"Түркістан" атауын енгізген ханды білесіз бе?

11 Мамыр, 2019 388

Turkistan.kz тарихи-танымдық ақпарат порталы «Тұлға – Тарих» атты жаңа бөлімінің жұмысын бастағаны баршамызға мәлім. Бұл бөлім бойынша Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңайында жерленген 21 (кей деректерде 25) хан мен 150-ден аса халық қалаулыларының ғұмыр тарихы мен қайраткерлік жолдары жайлы мәлімет бермекпіз. Бүгінгі сіздерге ұсынар мақаламыз 1598-1613/14 және 1626/27-1628 жылдардағы қазақ ханы Есім жайлы болмақ. Ол Тәуекел ханмен бірге Шығай ханның Жақсым бике атты әйелінен туған. Зерттеушілер Шығай ханның он екі ұлы болғанын айтады. Олар мыналар: Сейтқұл сұлтан, Ондан сұлтан, Тәуекел хан, Есім хан, Шахмұхаммед, Әли, Сұлұм, Ибрагим, Шахим, Кучук, Абулай және Бусайд сұлтандар. Шығай ханның ұлдары арасында Сейітқұл, Ондан, Кучук және Абулай сұлтандардың есімдері әртүрлі оқиғаларға байланысты жазба деректерде кездесіп отырса, қазақ елінің саяси тізгінін қолдарына ұстағаны – Тәуекел хан мен Есім хан.


Есім ханның тарихи тұлғасынан бірнеше ерекшеліктерді байқаймыз. Біріншісі – 20-ға жуық қазақ хандары ішінде Қасым хан мен Тәуке хан секілді ол «Есім ханның ескі жолы» атты заңдар жинағын енгізеді. Дау шешіп, төрелік айту құзыретін иеленген би-қазылардың оны білуі міндетті саналған. Ресей деректерінде Есім ханның тұсында қазақ халқы арасындағы жеті атаға дейін некеге тұрмау тәртібі заңдастырылғаны туралы айтылады. Есім хан қазақ халқының ата салтының сақталуына шешуші мән берді. Қазақ хандығының бірлігін нығайтып, шекарасын кеңейтуге үлкен үлес қосты. Екіншісі – оның хандық билікте екі рет болуын жатқызамыз. Басқа елдерде хандық билікте бір тұлғаның екі немесе одан да көп болғаны белгілі, ал қазақ мемлекеті үшін бұл жағдай ерекше болып саналады. Үшінші ерекшелікке – Есім ханнан бастап Яссы қаласы жаңа атауға – Түркістан атауына ие болып, Қазақ хандығының астанасына айналады да, қазақ хандары Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанына жерлене бастайды. Сөйтіп, Есім ханнан бастап Түркістан қаласының киелілік маңызымен қатар саяси-әкімшілік және рухани орталық ретінде маңызы артады.

1598 жылғы Орта Азиядағы оқиғаларды және соған байланысты Қазақ хандығының жүргізген саясатын баяндайтын деректерде Есім сұлтанның есімі алғаш рет нақты кездесе бастайды. Бұл кезде Есім сұлтан ағасы Тәуекел ханнан кейінгі қазақ қоғамындағы ең беделді, ең атақты сұлтандардың бірі болатын. Мынадай дерек оның тұлғалық бейнесін ашады. 1598 жылы Тәуекел хан Бұқараны ала алмай кері шегінгенде, ол ашуланып ағасына мынадай сипатта хабар жібереді: «Соншама әскермен азғантай ғана Бұхара әскерінен шегіну деген ұят нәрсе, егер хан Самарқанға келсе, бұл жақта да Бұхара жақтағыдай самарқандықтардың бізге бағынбауы мүмкін. Хан шегінісін тоқтатып, кері оралсын, мен оған өз әскеріммен қосыламын». Тәуекел хан інісінің кеңесін құп алады да, қайтадан Бұхараға бет алады. Көп ұзамай оған Есім сұлтан келіп қосылады. Бұхараға да Балхтан көмекке әскери күш келіп жетеді. Екі жақ арасындағы шайқастар қайта жалғасып, бір айдай уақытқа созылады. Соғысушы екі жақ түпкілікті жеңіске жете алмайды. Осындай бір сәтте Тәуекел хан әскерді өзі бастап ұрысқа түседі. Осы шайқаста Тәуекел ханның өзі де ауыр жарақат алады. Хан жараланғаннан кейін әскерлері Ташкентке оралады. Ал көп ұзамай Тәуекел хан қайтыс болады. Міне, осы дерек мәліметі Есім ханның қайсарлығын, өжеттілігін, намысшылдығын, табандылығын көрсетеді.

