Еділбек Дүйсен. Аяқталмай қалған романдар (жалғасы)

14 Мамыр, 2019 295

Аяулы оқырман. Біз кейбір әдеби шығармалардың тағдыры туралы кеш біліп жатамыз. Әсіресе, қазақ оқырмандары үшін бұл қалыпты жағдайға айналып кеткелі қашан. Оның себептерін «жіпке тізген моншақтай» рет-ретімен айта беруге де ұят-ты. Сондықтан осы секілді ескеруге тиісті ескерілмей жатқан мәселелердің алдын алу мақсатында порталымыздан «Руханият» бөлімі ашылған еді. Сөзімізді растау үшін ақын, аудармашы Еділбек Дүйсеннің «Аяқталмай қалған романдар: Биігіне жетпей, беймелім қалған бейнелер» атты мақаласын ұсынып отырмыз.

Редакция


Марсель Пруст. «Жоғалған уақытты іздеу».  Бұл - жазушының соңғы әрі даңқын әлемге жайған әйгілі романы. Жазушы бұл романы үшін он төрт жылын сарп етіп, осы уақыт аралығында 3031 беттен, 1 267 069 сөзден тұратын осынау туындыны дүниеге әкеледі. Гиннестің рекордтар кітабына ең көлемді роман болып енген Прусттың кітабында екі мыңнан аса кейіпкер енген. Кітапқа автордың балалық шағынан есейген кезіне дейінгі есте қалған дүниелері өзек болған. Кітап 15 томнан және 7 бөліктен тұрады. Шығарманың алғашқы томы 1913 жылы, екіншісі 1918 жылы жарық көріп, 1919 жылы авторға кітаптың алғашқы екі томы үшін Гонкур сыйлығы беріледі. Араға екі жыл салып романның үшінші томы, 1922 жылы төртінші томы басылып шығады. Пруст кітапты жазу барысында жұмысқа өзін толығымен арнау мақсатында қоғамнан алшақтап, емен ағашынан жасалған жатын бөлмесінен шықпаған. Әдетте түнде жазумен айналысып, күндіз түскі үш-төрке дейін оянбаған. Ұйқысынан тұра сала құрамына апиын қосылған ұнтақты жағып, демікпесін емдейтін болыпты. Таңғы асқа сүт қосылған кофе мен круассан жегені де естелік беттерінде қатталып қалған. Ал, ең қызығы- ол роман жазу барысында ұйықтап қалмас үшін дәрі түріндегі кофеиндерді ішіп отырған. Дәптерді тізесіне қойып, басына жастық жастанып алатын Прусттың романдары төсектің үстінде жазылған «Жоғалған уақытты іздеу» романы «Антика энциклопедиясы» атанған 2 100 000 сөзден тұратын «Артамен және Ұлы Кир» романынан кейінгі «сөзуар» роман.


Лао Шэ. «Қан қызыл тудың астында». Қытайдың ұлттық әдебиетінің көшбасшы шеберлерінің бірі, даңқты драматург, публицист, оқырман қауымға реалистік және сатиралық прозамен есімі етене таныс Лао Шэнің монографиялық «Қан қызыл тудың астында» романы да аяқсыз қалған шығармалардың көшін жалғап тұр. Он бір тарауы ғана жазылып біткен романда Қытайды билеген Цин империясының соңғы дәуіріндегі елдің астанасы- Бейжің төңірегіндегі өрбіген оқиғалар сөз болады. Ең қызығы, Лао Шэнің әкесі- Цин империясының Мұңғұл құрамалы қызыл байрақты әскерінде сардар болған, кітаптың тақырыбының қатыстылығы да осында. Бұл жайт Лао Шэнің романды соншалықты жанды, соншалықты шынайы жазуына септігін тигізгені анық. Романда негізінен Цин империясының соңғы жылдарындағы қираған билігі мен қажыған әскері, халықтың ішкі-сыртқы күштерден келген машақатты ғұмыры мен рухани күйзелісі сөз болады. Романға автор жиырма жылдай дайындалып, 1961 жылы жазу үстелі отырғанымен, бір жыл өтер-өтпестен шығармашылығын амалсыздан кідірте тұрады. Сол тұста бүкіл Қытай аумағын шаршып үлгерген Мәдениет төңкерісінің дауылы Лао Шэнің да қалам ұстап тыныш отыруына еш мүмкіндік бермеген сыңайлы. Ақыры осы төңкерістің жандайшап-әпербақандарының тепкісіне шыдамаған Лао Шэ 1966 жылы Бейжің қаласындағы Тайпинг көліне өз-өзін лақтырады. Өлер алдында «Артыма қайырыла қаралық ештеңем жоқ. Өзекті өртер жалғыз ғана өкінішім- соңғы романымды аяқтай алмадым» деген екен. Жалпы, бұл романды сыншылар қауымы Қытайдың «Үш патшалық қиссасы», «Батысқа сапар», «Қызыл сарайдағы түс», «Су бойында» атты классикалық төрт романдарының қатарына жатқызады.


