"Қара жердің қайығы" туралы не білесіз?!

11 Мамыр, 2019 263

Түйені біздің қазақ «Қара жердің қайығы» деп атайды. Ғасырлар бойы халқымыздың қатынас құралы ретінде есептеліп келді. Мен Семей қаласында дүниеге келдім. Сол жерде өсіп өндім. Түйені тек кітаптан көріп жүргенім болмаса, өмірі түйе көрмеппін. «Көрмес, түйені де көрмес» емес, біздің өлкеде бұл жануар жоқтың қасы. Түркістанға келген сапар барысында, «Қара жердің қайығы» алдымнан шығып, адымымды бастырмай, ауызымды аштырып қойған. Шұбатының дәмін татып, таңдайымда қалған дәмімен түйе туралы барынша ізденіп бақтым.

Ендеше нар түйенің тұқымына қарай қалай бөлінгенін, қандай ерекшеліктері бар екені жайында баяндасақ. «Түйе жисаң нардан жи, сиыр жисаң пардан жи» деп бекер айтпаса керек. Сол нар түйенің жиырмадан астам түрі бар екен. 

Аруана – нар түйенің ұрғашысы. Денесі ірі, аяқтары жіңішке, жүні тақыр, бұйра болып келеді. Суыққа төзімсіз болғанымен,ыстыққа шыдамды, бақырып жын төгуді білмейді. Сүтті болады. Иық жүндері ұзын, құйрық ұшының жүні шашақты келетіндіктен, кейде қазақтар «шалқұйрық» деп те атайды.

Бекбатша нар – қос өркешті түйенің бурасы аруанаға шағылысуынан пайда болған түйе. Ол күшті, ыстық – суыққа шыдамды келеді.


Қолбатша нар – нар түйенің бурасы мен қос өркешті түйенің інгеніне шағылысуынан пайда болған түйе. Суыққа, аштыққа, ыстыққа шыдамды. Табаны батпақты жерде таймайды, бақырмайды, аздап жынын төгеді.


Жамбоз нар – бекбатша нардың бурасы қолбатша нардың ұрғашысына шөгуден пайда болған түйе. Бұл - нардың ең жақсысы, денесі жатаған, сүтті, күшті, ыстық – суыққа шыдамды, бақырып жынын төкпейді.  Кеуде төсінің екі жағында екі тұлымы бар. Жүні тығыз, түсі боз болады.


Жөнек нар – бекбатша мене қолбатша нар бурасы аруанаға яки жамбозға шөгуден пайда болған түйе тұқымы. Мұны «кеңқолтық» деп атайды.

Қалбағай нар – аруананы жөнектің бурасына немесе жөнек нардың ұрғашысын нардың бурасына қайытқаннан пайда болған түйе. Мұның түсі бозғылт, денесі жіңішке, сида, аяқтары маймақ болады. Ауыр жүк көтере алмайды. Бұл нардың – ең нашар түрі.


Өқбақ нар – қырысты қоспақ  қылағай нар мен қоспақты қылағай нардың бурасын шағылыстырудан туған түйе. Жүні селдір, шудасы аз, бойы биік, сымбатсыз, арқасы дөңес, қомы болмайды, бурасы кісі алады.


Ләйлік нар – нар түйенің бурасы лок пен қос өркештің бурасы аруанаға немесе інгенге шағылысудан туған түйе. Бұл түйе әлсіз, бақырауық, ыстық – суыққа шыдамсыз, өркеші ат арқалы келеді. Бурасы адамға жүгіреді.


Әленар нар – бурасының таза қандысын таза қанды аруанаға шөгеруден пайда болған түйе. Сирақтары әлді, аяқтары орнықты, өркеші қомды келеді. Өте сүтті болады, бір өзінен бір көнек сүт шығады.


Желмая нар – түйенің таза қанды бурасы әленардың таза қанды ұрғашысына шағылыстырудан туған түйе. Бұл өте жүйрік болады. Жеті сөтке бойы оттамай, су ішпей жүгіруге шыдайды. Жүрісіне, шабысына бәйге аттары да жете алмайды. Бақырып жынын шашпайтын, саны үлкен, аяқтары қуатты, сүтті келеді.


Ләкір нар – қос өркешті түйенің бурасы аруанаға шағылысуынан пайда болған түйе. Лақ жүнді, шудасыз болады. Сирақтары әлсіз, табаны тайғақ, бақырауық болады. Әрі жатып алып, жынын көп төгетін түйе.


Досжанова Рысгүл

(жалғасы бар)

Пікірлер(0)

Пікір қосу