"Қазақ" азаматы ұстануы тиіс 5 қағида

15 Мамыр, 2019 186

    Жер бетінде «Қазақ» дейтін ұлт болып өмір сүріп жатқан соң, біздің де өзіндік өмір сүру қағидамыз бен ережелеріміз бар.  Біз өмір сүріп жатққан қоғам «Бай болуды үйретемін», «Армандарыңды орындаймын» деген сияқты толассыз тренинг – семинарларға толы. Бұларға бармай – ақ бақыттың жолын іздеуге, сүріп жатқан  өмірді жеңіл сүруге болады ғой. Ал енді, одан сайын әсемдегіңіз келсе бүкіл өмірдің нәрі мен философиясы біздің қазақ руханиятында жатқанын айтқымыз келеді. Оны басқа елден іздеп керегі жоқ. Ясауи бабамызша айтар болсақ: «Кімде – кім ниетін тазалыққа, тілін – шындыққа, өзін – тыныштыққа, мінезін – туралыққа, құлағын – тыңдаушыға, көзін – өнегелі бақылаушыға айналдырып алған болса, ол – бақытты». Ал, қазақи өмірдің  қағидасы мынадай:

    1. «Амансың ба» демеген сөздің керегі не,

«Жоғары шық» демеген төрдің керегі не?!

    Біздің қазақ әуел бастан өзнің принциптерін қойып алған. Біз тек сол принциптерді ұмытып қала береміз. Бәлкім содан кейін, көңіліміз түсіп, тұнжырап қалар сәтіміз көп. Сіздерге ұсынар бірінші қағидамыз – орныңызды білу. Тіпті, «шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма»,- деп айтып кетті емес пе, қазекем? Сондықтан, қандай жағдай болмасын сый құрмет көрсетілген орында беделіңіз артып, ал, оны байқамаған жерден өзіңізді алыс ұстаған жөн. Осы орайда  Фариза апамыздың «Талантты болу қауіпті, талантсыздардың ішінде», - атты тармағы еріксіз еске түседі.


    2. Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім.


    Өмірде байқайсыз ба, сіз жадырап күліп жүрген күні бәрі оңынан, бәрі тамаша көрініп, сіз ашулы болғанда «жау жағанда алғанда, бөрі етектен» боп тұратынын?! Сондықтан, өміріңізді жақсы жаққа өзгерткіңіз келсе, оның еш қиындығы жоқ, оған ақша төлеп тренинг іздеудің де қажеттілігі жоқ. Жақсы сөз айтыңыз, жақсы ой ойлаңыз, жақсы көңіл күйде жүріңіз. Басқаларға күлкі сыйлауды да ұмытпаңыз. Бірақ, өзіңіз күлкіге қалудан сақтаныңыз.


    3. Біреулер тамырды қазып жатқанда, басқалар жемісті жеп жатады.


    Сіз де сол жемістің дәмін татар күн алыс емес. Бірақ, іштарлық пен қызғаныштан, күншілдік пен көре алмаушылықтан сақтаныңыз. Өзіңіз жеміс пен жеңіске тезірек жеткіңіз келсе, әрекет етіп, басқалардың қуанышына ортақ бола біліңіз.


    4. Өз қанатың болмаса, өзгенің қанатымен ұша алмайсың.

    Біз неге осы қағиданы ұмытып қала береміз? Немесе біржолата ұмыттық? Жұмысқа тұру керек, таныс керек, ақша табу үшін де таныс керек дейміз. Жоқ, бұл қате ұғым. Мүмкін, көмек қолын созар дос керек шығар. Бірақ, біреудің қанаты емес. Егер таныс керек, ақша керек жер болса басқа жерге барып іздеңіз. Немесе қажеттілігіңізді басқа жерден де іздеп таба аласыз. Өйткені бұл қалтарысы мен бұлтарысы көп – өмір ғой... сондықтан, өз қанатыңызға, өз мүмкіндіктеріңізге сеніңіз! Өз қанатыңыз болмаса, біреудің қанаты сіздің ұзақ сапарыңызға шыдап бере алмайды.


    5. Ақырын жүрсең сорың сені қуып жетеді, жылдам жүрсең сен сорыңды қуып жетесің.

    «Асықпаған арбамен қоян алады», «асыққан – шайтанның ісі» осы сияқты қазақ арасында асығуға байланысты мақал да, сөздік қолданыста көп.  Себебі, бізідң болмысымыз да осы. Одан қашып құтыла алмаймыз. Бірақ, асықпай, тиянақылықпен істеген істе береке болатынын өзіңізде байқайтын шығарсыз?! Ендеше, асықпаңыз, сіз бәріне де жетесіз!


Рысгүл Досжанова


Пікірлер(0)

Пікір қосу