         Сәбит Мұқанов. «Аққан жұлдыз». Қазақтың ойшыл-ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығын қаншама жылдар бойына зерттеген, қазақтың үлкен жазушысы Сәбит Мұқановтың аталмыш «Аққан жұлдыз» романы да қазақ тарихында құйрықты жұлдыздай ағып өткен Шоқанға арналған туынды. Әу баста жазушының өзі 4 том ретінде жоспарлаған романның екі томы ғана оқырмандар қолына тигені мәлім. Алғашқы кітабы 1967 жылы, араға үш жыл салып 1970 жылы екінші кітабы жарық көрген. С. Мұқановтың мұражай-үйінде «Аққан жұлдызды» жазғандағы қаламы сақтаулы тұр. Жазушының өмірінің соңғы жылдарында қолы дірілдеген болса керек, жұбайы оған арнайы ауыр қалам әкеліп берген. Роман туралы Сәбит Мұқановтың өзі Әуелбек Қоңыратбаевқа жазған хатында былай дейді; онда «Абай жолы» мен «Аққан жұлдызды» салыстырушыларға былай дейді: «Ең алдымен ол екеуінің өскен ортасы, алған білімі және ой-өрістерінің кеңдігі мен биіктігі екі басқа. Абай көшпелі қазақ ауылдарының ішінен ұзап шықпаған, ең алдымен - Семейден әрі бармаған кісі. Оның ой-санасы да осы аумақтың төңірегінде. Ал  Шоқанды алсақ, қазақ даласының Абай аяқ баспаған көп өлкесін қыдырған, Сібірді түгел аралаған, Орта Азияны түгелге жақын кезген, Орталық Россияны жақсы білетін адам. Сондықтан оның көрген-білгені де Абайдан әлдеқайда кең. Оқу білімінің мөлшерін алсақ, соған байланысты дүние тануын алсақ, Абайды Шоқанмен өлшеуге болмайды... Абайдың жеткен өресі - гуманизм ғана, оның да абстрактный түрі. Ал Шоқанды алсақ,  социалистік идеяға жете алмағанымен сол уақыттағы демократиялық идеяның ең бигіне көтерілген және саналы түрде көтерілген адам... Абайды өз мөлшерінде Мұхтардың жақсы көрсеткені рас. Онда да - бірінші және екінші кітапта ғана. Үшінші, төртінші кітаптағы Абайды, мен өзім, Абайды өсіру жолында алғашқы екі кітаптың жалғасы дей алмаймын».


Сөз соңы. Романның аяқсыз қалуы, белгілі бір жағдайларда жазушының жазу үстелі үстінде өмірден өтіп кетуі- автор үшін аса өкінішті көрінбейтін жағдай. Ал, оқырмандарға салсаңыз әлбетте, жан сүйсінерлік пікірге кезікпейсіз. Жалпы, осынау мақаламыздың әлқиссасында айтып өткеніміздей, осы күнге дейін сан мыңдаған романдар жазылды. Көлем тұрғысынан көз қамағанда маңдайымыз «Адамзаттық комедияға» тірелетін шығар. Бағытымыздың ауқымын кеңейтіп, қазақ әдебиеті шеңберінде ғана сөйлесек көлем де тарыла түседі екен. Өйткені осы күнге дейінгі ең көлемді романымыз Қажығұмар Шабданның  6 томдық «Қылмыс» романы. Ал ең көлемі тар романымызды Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптары» десек, қателесе қоймаспыз. Хош. Әңгімемізді тәтті жерінен үзгелі отырмыз. Айыпқа бұйырмаңыз, оқырман. Ізденісіңізге септігіміз тиіп жатса, біз үшін үлкен олжа екендігін ескерерсіз.


Пікірлер(0)

Пікір қосу