Еділбек Дүйсен. Аяқталмай қалған романдар

13 Мамыр, 2019 382

Аяулы оқырман. Біз кейбір әдеби шығармалардың тағдыры туралы кеш біліп жатамыз. Әсіресе, қазақ оқырмандары үшін бұл қалыпты жағдайға айналып кеткелі қашан. Оның себептерін «жіпке тізген моншақтай» рет-ретімен айта беруге де ұят-ты. Сондықтан осы секілді ескеруге тиісті ескерілмей жатқан мәселелердің алдын алу мақсатында порталымыздан «Руханият» бөлімі ашылған еді. Сөзімізді растау үшін ақын, аудармашы Еділбек Дүйсеннің «Аяқталмай қалған романдар: Биігіне жетпей, беймелім қалған бейнелер» атты мақаласын ұсынып отырмыз.

Редакция



Сөз басы. Роман аталатын әдебиеттің үлкен жанрларының бірі турасында таңды таңға ұрып әңгіме айтуға болатын шығар. Әрине, бұл лепес біздің соншалықты көп білетіндігімізді емес, роман тарихының қызғылықты әрі жан түршігерлік екендігін білдірсе керек. Хош. Жер бітіп, су аққалы қаншама мыңдаған, бәлкім миллиондаған романдар, роман-эпопеялар дүниеге келді. Тіпті жекелеген романдарды түсіндірген һәм талдаған том-том монографиялардан, зерттеу еңбектері мен ғылыми мақалалардан аяқ алып жүре алмайсыз. Олардың бәрі де романның адамзатқа ауадай қажеттігі мен романшыға артылар жүктің өзге жазармандарға қарағанда едәуір ауыр екендігін талмай айтып келеді. Романшы демекші, орыстың «романист» сөзінің қазақ тіліне осылайша тәржімалануына қаратып кейбір «толыспаған Толстойлар  мен шала Шекспирлер» қарсы пікір білдіріп, аудармашыларды қажағандай болған. Алайда, ең берісі әулие Әбіш пен «сары қазақ» Бельгердің өзі осылай қолданған соң, күмәндануды да жөн көрмегеніміз рас. Тағы бір талас, алайда мұнан көрі мәндірек, мағыналырақ, оған қоса ауқымы кең талас- романның әу баста қалай пайда болғаны мен ең алғашқы романның кімге тиесілі екендігі жөнінде. Бұл туралы «Роман» атты әйгілі зерттеу мақаласының авторы, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегері һәм «латынамерикалық дүмпудің» ең соңғы көзі тірі өкілі Марио Варгас Льоса былай дейді: «Роман- бұл, мәдениеттің хәл-жайының куәгері. Ол адамзат дамуының белгілі бір сәтінде дүниеге келеді, және оның бұл сәтті анықтауға болатын өзге де жанрлардан айырмашылығы бар. Әлбетте, әдебиет тарихшылары, сан мыңдаған оқымыстылар романның қайнар бастауын қадым заманнан іздегені белгілі. Менендес- и- Пелайоның «Романның қайнар көзі» аталатын кітабынан, біз, бұл жанрдың өткенінің санскриттер әлемінде, азиялық өркениет пен өте ежелгі мәдениеттерде жоғалғанын оқимыз. Мен бұлай емес деп ойлаймын: біз, қазір, роман деп түсінетін сол бір жанр шын мәнінде, ортағасырлардың соңында пайда болды, ал одан бұрын өзге де баяндау түрлері роман болмаған, өйткені олар жәй ойдан шығарылған оқиғалар арқылы белгілі бір діни, рухани ғылыми жүйелерді кең тарату мақсатында жазылды... Мен, ең алдымен, роман- ағартушылық немесе өсиет айтқыш, тәрбиелегіш сипаттық тәсілде болмайтын және бола алмайтын жанр деп есептеймін. Оның тәсілі- риясыз... Роман жанры- Еуропада рыцарлық романдар пайда болған орта ғасырларда өзін жеке жанр деп жариялады. Сонда, не орын алды? Есесіне, әдебиет тарихында бұрын-соңды болмаған нағыз революция болды. Осынау әдебиет жанрының ізіне түсу басталды: романды қауіпті деп санап, оны жанр құрамынан сызып тастағысы келді. Рыцарлық романдардың түгелдей дерлік авторларының есімі жасырын түрде екенін бәріміз де білеміз. Себебі сол уақыттарда роман авторларын қудалап, түрмеге тоғытып, ал қайсыбірлерін өртеп те жіберді. Кітаптар қашан да еден астындағы құпия қоймада сақталды, тіпті, бір жағынан алып қарасаңыз, мысалы, Америкадан кітаптарды ондай жерден таппас та едіңіз, себебі, қоймада жасырын ұстамақ болғандарға өте қатаң түрде тыйым салынды. Өйткені, осы секілді кітап түрлерінен Америка құрлығының ежелгі тұрғындарының Рухы қопарылмауға тиіс-тін».

