Елімізде алдағы үш күнде "құралайдың суығы" болады

20 Мамыр, 2019 168

21-23 мамыр аралығында ауа-райы күрт өзгереді. 

«Қазгидромет» өкілдерінің мәлімдеуінше, алдағы үш күнде елімізде ауа райы құбылмалы болады. «Қазақстанның көптеген облыстарында жаңбыр, найзағай, кей жерлерде бұршақ және күшті секундына 15-25 метр желмен суық ауа райы күтіледі. Бұл барлық метеорологиялық құбылыстар алдымен полярлық, артынша арктикалық суық фронттардың өтуімен байланысты болады», - делінген хабарламада.

Тап  мамырдың орта тұсында қалың киімінен жеңілдеп, жылымық ауаға бой үйрете бастаған жұртты бір қоңылтақсытып өтетін қоңыр салқынның не деп аталатынын білесіз бе? 

Табиғаттың төл баласындай болған бұрынғы қазақ киіктің жаппай төлдеуі, төлін аяқтандыруы табиғаттың құбылмалы, салқын кезіне дөп келгендіктен бұл кезді «құралайдың салқыны», «құралайдың суығы», «киіктің лақ өргізбесі» деп атап кеткен. Олардың төлі аптап ыстыққа шыдамайды екен, сол үшін Алла тағаланың мейірімімен жылда көктемнің үшінші айы мамырдың аяғына қарай қатты суық жел тұрады. Киіктердің төлдеуі екі-үш күнге ғана созылады. 

 Құралайдың салқыны амалында күн күрт бұзылып, таулы, шоқылы жерге қарай бұлт үйіріледі. Мұндай қолайсыздық бір аптаға, кейде оншақты күнге созылады. Осы кезде төлдеуі жақындаған қоңыр аңдар бұлт үйірілген жерлерге топтасатын көрінеді. Оның мəнін аңшылар «қоңыр аңдар күннің көзінен таса жерге төлдеуге ұмтылады» деп түсіндіреді. Соған байланысты ел арасында киік лақтаған жерге назағай ойнайды деген ырым бар. Құралайдың салқыны амалында аспанды бұлт торлап, аздаған жел тұрады. Осы кезде жаппай төлдеген киіктердің лақтары желге қарсы жүгіріп, тынысын ашып, тез аяқтанып кететін көрінеді. 

Бір ғажабы, киік қанша көп болса да, олар 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп үлгереді екен. Түз жануарларының тез төлдеуінің бір сыры - аналық киіктер кез келген құралайды емізіп, бауырына ала беретін көрінеді. Киік құралайының далада жетім, жалғыз қалмайтыны осыдан болса керек.

«Құралайдың салқыны» кей жылдары суық жаңбырға ұласып, мал мен жанға қолайсыздық əкеліп, əбігерге салатын кездері де болады. Бұл кездегі жауын-шашынды салқын күндерде  қазақтар  жақын маңдағы құдыққа қарай көшіп, қонып үлгеруге қамданады.  


                                                                                                                                                                                                                                                   дереккөз: inform.kz



Пікірлер(0)

Пікір қосу