-хикаялар көптеген ғасырлар бойы бір ұрпақтан екінші ұрпаққа табысталу кезінде біршама өзгеріске түседі де, нәтижесінде ол тұлғаның шынайы бейнесін анықтау қиындық туғызады. Әсіресе, Шығыста сопылардың «халық санасындағы» ықпалының жоғарылығынан ғасырлар өткен сайын, оларға жаңа хикая-аңыздар ойлап қосып, тарихи тұлғасын тіпті де ұмыттыра түседі. Ескі Шығыс тарихшылары көбінде тарих пен аңыздық хикаяны бір бірінен ажырата алмағандықтары үшін халық санасында қалыптасқан қиялдық бейнелерді кітаптарына дәл солай етіп жазудан басқа ешбір нәрсе қоса алмады. Міне, сондықтан, бүгін Қожа Ахмет Ясауидің тарихи тұлғасын қалпына келтіруде, ең алдымен, ғұламаның бізге қалдырған аңыздық хикаялық тұлғасын айқындаймыз. Қоғамдық сана ортаға алып шыққан бұл тұлға, шынайы тарихи тұлғаны дәлме-дәл көрсетпесе де, үлкен бір құрметке ие болып, зерттелуге лайық.

Балалық шағы

Қазіргі Түркістан облысының Сайрам қаласында Хазреті Әли ұрпағынан тараған Шайх Ибраһим атты шайх қайтыс болған кезде артында Гауһар Шахназ атты қызы мен Ахмет есімді жеті жасар ұлы қалды. Ахмет кішкентайынан қилы тағдырды басынан өткізіп, жасынан ерек іс-әрекеттер көрсетеді. Өзі жазған «Диуани Хикмет» атты шығармасында маңдайына жазылған тағдырды сопылық ілімін жалғастырушы шәкірттеріне бірнеше рет тілге тиек етеді. Бала күнінен Қызыр Алейхссаламның кеңесін алған Ахмет жеті жасында әкесінен айырылып, жетім қалғаннан кейін, басқа рухани ұстаздан тәрбие алады. Хазреті Пайғамбардың рухани кеңесімен Шайх Арыстан баб Сайрамға келіп, оны шәкірт етеді.

Арыстан баб аңыздар бойынша алғашқы сахабалардың бірі. Ел аузындағы аңыз әңгімеге қарағанда, төрт жүз жыл және басқа бір аңыздарда жеті жүз жыл өмір сүргендігі айтылады. Оның Түркістанға келіп, Қожа Ахмет шәкіртіне ілім беруі бір рухани мәнге негізделген. Хазреті Пайғамбардың дін үшін соғыстарының бірінде Кирам Сахаба қаншалықты аштық пен азап шеккенде, оның жанында қалып, құдайдан азық сұраған болатын. Хазреті пайғамбарымыздың дұғасына сай, Жәбірейіл періште жаннаттан бір табақ құрма алып келіп береді. Дегенмен сол құрмалардың бірі жерге түседі. Жәбірейіл періште сонда: «Бұл құрма сіздің үмбетіңізден Ахмет Ясауи атты пендеңіздің үлесі» дейді. Әрбір аманаттың иесіне берілуі заңдылық болғандықтан, Хазреті Пайғамбар сахабаларына бұл уазифаны іштерінен бірінің мойынына алуын сұрады. Сахабаларынан ешбірі жауап қатпады. Тек Арыстан баб Аллаһтың жәрдемімен бұл уәзифаны өзінің құзыретіне алатындығын айтады. Осыған орай, Хазреті пайғамбар құрманы өз қолымен Арыстан бабтың аузына салып, ықыласын білдіреді. Дәл сол арада құрма үстіне бір перде пайда болып, Хазреті пайғамбар Арыстан бабқа Сұлтан Ахмет Ясауиді қалай іздеп табатындығын түсіндіріп, оның тәрбиесімен айналысуды бұйырады. Осыдан кейін, Арыстан баб Сайрамға немесе Яссыға келіп, өзінің міндетіне алған уазифаны орындағаннан кейінгі жылы өмірден озады. «Диуани Хикметте» Ясауи оны хор қыздарының жібек тоннан шапан тігіп, жетпіс мың періштенің жылап жоқтап жәннатқа кіргізгендігі туралы жазылған.

Неліктен «Қожа Ахмет Ясауи» атанды?