Льоса аталмыш мақаласында көне романдар бастауында тұр деп есептелініп келген Апулейдің «Алтын есегі» мен Петронияның «Сатириконын» роман жанрына жатқызудан бас тартады. Романның тұжырымының рыцарлық романдар мен бүгінге дейінгі уақыт аралығындағы тұжырымда қалатындығын баса айтады. Ал, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан 1914 жылы «Қазақ» газетіне «Арыс ұлы» атты бүркеншік есімімен жариялаған «Роман не нәрсе?» мақаласында былай дейді: «Роман деген сөздің мағынасы мынау. Осыдан 150 жыл соң Италия французды билеп тұрған заманда екі тіл қатысып, ортадан дара роман тілі туған. Осы тілмен француз жазушылары сол заманның кемшілік, таршылығын көрсетіп кітап жазған һәм кітаптарын роман тілімен жазғаны үшін «роман» деп атаған... Романның ішкі мағынасы: тіршіліктің жарық һәм күңгірт жағын бейне өзіндей етіп суреттеп, адамның өзіне көрсету. Роман- адамзаттың өмірін, дәуірін бұлжытпай көрсетуші баға жетпес айна... Романның асыл мақсаты: адамзаттың мінез-құлқын түзетпек, кемшілікті, қараңғылықты адамзаттан қумақ... Осы рет, осы мағынамен 18 һәм 19-ыншы ғасырда атақты роман шығарушылар: Англияда Валтер Скот, Чарлз Диккенс, Теккерей, орыста Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Толстой һәм басқалар».

Былайша айтқанда, роман- жер бетілік тіршілік иелерінің бастан кешкені мен кешпегінің, сол дәуірлер сапырылысындағы адамның ақыл-ойы мен сана-сезімінің энциклопедиясы, қуанышы мен қайғысы, ең әлсізі мен ең мықтысының портреттері ілінген үлкен ақ сарай. Ол ақ сарайға қолына қалам ұстаған кім көрінген кіре алмақ емес. Маған ең қызық болып көрінетіні, жазылып басталған романдардың аяқсыз қалуы. Бірде, автордың өлімі себебінен, бірде рух тербелісінің жазу не тақырып алдында қауқарсыздық танытуынан, кейде жазылып бітіп, өрт құшағында кетуінен. Қалай десек те, қаһармандардың үзілген тағдырларының оқырман қолына жарым-жартылай күйінде жетуі. Алайда, Гогольдің әйгілі «Өлі жандары», Булгаковтың «Шебер мен Маргаритасы», Прусттың «Жоғалған уақытты іздеуі» сол сапта. Біздің айтпағымыз да осы тақырып төңірегінде. Құрметті қазақ оқырманына аяқсыз қалған романдардың бірлі-жарымын жинақтап таныстырмақ ниеттеміз.

