Түркістандық оқушылар робот жасады

20 Мамыр, 2019 334


Түркістан облысында өткен  "Jas Túrkіstan-2019" республикалық балалар шығармашылық марафонының екінші жұмыс күні Түркістан облысы, Келес ауданында жалғасты. Абай ауылындағы мәдениет үйінде өткен марафонда жергілікті мектептердің оқушылары өздері құрастырған роботтар мен машиналарын көпшілік назарына ұсынды.


Өнертапқыш оқушылардың көрмесін тамашалаған Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген қаламгерлер мен бас редакторлар жас өрендердің қадамын оң бағалап, таңданыстарын жасыра алмады. Мағыналы кездесуді Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев ашып берді.

 «Келес ауданында  63 білім ұясында 33 мыңға жуық оқушы білім алып жатыр. Қосымша біліммен қамтылған балалар саны 12000-нан асса, қосымша үйірмелерге тартылған балалар саны 7500-ге жетті. Кезінде Тоқаш Бердияров, Зиябек Рүстемов, Немат Келімбетов, Зәкір Асабаев тағы басқа тұлғаларға тұғыр болған қасиетті Келес алдағы уақытта да ұлтын сүйетін ұландардың ордасына айналары сөзсіз. Бұл іс-шара оқушылардың дамуына, ой-өрісінің кеңеюіне оң серпін береді», - деді аудан әкімі.


Жиында «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсенбек Мағлұмов, жазушы Аягүл Мантай, «Айқын» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Серікбол Хасан және «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармаханова, жазушы, драматург Әлібек Байбол сынды қаламгерлер оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты. Өз өлеңдерін оқып, еркін пікір алмасқан оқушылар қаламгерлермен суретке түсті. Түрлі аудандардан келген ұстаздар мен шәкірттер осындай кездесулер жиі өтіп тұрса деген тілектерін жеткізді.

Кездесу соңында оқушыларға «Сақ» кионстудиясы түсірген «Түркістан» анимациялық фильмі көрсетілді. Мәдениет үйіндегі кездесуден кейін қаламгерлер "Jas Túrkіstan-2019" республикалық балалар шығармашылық марафонын ұйымдастырған Түркістан облысы әкімдігіне ризашылықтарын білдіріп, бұл жоба дәстүрге айналатынына сенім білдірді.   



Пікірлер(0)

Пікір қосу