САЙЛАУ 2019: Төлеутай Рақымбековтың сайлауалды тұғырнамасы

14 Мамыр, 2019 305

Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер

Төлеутай РАҚЫМБЕКОВТЫҢ

САЙЛАУАЛДЫ ТҰҒЫРНАМАСЫ


Елді толық ауқымды жаңғырту міндеттерін іске асыруда ауыл мен агроөнеркәсіптік кешеннің алар орны ерекше. Себебі 7,7 млн. жуық адам немесе ел халқының 42,6% - ы ауылда тұрады. Аграрлық өндіріс Қазақстанның халық шаруашылығының ірі және дәстүрлі саласы болғандықтан, оның дамуы ел экономикасына айтарлықтай мультипликативтік әсер бере алады.

Қазақстан азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етуге қабілетті агродержаваға айналуға және әлемдік нарықта экологиялық таза өнім шығаратын көшбасшының бірі болуға тиіс.

Астық, мақта, жеміс және көкөніс өндірісі ішкі нарықты қамтамасыз етуге қабілетті, бұл әлеуетті үнемі қолдап отыру қажет. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейі әлемнің жетекші елдерімен тең болуы тиіс.

«Алқап – қойма - сөре» тауар қозғалысы кезіндегі саяси шығындарды азайтып, аграрлық азық-түлік нарығының инфрақұрылымын дамыту арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын кеңейту маңызды. Біз ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін ауыл шаруашылығы тұтыну кооперативтерінің желісін, оның ішінде шағын шаруашылық нысандарын техникалық жарақтандыру үшін кооперативтік машина-технологиялық станцияларды дамыту қажет деп есептейміз. Агролизинг мүмкіндіктерін кеңейту арқылы отандық ауыл шаруашылығы өндірісін техникалық жаңғырту жөніндегі өзекті проблеманы шешу маңызды.

Халықты жыл бойы дәрумендермен қамтамасыз ету үшін импортты алмастыру аясында жылыжай шаруашылығын дамыту, сонымен қатар, ауылдағы жұмыссыздықты жою үшін, ісін жаңа бастаған фермерлерге гранттар санын арттыруға, соның ішінде отбасылық мал шаруашылығы фермаларын дамытуға жәрдемдесу қажет.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау, қайта өңдеу және өткізу инфрақұрылымын жетілдіру, сондай-ақ, биржалық сауданы дамыту және ауыл шаруашылығы өндірісін сақтандыру тетіктерін жетілдіру саланың дамуына жаңа серпін береді.

Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру, сақтау және қайта өңдеумен айналысатын ірі-тауарлық кешендер Қазақстанның Қытай мен Ресейге ғана 5 млрд. АҚШ долларын құрайтын экспорттық мүмкіндіктеріне жол ашады. Біз ауыл шаруашылығы өнімдері мен оны қайта өңдеу өнімдерінің экспортын қолдау бағытында да нақты шаралар әзірлеуді ұсынамыз.

Аграрлық ғылымды дамыту, ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындарын қаржыландыруды ұлғайту, атап айтқанда, жабдықтар сатып алу, ғылыми және селекциялық орталықтарды қолдау өзекті саналады. АӨК саласында білім тарату жүйесі басты рөл атқарады. Тиімді ақпараттық-консультациялық қызметтерді ұйымдастыру маңызды.

Агроөнеркәсіптік кешен жаңа технологиялық деңгейге, минералдық тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын енгізудің зияткерлік жүйелеріне, сандық технологияларға көшуі тиіс. Өсімдік шаруашылығында табысы аз, суды көп мөлшерде талап ететін дақылдарды өсіруді қысқартып, оларды көкөніс, майлы және жем-шөп өнімдерімен ауыстыру жолымен жүру қажет. Біз ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мелиорациялау жүйесін дамытуды, агрохимикаттарды тиімді пайдалану, құрғақ аймақтарда топырақты нөлдік өңдеудің қазіргі заманғы технологияларын және басқа да инновацияларды қолдануды кеңейту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеуді ұсынамыз.

Аграрлық ғылымды дамыту мақсатында біз агробизнестің ғалымдармен өзара іс-қимылының пәрменді тетіктерін, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің ресурс үнемдейтін, инновациялық және климаттық жасыл технологияларын тарату құралдарын, ірі қара малдың геномдық селекциясын, сондай-ақ өсімдіктерді қорғаудың биологиялық әдістерін әзірлейміз және енгіземіз.

  1. АУЫЛДАР МЕН ҚАЛАЛАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ТЕҢДІГІ – ҚОҒАМНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУ МҮМКІНДІГІ

Бүгінгі таңда халықтың әртүрлі топтары, өңірлер мен салалар арасындағы табыс мөлшерінде айырмашылық жоғары болып қалып отыр. Ауыл шаруашылығы өндірісі ең төменгі жалақы деңгейін көрсететін салаларға жататынын атап өткен жөн.

Бүгінгі таңда біздің қоғамда болып отырған өткір әлеуметтік проблемаларды ескере отырып, қала мен ауыл арасындағы алшақтықты жеңу маңызды деп санаймыз. Әлеуметтік саясат барлық адамдардың және әрбір адамның дамуына қызмет етуі тиіс.