Томас Манн. «Алаяқ Феликс Крульдің мойындауы». Томас Манның осылай аталған соңғы романы 1954 жылы неміс тілінде жарық көрді. Бұл романды жазуға Томас Манн бақандай 41 жылын сарп етті. Кітап атауына арқау болған Феликс Круль есімді жан Манның одан бұрынғы, яки 1911 жылы жазылған қысқа әңгімелерінің бірінде қылаң береді. Алайда, бұл әңгіме 1936 жылы ғана, араға ширек ғасыр салып барып, Манның «Үш онжылдықтың тарихы» атты 1896-1929 жылдары жазылған жиырма төрт әңгіменің басы қосылған жинақта алғаш рет жарияланады. Кейін, жоғарыда айтып өткеніміздей, 1954 жылы «Алаяқ Феликс Крульдің мойындауы» атты кітаптың алғашқы бөлімі жарық көргенімен, Манның өзі бір жылдан соң бақилық болады. Осылайша, суайт Феликстің ғұмыры оқырман еркіне өтіп кете барады. Кітап аяқсыз қалса да, оны оқырман қауым үлкен құрметпен оқыды. 1957 жылы режиссёр Курт Хоффман осы атаумен фильм түсіреді, 1982 жылы Бернхард Зинкельдтің бес сериялы шағын сериалы көрерменге жол тартады.

Николай Гоголь. «Өлі жандар». Бұл кітап автордың жанрын поэма деп айқындаған әйгілі туындысы. Әу баста үш томдық болып жоспарланған романның алғашқы кітабы 1842 жылы баспадан жарық көрді. Екінші том аяқталып, дайын күйінде тұрғанымен, оқырман қолына түгелдей жете алмады, тек оның қолжазба күйіндегі бірнеше бөлімі ғана сақталған. Ал үшінші том мүлдем басталмаған десе де болады, ол туралы тек кітаптың жалпы жүлгесінің қалай болатындығы жайлы автордың түсіндірмесі ғана бар. Поэма, роман-поэма, прозалық поэма деп айтыла беретін «Өлі жандардың» алғашқы бетін жазуға автор 1835 жылы отырған. Кітаптың сюжетін Гогольге айтушы- орыстың ұлы ақыны А. Пушкин. 1840 жылы романның екінші томын жазып бастаған Гоголь шығармашылық жұмысын Францияда, Германияда, Италияда жүріп те жалғастыра берді. Алайда, ол кітап өзгеше тағдыр кешті. Оның тағдыры туралы әртүрлі нұсқа бар:

·        Әдеби аңыз: Гоголь 1852 жылдың 12- ақпанының таң әлетінде кітапқа көңілі толмағандықтан, саналы түрде оны өрт құшағына тастады.

·        Гоголь дайындап отырған кітапты байқамай шимай-шатпағының орнына өртке тастап жіберді.

·        Гоголь 1851 жылдың аяғында «Өлі жандардың» екінші томын аяқтады, автордың пікірі мен тыңдаушылардың көзқарасынша- шедевр. 1852 жылдың ақпанында Гоголь өзіне өлімнің жақындай түскенін сезіп, шимай-шатпақтарын өртке тастайды да, «Өлі жандардың» екінші томын граф А. Толстойға жібереді. Шамасы, ол құпия жерде әлі күнге дейін сақтаулы тұр.

Михаил Булгаков. «Шебер мен Маргарита». «Дәл қазір менің күлім көкке ұшты... Мен өзім, өз қолдарыммен сайтан жайлы романымның шимайын пешке лақтырдым». Бұл Михаил Булгаковтың Үкіметке жазған хатынан үзінді. Пьесалары сахналануына тыйым салынып, өзі туралы айтылған күңкіл мен өсекке сүрініп-жығылып жүрген Булгаков хатта баяндалған «сайтан жайлы романды»- «Шебер мен Маргаританы» өртке лақтырды. Жазушы өзінің ақырғы романын жазуға 1929 жылы отырды. Дегенмен, Булгаков өзін әйелімен бірге СССР аумағынан шығаруын қатты өтінді. Бірақ, 1930 жылдың 18 сәуіріндегі Сталинмен телефон арқылы сөйлесуінен соң ол өз жазуына қайта кірісті. 1936 жылға дейін жазылған романның екінші өңдеуіне «Фантастикалық роман» деген анықтама берілді, әрі атауына бірнеше нұсқалар қойылды: «Ібіліс», «Ұлы канцлер», «Кеңесшінің тұяғы» т.т.т. «Шебер мен Маргарита» атауы 1937 жылдың орта тұсында, үшінші өңдеу барысында пайда болды. Екі жылдан соң роман жақын дос-жарандарға оқуға ұсынылды. Олардың барлығының пікірінше, романды басу мүмкін емес еді. 1939 жылы, «Батум» пьесасына тыйым салынғанын естіген Булгаков қатты төсек тартып қалды. Өлімнің тым жақын қалғанын сезінген автор романды аяқтауға қанша жанталасса да 1940 жылдың 10 наурызында ана дүниеге аттанып кете барады. Орта шеніне енді ғана келіп, аяқтаусыз қалған кітаптың соңғы сөйлемін автор: «Сонымен, әдебиетшілер қорымға баратын болды ма?» деп жазған екен. Булгаковтың өзі үшін «мәңгілік кітапқа айналуы тиіс» «Шебер мен Маргаританың» соңғы нұсқасын Елена Сергеевна Булгакова жасаған. Роман 1966 жылы жарық көрді.