(Қарашық қалашығының қалыптасу тарихы)

Арыстан бабтың тәрбиесімен жеті жасында үлкен рухани дәрежеге өз еңбегімен көтерілгеннен кейін, толық қалыптасқан мәртебеге ие болған кішкентай Ахметтің біртіндеп сол аумаққа даңқы тарала бастады. Әкесі Шайх Ибраһим де сансыз кереметтерімен танылған адам болатын. Сондықтан, ұстазының сөздерін толығымен құрмет тұтқан кішкентай баланың ата-бабалары тұрғысынан да үлкен бір сыйға ие болғандығы белгілі. Осы аралықта бір оқиға Ахметтің даңқын бүкіл Түркістанға таратты. Бұл дәуірде Мауреннахр мен Түркістанда Ясауи атты билеуші салтанат құрған. Ол қыс мезгілінде Самарқандта отырып, жазда Түркістан тауларында жайлауда болатын. Барлық Түрік билеушілері сынды аң аулауды жаны қалайтын бұл падишах, Түркістан тауларында аң аулаумен уақыт өткізетін еді. Бір жазда Қарашық тауында аң аулауға шыққанында таудың ойлы-қырлы болып келуі оны бұл қызықтан мақрұм қалдырады. Қарашықта ешбір аң аулай алмағандықтан, бұл тауды жоқ етуді көздейді. Өзінің билігі жүретін аумақта қанша уәли бар болса, соның бәрін жинайды да, бірауыздан осы тауды жоқ етуді тапсырады. Түркістан әулиесі де билеушінің бұл қалауын қабыл етеді. Аллаһтан медет тілеп, үш күнге дейін осы таудың орнынан жоқ болуын жалбарынып сұрайды. Дегенмен, барлық тілектер қабыл етілмей, нәтижесіз қала береді. Себебін іздестіріп, «Елдегі ғұламалардан, уәлилелерден келмеген бар ма», – деп сұрастыра бастайды. Шайх Ибраһимнің ұлы Қожа Ахметтің өте жас болғандығы үшін шақырылмағандығы белгілі болады. Дереу Сайрамға адам жіберіп, алдыртады. Жас бала шығарында әпкесінен рұқсат сұрайды. Әпкесі: «Әкеміздің өсиеті бар. Сенің халық арасында танылуыңның уақыты келіп-келмегенін айқындайтын нәрсе, әкеміздің қастер тұтатын мешітіндегі сандығы. Егер, оны ашуға дайын болсаң, баруыңа болады. Танылатын уақытың келді деген сөз» дейді. Бала осыдан кейін, мешітке барып, сандықты ашады. Осылайша танылатын уақыты жеткендігін білдіреді. Жылдам түрде сандықты алып, Яссы қаласына келеді. Барлық әулиелер осы арада дайын отыр еді. Сандықта тұрған бір үзім нанды қолқайыр ретінде қабыл алып, Фатиха сүресін оқиды. Бұл нанды мәжілістегілерге бөліп беріп, бәріне жеткізеді. Әулие және падишаһ әмірлері мен әскерлерінен сол жердегі 99 000 кісі әзір тұрады. Олар бұл кереметті көріп, Қожа Ахметтің даналығына тағы да бір сүйсінеді. Қожа Ахмет әкесінен қалған жүн шекпенін киіп, дұғасының нәтижесін күтіп отырған еді. Кенеттен жер жүзі сел болып, әр тарапқа су тарай бастайды. Шайхтардың жайнамаздары толқын бетінде қалқып жүзеді. Бұл жағдайға таңданып, айқай-шу шыға бастайды. Қожа Ахмет шатырынан басын шығарған кезде, дауыл тоқтап, күн шайдай ашылады. Қараса Қарашық тауы орнынан кеткен. Одан соң, бұл таудың орнында Қарашық атты кішкене қалашық пайда болып, Қожаның барлық жұрты тұратын жері және отаны ретінде қалады. Бұл кереметті көрген Ясауи билеуші өз атының қияметке дейін сақталып қалуын қалап, Қожаға ұсынады. Қожа бұл ұсынысты қабыл етіп, «Әлемде кімде кім бізді сүйсе, сенің атыңмен бірге еске алсын» дейді. Міне, содан бері, «Қожа Ахмет Ясауи» атымен аталатын болды.


(жалғасы бар)


Пікірлер(0)

Пікір қосу