1598 жылы Тәуекел ханнан кейін таққа келген Есім хан ең алдымен Мауереннахрға қатысты түйінді мәселені шешеді. Нахшбендилік шейхтердің араласуымен қазақ билеушісі мен орта-азиялық билеушілер арасында бейбіт келісімдерге қол жеткізеді. Бұл дегеніміз – Қазақ хандығының аумағына Түркістан мен Ташкент аймақтарының қосылуын Мауереннахр билеушілерінің заңды түрде мойындағанын көрсетеді. Жасалған келісім-шарт Түркістанды түпкілікті түрде, Ташкентті 200 жылға және Ферғананы уақытша Қазақ хандығының құрамына қосады.

Есім хан билігінің алғашқы кезеңіндегі оқиғаға қарақалпақ тайпаларының бүлігі жатады. 1603 жылдың күз айында олар шайбанилық бір сұлтанды хан көтеріп бөлектене бастайды. Екі жақ арасындағы алғашқы ұрыстар сәтсіз болып, қазақ ханы Түркістан, Ташкент, Сайрам қалаларынан айырылады. Тек 1605 жылы ғана Есім хан қарақалпақ ханы Жалған Әбдіғаппарды өлтіріп қана барып, елдің тұтастығы мен бірлігін сақтап қалады.

Қазақ хандығындағы екінші бүлікке қазақ сұлтаны – Тұрсын Мұхаммед сұлтанның бүлігін жатқызуға болады. Шамамен, 1613-1614 жылдары аштарханилық Имамқұли ханның қолдауымен Есім ханнан билікті тартып алған Тұрсын хан 13 жылдай Ташкентте хан болып отырады. Ал Есім хан болса Шығыс Түркістандағы шағатайлық хандарға кетуге мәжбүр болады. Осылайша оның өмірінің алты жылы Шығыс Түркістан аумағында өтеді.

ХVII ғасырдың басында бұл аумақта да Абд ар-Рашид ханның ұрпақтары арасында тартыстар күшейеді. 1615/16 жылы Тұрпан билеушісі Абд ар-Рахимх хан Ақсу қамалын басып алу үшін бірнеше рет жорық жасайды, бірақ ешқандай нәтиже бермейді. Сол себепті де ол өзіне одақтас ретінде Есімді шақырады. Ал Есім хан болса, хандық биліктен айырылып, Ташкенттегі Тұрсын ханмен қатынасы өте нашар боп тұратын.

Есім хан Шығыс Түркістанда алты жылдай болып, ол жақтағы саяси оқиғаларға белсене араласады. Бірнеше рет Абд ар-Рахим ханмен бірлесіп, Ақсу қамалын иемденуге күш салады.

1623/24 жылы Есім хан Шығыс Түркістаннан қайтып оралады. Соған қарағанда Тұрсын ханмен арадағы қатынасы жақсарады. Тіпті, 1624 жылы Есім хан Тұрсын ханның Андижан жорығына қатысады. Бұл жорық қазақ хандары үшін өте сәтті аяқталып, Бұхара әскерлері жеңіліске ұшырайды. Осыдан кейін Есім хан Түркістан қаласына орнығады.