Мұхтар Әуезов. «Өскен өркен». Бұл көркем сөз құдіретімен күллі дүние жүзіне өз кезеңіндегі қазақ елінің әдебиетін, мәдениетін, әдет-ғұрпын танытқан ұлы шығарма «Абай жолын» тудырған романшы Әуезовтің соңғы романы. Романның алғашқы кітабы 1961 жылы жарық көрген. Ал екінші томы аяқталмай қалған. Кей деректерде Әуезов бұл романды 5 том, кей деректерде 7 том етіп жоспарлаған делінеді. Роман 1960 жылы жазылып басталған. «Өскен өркен» жайында ғалым Рымғали Нұрғали былай дейді: «Көзі жіті, сезімі сергек, құбылыстар қыбын қалт жібермейтін ойшыл жазушы М. Әуезовтің «Өскен өркендегі» ең үлкен табысы- кейіпкерлерін сәтті таба білуінде... Интеллектуалды қаһарман бейнесін жасау «Өскен өркен» романының бір мақсаты болған. Ол- ең алдымен, Нил Петрович Карпов. М.Әуезов өзінің ендігі үмітім деп қараған шығармасының бас тұлғасын орыс адамы етіп алуы неліктен? Айтпақшы, француз Ромен Ролланның даңқты эпопеясының түп қазық кейіпкері Жан Кристоф неміс қой. Бөгде көзге сынату, салмақтату, бағалату арқылы жазушы ғаламат шындықтарды танытты емес пе? Әуезов те сол ойды құптаған болды. Өмірдің еңісті, қат-қабатты асу-асқарлы жол-соқпағында достасқан орыс адамдарының бейнесін көрсетпек те болған шығар...». 1966 жылы режиссёр С. Ходжиков «Өскен өркен» романының желісімен «Шыңдағы шынар» фильмін түсірді.

Оралхан Бөкей. «Алданған ұрпақ». Бұл трилогиялық роман қолжазбалық ойлар күйінде аяқталмай қалған. Бізге жеткен деректер бойынша, бұл романның басты тақырыбы- қытай қазақтарының тағдыры болса керек. Небәрі 10 беті ғана жазылған роман кезінде «Жас Алаш» газетіне Ардақ Бөкееваның әзірлеуімен шыққан. Бұл роман туралы Асқар Алтай былай дейді: «Әдебиет философия емес, әрине. Бірақ белгілі дәрежеде байланысы бар. Автордың белгілі дүниеге байланысты көзқарасы кейіпкердің сөзі арқылы, болмаса, авторлық жақтан айтылғанымен, оны нақты философия деп айта алмаймыз. Көркем әдебиеттің ерекшелігі де сол. Бірақ көркем әдебиеттен ой іздейміз. «Жоғалған ұрпақ» деген ұғым бар емес пе. Оралхан ағаларымыз осы жоғалған ұрпаққа жатады. Мүмкін ол жиырма, отыз жылға созылатын шығар. Осы жылдар ішінде қазақ не жоғалтты? Соған жауап берген шығармасы осы «Алданған ұрпағы» болар ма еді...».

Жалғасы бар

Пікірлер(0)

Пікір қосу