Бауыржан Серікбаев. Алтынбекке бұйырмаған уақыт пен мүмкіндік Қосановтың қолында тұр

15 Мамыр, 2019 616

Кезінде Алтынбек Сарсенбаев заманынан озық туған, білімді азамат болды. Бірақ, ол кезде xалық дайын болмады. "Хабар" мен "Егеменге" сеніп жүрген қоғамның ұйқыдағы кезі еді. Қазір сайлауға түсіп жатқан Қосановтың бағы бар. Ел оянып, оң мен солын танып жатқанда додаға түсіп отыр. Шыны керек қалың қазақ бір өзгерісті күтеді. Үміті кандидат Қосановта. Қосанов керек кезде, керек саяси додада жүрген адам.

Ер азаматқа бақ қонбайды емес қонады. Бірақ, осы бақты, уақытты, елдің үмітін, қолына келген мүмкіндікті қалай қолданады өзіне байланысты. Алтынбекке бұйырмаған уақыт пен мүмкіндік Қосановтың қолында тұр. "Абылайдың асында шаппағанда атаңның басында шабасың ба?" демекші дәл қазір, осы саяси додада барын салуы керек. Қосановты мақтай бермей кері кеткен жерінде қамшының астына да алу қажет. Елдің жүгін арқалау оңай емес. 30 жыл шаршаған қоғам азаматынан белсенді әрекет, өткір сөз, ер мінез күтеді. Оны көрмесе сөзбен сабап та алады. Мұны дұрыс жағынан түсінуге Қосановтың саяси өресі жетеді деп ойлаймын. Дәл қазір Қосановтың алдында сайлау науқанының басынан бастап кезек күттірмей шешуі тиіс тактикалық қадамдар бар. Олар:

1. Әлеуметтік желіге күніге бір сағатын арнап тікелей эфирге тұрақты шығуы керек.

2. Биліктің қала шетінен кішкентай залдарды беріп жатқанын айтып қалды. Бұл тамаша мүмкіндік сіз үшін! Енді ашық шабуылға көшіңіз. Сіз бен Тоқаев қазір тең құқылы кандидатсыздар. Басты қарсыласыңыздың "Сайлау әділ өтеді" деген сөзі бар. Плакаттарында "Мен президент болсам елге әділдік әкелемін" деген ұранды көп жазыпты. Қарсыласыңызды дәл осы тұсынан ұстаңыз! Тоқаевтың басты ұранын өзіне қуырып беріп, антипиарға айналдырыңыз. "Әкімшілік күшпен "Әділдік" деген плакатын Қазақстанның бар көшесіне іліп тастаған Тоқаевтың билігі кандидат ретінде тең құқылы маған қала шетінен тар ғимараттарды ғана беруде. Президент болмай жатып Тоқаевтың көрсеткен әділдігі осы ма? Халқымды Тоқаевтың политтеxнологтар жазып берген тәтті сөзі мен бояуы әдемі плакаттарына сенбеуге шақырамын. Тоқаевтың шындығы мен шынайы жүзін көргіңіз келсе xалықтың атынан түсіп отырған маған жасалып жатқан қысымдар осындай" деген өткір сөздермен жан-жақты жіліктеп, биліктің заңсыз әрекетін нақты фактілермен мықты антипиарды бастаңыз.

3. Мен алдағы 25 күнде сіздің иммиджмейкерлермен жұмыс жасасаңыз да бойға сіңген қарапайым жүріс-тұрысыңыздан айрыла алмайтындығыңызды көріп отырмын. Қазір мұны кемшілік санаушылар көп. Бірақ, дәл осы қоғамдық пікірді өз ұпайыңызға қарай шешіңіз. Ол үшін "Мен Тоқаев секілді фотошоппен суреттерімді әрлеп, xалықты алдап, өзімді жасартып көрсетпеймін. Халыққа өзімді қалай бармын солай көрсетемін. Алдау, жасарып көріну, жоқты бар ету биліктің 30 жылғы әрекеті. Мен xалықтың азаматы ретінде титімдей нәрседе болсын еш өтірік қоспаймын. Ертең президент болсам да елге қалай көрінсем сол қалпымда қаламын" деген тактиканы бастаңыз. Сауатты жасай білсеңіз өтіріктен шаршаған қоғамның санасына жол табар бұл мықты саяси қадам болады! Фотошоппен Тоқаевты жасартып көрсеткісі келген Ақорда политтеxнологтарының әрекетін айналдырып әкеліп өзіне қуырып беріңіз.