1625 жылы болашақ Хиуа ханы, әрі тарихшы Әбілғазы Түркістандағы Есім ханға келеді. Бұл туралы ол былайша баяндайды. «Түркістанда Есім хан қасында үш ай тұрдым. Ол уақытта қазақтың ханы Тұрсын хан еді, ол Ташкентте тұратын еді, Түркістанға келді. Есім хан оны көре барды, мені есік алдына қойып, өзі барып Тұрсын ханға көрініс қылып, қайтып келіп, менің қолымнан жетектеп алып барды. Тұрсын ханға: «Бұл – Йадгар хан ұлы Әбілғазы, еш уақытта бізге бұл жамағаттан кісі келіп қонақ болған жоқ еді, бізден барғандар көп болар, бұл сіздің қызметіңізде болғаны жақсы», - деді. Тұрсын хан: «Жақсы, сенің айтқаның болсын» деп өзімен бірге Ташкентке алып кетті. Ташкентте Тұрсын хан қасында екі жыл тұрдым. Екі жылдан соң Есім хан Тұрсын ханды өлтірді».

Есім ханның Тұрсын ханды өлтіруі 1627 жылы болады. Ол туралы деректе былай делінеді: «Сол жылы (1626/27 жыл) Есім сұлтан қалмақтарға жорық жасауға шешім қабылдайды. Ол туы астында бүкіл алаш әскерін басқа да қоластындағы ұлыс адамдарын, Тұрсынға қарайтын қатағанның бір бөлігін жиып, Моғолстанның бір шетіне аттанады да, қалмақтарға шабуыл жасап, оларды тонауға ұшыратады. Осы кезде Тұрсын сұлтан көптен бері өзінің басты саяси қарсыласын жоюды көздеп жүрген болатын. Ол тез әскер жасақтап, Түркістанның бір жерінде орналасқан Есім ханның Ордасын талқандап, ондағы адамдарды қыруды көздейді. Оның адамдары Ордаға бас салып, көп адамдарды қырады да, Есімнің әйелдері мен балаларын, барлық қызметшілерімен Ташкентке алып кетеді. Жеңіске масаттанған Тұрсын хан Есімнің көзін біржолата жою үшін оның жорықтан оралар жолын күзетіп, тұтқиылдан ұстамақ болады. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін ол өз әскерімен Есімге қарсы аттанады. Екі жақ Сайрам түбінде кездеседі. Тұрсын жеңіліс тауып, Ташкентке қарай шегінеді. Екі қазақ ханының Ташкент түбінде екінші ұрысы болады да, Тұрсын хан әскері жеңіліс табады, ал Тұрсын ханның өзі қаза табады. Оны өзіне жақын адамдарының бірі өлтірелі. Есім хан Тұрсын ханның басын кесіп алып, Бұхара ханы Имамқұл ханға жібереді. Өз кезегінде Бұхара билеушісі Есім ханға Түркістан, Ташкент және тағы басқа қалалар мен елді мекендерді басқаруға хан жарлығын шығарады.

Есім хан Тұрсын ханды өлтіргеннен кейін Түркістанға қайтып оралады. Онда ол бір жылдай өмір сүріп, келесі 1628 жылы шамамен 70 жасқа қараған шағында қайтыс болады. Есім хан Түркістанға жерленген, қабірінің басына кесене орнатылған.



Есім хан кесенесі – Түркістан қаласындағы XVII ғасырдан сақталған архитектуралық ескерткіш. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің батыс мұнарасынан оңтүcтікке қарай 12 м жерде орналасқан. Бұл күнге кесене қирап, бұзылған қалпында жеткен. Ол XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында қираса керек. Кесене күйдірілген кірпіштен төртбұрышты (9/9 м) етіліп өрілген. Негізгі қасбеті портал түрінде болып келеді. Қасбеттері жылтыр қалақтаспен геометриялық ою-өрнектер түрінде әшекейленген. Оңтүстік-шығыс жағында кесенеге кіретін есік бар. Еденіне төртбұрышты күйдірілген кірпіш төселген. Кесененің сақталған бөлігі 2000 жылы қайта жөнделді.

Деректерде Есім ханның тек үш ұлының есімі ғана айтылады, қалғандары жөнінде мәліметтер жоқ. Оның ұлдары: Жәнібек сұлтан, Жәңгір хан (Жахангер) және Сырдақ сұлтан. Есім ханнан кейін тақты оның ұлдары Жәнібек, одан кейін Жәңгір хандар басқарады.

 

Пікірлер(0)

Пікір қосу