Ауыл инфрақұрылымын дамыту, шекара маңындағы ауылдарды сақтау және ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған шаралар кешенін іске асыру қажет, атап айтқанда, ауыл халқын ауылда өз ісін ұйымдастыру үшін тәжірибелік дағдыларға оқытудан бастап, олардың ұзын әрі арзан ақшаға қол жеткізуін қамтамасыз етуге ұмтылуымыз керек. Біз ауыл тұрғындарына арналған әлеуметтік көмек түрлерін оңтайландыру, медициналық қызмет көрсету және әлеуметтік қолдау деңгейін жақсартуды ұсынамыз.

Ауыл – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі. Осыған байланысты қазақстандық ауыл дамуының негізгі трендтерін, оның ішінде әлеуметтік және экономикалық даму - жолдар, су, газ, электрмен жабдықтау, мектептер, балабақшалар, емдеу, мәдени және спорт мекемелері, көп балалы және жұмыссыздарды әлеуметтік қорғау мәселелерін және т. б. анықтауды ұсынамыз.

  1. ДӘСТҮРЛІ ЖӘНЕ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ САҚТАУ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ СЕНІМДІ НЕГІЗІ

Біз жаһандану дәуірінде өмір сүреміз. Бұл кезең ұлттық мәдениеттің толыққанды өмір сүруі мен дамуы үшін қауіп-қатердің көзі саналатыны жалпыға мәлім. Сонымен қатар, ол адамдарға өзін-өзі іске асыру үшін, елді толыққанды жаңғырту, экономикаға және әрбір адамның өміріне инновациялық технологияларды енгізу үшін жаңа мүмкіндіктер береді.

Дәстүрлі құндылықтар – бүкіл қазақстандық қоғамның тұрақты рухани бірегейлігінің негізі.

Халықтың тарихы мен мәдениетін ескермей, этникалық дамудың бастауларын, мәдениетіміздің басым рухани, адамгершілік құндылықтарын түсінбей қазіргі Қазақстанның дамуы мүмкін емес.

Біздің халқымыздың өткенінің рухани тарихында тарихи үрдістің құндылық-мағыналық негізін және нақты этноәлеуметтік болмысын құрайтын ұлттық бірегейліктің терең қайнаркөзі қаланды.

«Ауыл» партиясы өскелең ұрпақты дәстүрлі құндылықтар руһында тәрбиелеу – еліміздің сенімді дамуының негізі деп санайды.

  1. АУЫЛДАҒЫ ЖАСТАР САЯСАТЫНЫҢ ТИІМДІ МОДЕЛІ – АУЫЛДЫ ӨРКЕНДЕТУДІҢ ҚҰРАЛЫ

Біз халқымыздың бай рухани-адамгершілік мұрасын жас ұрпаққа жеткізуіміз керек. Біз білім алу, тұрғын үй, жұмысқа орналасу сияқты жас ұрпақтың ең өткір мәселелерін шешуге қабілетті дәйекті жастар саясатын іске асыруға, Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңға жастарға нақты әлеуметтік кепілдіктер беретін өзгерістер мен толықтырулар енгізуге шақырамыз.

Ауыл жастары арасындағы жұмыссыздықты ақпараттық-консультациялық қолдау көрсету және ауыл үшін нақты өзекті дағдыларға оқыту арқылы жеңуді, сондай-ақ ауыл жастары үшін арнайы жұмыс орындарының банкін құруды, ауыл жастарын әлеуметтік тұрғын үй құрылысының ауқымын ұлғайту арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етуді ұсынамыз; ақылы жоғары кәсіби білім алу үшін жастарды мамандық бойынша одан әрі жұмыс істеу міндеттемесімен пайызсыз несиелендіру тетігін енгізуді ұсынамыз.

Жастарға ауылда өмір сүру үшін жайлы жағдай жасау арқылы олардың ауылдан кетпей, керісінше, білім алғаннан соң, кіші Отанын өркендету жолында еңбектенулеріне мүмкіндіктер туғызу керек.

«АУЫЛ» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – Қазақстан Республикасында әлеуметтік бағытталған, әділ мемлекетті құруды өзіне мақсат етіп қойған заман талабына сай партия.

«Ауыл» партиясының ұғымында Қазақстан болашақта:

- дәстүрлі және рухани құндылықтары, ұлттық мәдениеті сақталған;

- ауылдарында өмір сүру сапасының жоғары стандарттары сақталған, ауыл мен қаланың дамуында әлеуметтік сәйкессіздік жоқ;

- халқы ел ішінде өндірілген барлық қажетті негізгі азық-түлік түрлерімен қамтамасыз етілген;

- бүкіл елде (тек қалаларда ғана емес) дамыған инженерлік, әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымы бар;

- білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік дамудың лайықты жүйесі бар мемлекетке айналуы тиіс.

БІЗ – АГРАРЛЫҚ ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ МЕН ИННОВАЦИЯ ҮШІН!

БІЗ – ҚОҒАМ МЕН МЕМЛЕКЕТТІҢ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ҚҰРУ ҮШІН!

Біз барлық қазақстандықтарға бұл таңдауды бізбен бірге жасауды ұсынамыз.


Пікірлер(0)

Пікір қосу