Алматыда «Музей түні - 2019» шарасы өтеді

15 Мамыр, 2019 145

Turkistan.kz ақпараттық порталы. 17 мамырда «Халықаралық музейлер күні» мерекесіне орай ҚР Мемлекеттік орталық музейінде «Музей түні» акциясы өтеді. Бұл туралы аталған музейдің баспасөз қызметі хабарлады.

Музей 2006 жылдан бастап Республика бойынша алғашқы болып «Халықаралық музейлер күні» кәсіби мерекесіне орай «Музей түні» акциясын өткізіп келеді. Бүгінгі таңда әлемдегі танымал музейлердің арасында танымалдыққа ие болып отырған ірі халықаралық мәдени-білім беру жобасы.

«ҚР Орталық музейі 17 мамыр күні сағат 18.00-ден 24.00-ге дейін Қазақстанның жастар жылына арналған «Музей түні- 2019» іс-шарасын өткізеді. Музей түнінің ұраны – «Жастар: бастама, жетістік», қазіргі жастардың бастамалары мен жаңашыл идеяларын қолдауға бағытталған. Іс-шара аясында «Біз — Қазақстанның болашағы» атты көрме ашылады. Көрме жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің түрлі салаларда (экология, дизайн, өнер, сәулет, ақпараттық технологиялар, кино және театр өнері және т. б.) жеткен жетістіктері мен белестерін көрсетуге бағытталып отыр. Біздің мақсатымыз көрмеге қойылған үздік жұмыстар арқылы өскелең ұрпақты ынталандыру, соларға шабыт беру болып табылады»,-делінген хабарламада.

Биылғы музей түнінде алматылықтар мен қала қонақтарына қызықты интерактивті бағдарламалар, музейдің қор коллекциясынан және жеке жинақтардан құрылған көрмелер, Қазақстан, Түркия және Индонезия шеберлерімен кездесулер мен шеберлік-сабақтар ұсынылады.

«Бұл күні суретші Данияр және Асылгүл Байдаралиндердің сақ кастюмінің тұсаукесері және шеберлердің, суретшілер мен дизайнерлердің авторлық жұмыстарының жәрмеңкесі өтеді»,-делінген хабарламада.

Музей түнінің барлық қонақтары үшін «Палеонтология және археология», «Тарихи этнография», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан және диаспоралар мәдениеті», «Қазіргі Қазақстан» сияқты 4 экспозициялық залдар бойынша тегін экскурсиялар ұйымдастырылады.

Музейге билет арқылы кіретін болсаңыз ересектерге - 450 теңге, балаларға – 200 теңге, зейнеткерлер мен студенттерге – 300 теңге төлейсіз, ал мектепке дейінгі балалар, ҰОС ардагерлері, мүгедектер мен жетім балалар тегін кіреді.


Пікірлер(0)

Пікір қосу