Әміржан Қосанов. Тұтқындаңдар кез келген наразыны

16 Мамыр, 2019 464

Туған жерге барғанда...

Қайда жүрсең, құт - Ғалам,
Түсінбесең – құт қайғы.
Дала халін ұқпаған
Қала халін ұқпайды!

Шуақ берем Күнге мен
Түннің мұңын таң ұқпас.
Ана тілін білмеген
Өзге тілді жарытпас!

Сөз түсінбес пақырды
Құдай шындап бір ұрсын!
Жаттай сыйла жақынды - 
Жат жанынан түңілсін!

Бірегейсің, о, жұртым!
Бастан өтті небір сын.
Кемсіткенді өз ұлтын
Басқа жұртың неғылсын!

Тіл бітірем күйге мен
Жыр боп сөйлер күй алғаш.
Кіші отанын сүймеген
Ұлы Отанын сүйе алмас!

Жер де – ортақ үй дегем
Сүйген жүрек сия алмас.
Өз Отанын сүймеген
Адамзатты сүйе алмас!


Қадыр аға қайтқан күні жауған қар туралы


Әдебиетте әйдік деген қалды аты.

Ақындарсыз - Өмір лекер, қалжаулы.

Бір ай бойы қар көрмеді Алматы, -

Қадыр аға қайтқан күні қар жауды!

 

Тәнді орайды. Жырды орай ма ақырет?

Заманына айып емес, наз артты.

Ақ сөйлеуді білетұғын Ақын ед,

Осы қармен ауамызды тазартты.

Өзі таза жүретұғын Ақын ед,

Жүрісімен бұл Өмірді тазартты!

 

Өлең жазу - әр ақынның Ұлы ісі,

Кеткенінше жырын төкті, тынбады!

Басқаларға сабақ болды мұнысы -

Кадыр ақын иілмеді, сынбады!

 

Періштені ететіндей сырқатты

Билік деген, байлық деген бәле екен!

Бармаса да бастар жаққа тым қатты,

Тектілігін сақтап қалды Қадекең!

 

Ел жағында жүрген менің затымды ұқ,

Бәдкім менің мына ойым тосындау:

Бұл заманда мақтамауың - батырлық!

Мінезділік - ортақ хорға қосылмау!

 

Жаулап кеткен дала менен қаланы

Тексіздіктің болар ма екен тәмамы?

Өтті-кетті Абай ақын заманы, -

Орнады ғой сарай ақын заманы!

Орнады ғой малай ақын заманы!

 

Әр сауалға табылатын жауабы,

Шын ақынның өлең-жырын жаттап қал!

Ақын кетті. Оны білмей жауады

Ақ қағаздай өлең жазар аппақ қар...


Тұтқындаңдар!


Тәуелсіздік вирусы ұтқыр болған,
Бірақ оны біреулер кілт доғарған.
Тұтқындаңдар кез келген наразыны,
Тұтқындаңдар, кәнеки, тұтқындаңдар!

Алматыма бұл түні тұман шөкті,
Жаман хабар жадауды жыламшы етті.
Тұтқындаңдар дүние мүліктерін,
Тұтқындаңдар телефон, планшетті!

Жә, осымен жағдайың реттелді,
Енжар жандар өзіңді тіреп келді.
Тұтқындаңдар әркімнің азат ойын,
Тұтқындаңдар милар мен жүректерді!

Билік бүгін халқына бөтен екен,
Мен де ұлдық парызды өтеп өтем!
Тұтқындаңдар баршаны, тұтқындаңдар!
Бірақ түрме бәріне жете ме екен?..


Әміржан Сағидрахманұлы Қосанов (13 мамыр 1964 жыл, Сапақ ауылы, Арал ауданы, Қызылорда облысы)қазақстандық саясаткер, қойғам қайраткері, журналист.

Пікірлер(0)

Пікір қосу