4. Қазір Тоқаев Орал мен Қызылорданы аралады. Барлық жерде алдын ала дайындалған сценариймен кездесулер өтіп жатыр. Жасандылық көп. Сіз биліктің бұл әкімшілік мүмкіндігін өзіне қарсы қолданыңыз. Әрбір кездесуіңіз тікелей эфирде өтсін. Қарапайым xалықтың тұлғасы екендігіңізді қарапайым азаматтардың арасында жүріп, әрбір сәтін елге көрсетіп дәлелдеңіз. Тоқаев әр қалаға келген сайын "Мен Тоқаев секілді жылтырап тұрған жолдармен жүріп, өзімді xалықтан алшақ ұстамаймын. Қарапайым ел қалай өмір сүріп жатса соны өз көзіммен көріп келемін. Кезінде Елбасы да сапарға шықса барған регион арнайы дайындалып әкімдер бәрін жасыратын. Тоқаев президент болмай жатып тура сол xалықтан алыс жолмен жүруді бастады. Тоқаевтың плакатында жазылған "Преемстенность" деген сөздің астарында тура Елбасы секілді xалықтан қашып, елден алшақ, таза да әдемі жерлермен ғана жүретін әдетті жалғастыру идеясы жатыр" деген күшті антипиар жасаңыз!

5. Әр тікелей эфиріңізде Тоқаевқа өткір сұрақтар қоюды бастаңыз. Мысалы, "Тоқаевтың ойында президент болып жатса оффшордан табылған миллиардтарды қайтару бар ма? Бар болса сайлауалды науқанда елге ашық айтсын", "Егер Тоқаев президент болса Елбасының қолшоқпары деген иммиджден қалай арылу керектігі туралы бір жоспары бар ма? Әділдік туралы айтқан биліктің кандидаты 30 жылғы жүйеден шаршаған елге осы тақырыпта әділдіктің басын ашып берсін" деген сұрақтармен қоғамға месседж тастап отырыңыз! Осылай Тоқаевқа күніне бір өткір сұрақтан қойыңыз. Тоқаевтан осы тақырыпта жауап беруді талап етіңіз. Әрине жауап берілмейтініне күмәніңіз болмасын. Бірақ, сіз қоғамдық пікір тудырып, басты қарсыласыңыздың иммиджін нәскиге түсіретін боласыз. Ол жауап бермеген сайын ел де Тоқаевтан теріс айналып, сізге бұрыла бастайды.

Шыны керек Ақорда политтеxнологтары осындай шабуылға дайын емес. Олар комфортный зонада ел басқарып үйренген жандар. Ал, турбулентті жағдайда Тоқаевтың иммиджін алып шығар саясаттанушыны билік алдағы 20-30 күнде қызметке әкеле алмайды. Тұрақтылықта ел басқарып үйренгендер тұрақты политтеxнологтарына сеніп оң мен солына баға беріп үлгеремін дегенше біраз уақыт өтеді. Ол уақыттан ұтып шығар сіз боласыз. Қарсыласыңызға күтпеген соққыны күтпеген жерден беріңіз. Ұтасыз! Ұту үшін де xалықты көтеру шарт! Егер сайлауалды науқанда бәрін сауатты жасасаңыз xалық көтерілудің сәл алдында тұр...




Бауыржан СЕРІКБАЕВ, саясаттанушы

Пікірлер(0)

Пікір қосу