САЙЛАУ 2019: Жамбыл Ахметбековтың сайлауалды тұғырнамасы

13 Мамыр, 2019 365

Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер

Жамбыл АХМЕТБЕКОВТЫҢ

САЙЛАУАЛДЫ ТҰҒЫРНАМАСЫ

Батыстың ықпалы мен жалған құндылықтарынан бас тарту

Батыстың ақшаға табынушылық, кез келген жолмен табыс табу және адамгершілікке жат дәстүрі біздің Отанымыз үшін қауіпті.

Эгоцентрлі индивидуализм жаңа батыстық дәстүр ізбасарларының мінез-құлқына тән болып табылады. Ол көпұлтты Қазақстан халқының бірегей мәдениетіне, біздің ділімізге, моральдық межемізге жат.

Халық коммунистері интернационализмнің, еуразияшылдық идеяның және XXI ғасырдағы ұлттың ерекше жолының жақтаушысы. Біз интернеттің белгілі бір контенті жастар үшін қауіпті деп санаймыз. Дәлірек айтсақ, интернетке шығатын деструктивті мазмұндағы материалдар ұлтаралық және конфессияаралық араздық тудырып, қоғамда түсініспеушіліктің орнауына негіз болады. Бізге – қазақстандықтарға, біздің мәдениетіміздің, өркениетіміздің негізіне, ортақ үйіміз – Қазақстанға қауіп төндіретін мұндай сын-тегеуріндер қажет емес!

Біз, барлығымыз, «Көк киттің» деструктивті қызметінің, оның сұмдық нәтижесінің куәгері болдық.

Мемлекет біздің балаларымызды интернет-контенттің кері әсерінен қорғауы тиіс, сонымен қатар көркем әдебиет, ұлттық және әлемдік классиканың үздік шығармаларын оқытуды насихаттауға ерекше назар аударуы керек. Әдебиет заманауи және болашақ ұрпақтың рухани азығы болып табылады.


Барлық қашқын олигархтарды сотқа тарту

Әлеуметтік әділ қоғам әділетсіз табысқа көнбеуі тиіс. Біздің халықты, экономиканы тонап жатқан адамдар қай жақта жасырынып жатса да, әділ сотқа тартылуы керек. Әділдік орнауы тиіс.

Президенттікке үміткер ретінде мен бізден ұрланған капиталдарды халыққа, Отанға қайтаруға мемлекет пен қоғамның бар күшін салатын уақыт жетті деп мәлімдеймін. Бұл салада заңнаманы күшейту және бұл күресте әлемдік қауымдастықпен өзара ықпалдастықты жандандыру қажет. Халықтың ақшасы халық мүддесі үшін қызмет етуі тиіс.


Кедейлікпен күрес

Қазіргі таңда кедейлік жұмыссыздықпен емес, төмен табысқа байланысты болып тұр. Осының салдарынан жұмысшы азаматтардың жағдайы нашар. Кедейшілік шегі сияқты маңызды көрсеткіш бойынша шұғыл шара қолдану қажет. Елдегі кедейшіліктің шынайы деңгейін қайта санау керек және бұл құбылысты өзекті әлеуметтік мәселе деп тану қажет.

Біз отандық тауарға, әсіресе АӨК өнімдеріне тұтынушылық сұранысты ынталандыру бағдарламасымен бірге кедейлікпен күресу бағдарламасын қабылдауды, оны іске асыруды бірнеше рет ұсындық және оның жүзеге асырылуы үшін жұмыс істейміз. Бұл міндетті түрде экономиканың шынайы секторы мен ауылдағы кооперацияның дамуына мультипликативті әсер ететін болады.

Біздің ойымызша, білім беру саласынан бастап табысты арттырудың ұзақмерзімді стратегиясы кедейлікті еңсеру мен әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудің дұрыс бастамасы болып табылады.


Көрші елдермен экономикалық интеграция! 

ҚКХП үміткері көрші елдермен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) және «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы халықаралық қарым-қатынастың және экономикалық интеграцияның жалғасуын қолдайды. Көрші елдермен экономикалық байланыс олигархтардың емес, қатардағы қазақстандықтардың әл-ауқатының дамуына негіз болуы тиіс.

Біз, тауар, қызмет, жұмыс күші және қауымдастықтағы капитал нарығының дұрыс кооперациясына қол жеткізгіміз келеді.


Әділетті салық салуды енгізу

Қазақстанда ауқатты және өте ауқатты адамдардың саны өте көп. Мұнымен қатар кедейлік шегінде немесе оған жақын деңгейде өмір сүретін адамдардың саны артып келеді. Қазақстанның салық салу жүйесі байлар үшін елімізді жұмаққа айналдырып отыр. Бұл – әділетсіз!

ЭЫДҰ елдерінде жеке тұлғалардың табыс салығы 42% құраса, бізде бұл көрсеткіш небары 10% құрайды. Орта тапты қозғамай, үстеме табысқа ие адамдарға табыс салығының жоғары мөлшерлемесін қолдану қажет.

Үміткер, партия және оның Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі фракциясы қазақстандық саясаттың бел ортасында еңбек адамы, оның өмірі, зияткерлігі, мәдениеті мен саламаттылығы, ел мен қоғамға қызмет етуге деген ұмтылысы болуын талап етуді жалғастырады.


Пікірлер(0)

Пікір қосу