Ван Гогтың құлағын кім кескенін білесіз бе?

20 Мамыр, 2019 215

«Менің түпкі ойым – өзіме аянышпен қарамау, көптеген қиындықтар мен көңіл-күйімнің түрлі реңктерінен қашпау. Көп күн көрсем де, аз күн көрсем де – маңызды емес. Себебі, қалай да болса, қоршаған дүние алдында менің парызым бар. Ол – жер бетінде 30 жыл жасап, артымнан әлемге тағзым, сый-құрмет ретінде кенептегі шығармаларымды қалдыру»


Винсент Ван Гог

Өзінің саналы ғұмырын өнерге арнаған Винсент Ван Гог – Нидерландтың ұлы суреткері, ойшыл, сөзсіз аңыз адам. Ван Гогтың шығармалары Голландия, Франция, Бразилия, Швейцария, Ұлыбритания, Дания, Канада, АҚШ пен Ресейдің өнер мұражайларында, ал суреткердің ең үлкен шығармалар жиынтығы Амстердам қаласының сурет мұражайында сақтаулы. Оның сурет туындылары қаншама ғасыр өтсе де өзінің маңыздылығы мен мәнін жойған емес. Алайда, дарыны тірі кезінде танылмай кеткені өкінішті-ақ...

Ван Гог көзі тірісінде дәл қазіргідей ел сүйіспеншілігі мен атақ-даңққа бөленбеген. Ол өмір бойы кедейшілікпен арпалысқан. Алайда ол өзін әрдайым бай сезінген. Оған Винсенттің мына сөзі дәлел бола алады: «Менің байқауымша, күн сайын болмаса да, өзімді жиі бай сезінемін. Ақшам көп болғандықтан емес: өз жұмысымда әлдебір шабыттандыратын, өмірімді мәнді ететін нәрселерді тауып, осыған жанымды да, жүрегімді де арнауға дайынмын. Осы кішкентай нәрселер мен үшін ақшадан мың есе құнды».

Ғұмырының соңына дейін жүрегі «өнер» деп соққан суреткер 1890 жылы 37 жасында өзіне-өзі қол салған. Оның өлімінен соң ғана туындылары сурет сыншылары мен бағалаушыларының назарына іліге бастады. Бүгінде оның кейбір жұмыстары әлемдегі ең қымбат өнер туындыларының қатарында. Осындай ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына қатысты el.kz сайты жариялаған  қызықты 7 ақпаратты Turkistan.kz ақпараттық порталы назарларыңызға ұсынады.

1. Ван Гог көзі тірі кезінде тек бір ғана суретін сатқан.

Әңгіме 1888 жылы салынған «Арльдің алқызыл жүзімі» атты картина төңірегінде. Қазір ол Мәскеудегі А.С.Пушкин атындағы бейнелеу өнері музейінде тұр. Бұл картинаны кезінде Винсенттің досы, Эженнің қарындасы Анна Бош сатып алған.

2. Ван Гог әкесінің жолын қуып, дін қызметшісі де болған.

Ол әкесі сияқты дін қызметшісі болуды армандап, Інжіл мектебіне түспек болады. Осы мақсатта Винсент миссионерлік тәжірибеден де өтті. Кейіннен бұл оқу ақылы болып шықты және бұл жайт Винсентті ренжітті. Сол себепті ол дінді тастап суретші боламын деп шешті.

3. Ван Гог сурет салуды тек 27 жасында бастады.

Оған дейін ол дінге берілді. 1886 жылы Парижге қоныс аударғанда Ван Гог танымал импрессионист суретшілермен танысты. Оның жапон өнеріне деген махаббаты және ынтасы оған қатты әсер етіп, ол жарқын түстермен тәжірибе жасай бастады.

4Суретші жиі қолданған түстердің медициналық негіздемесі бар.

Ғалымдарды пайымдауынша, Винсент Ван Гог картиналарындағы сары түстің тым көп болуын медициналық себептермен түсіндіруге болады. Бұл пайымдау бойынша, суретшінің сары түске деген ерекше көңілі оның эпилепияға қарсы дәріні үлкен көлемде қабылдауынан.

5. Ван Гогтың ең қымбат картинасы белгілі бір уақыт Герингтің иелігінде болды

Винсент Ван Гогтың «Дәрігер Гашенің портреті» картинасы 10 жыл бойы әлемнің ең қымбат картинасы атағын ұстап тұрды. Жапониядан шыққан кәсіпкер Риоей Саито (қағаз өндіретін ірі компанияның иесі) 1990 жылы картинаны $82 млн. ақшаға сатып алды. Картина иесі өз мұрасында, қайтыс болғаннан кейін туындының өзімен бірге өртенгенін қалайтынын айтқан. 1996 жылы Риоей Саито қайтыс болды. Шын мәнісінде, картинаның өртелмегені анық, алайда оның қайда екенін ешкім білмейді. Суретші бұл картинаны екі нұсқада салды деген пікір де бар. Негізінде, бұл «Дәрігер Гашенің портреті» тарихының бір ғана фактісі. Тағы да мынадай бір қызық факт бар. 1938 жылы Мюнхенде өткен «Құлдырап жатқан өнер» атты көрмеден соң картинаны нацист Геринг сатып алған. Алайда ол көп ұзамай бұл туындыны бір голландиялық коллекционерге сатып, кейіннен картина АҚШ-тан бір-ақ шығады. Одан соң, әрине бұл картинаны Саито сатып алады.

6. Ван Гог картиналары – ең жиі ұрланатын өнер туындылары қатарында 

2013 жылы АҚШ-тың Федералды Тергеу Бюросы (ФБР) әлем бойынша мойындалған туындылардың аты шулы 10 ұрлығы тізімін жариялаған кезде, тізім ішіндегі ең қымбат екі картина осы Ван Гогтікі болатын: «Шевингендегі теңіз көрінісі» және «Ньюнендегі шіркеу». Бұлардың әрқайсысы $30 млн төңірегінде бағаланады. Бұл екі картина да 2002 жылы Амстердамдағы Винсент Ван Гог музейінен ұрланды. Күдікті ретінде екі ер адамның ұсталғаны белгілі, алайда олардың кінәсін дәлелдеу мүмкін болмады. 2013 жылы Египеттегі Мұхаммед Махмұд Халиль музейінен басшылықтың салғырттығынан Винсент Ван Гогтың «Көкнәр» картинасы ұрланды. Сарапшылардың бағалауынша бұл өнер туындысы $50 млн бағаланады. Өкінішке орай картина әлі қайтарылмады. 

7. Ван Гогтың құлағын Гоген кесіп алған болуы мүмкін

Құлақтың кесілуіне байланысты оқиға Ван Гогтың көптеген биографтарына күмән келтіреді. Мәселенің мән жайы мынада, егер суретші құлағын түбінен кесіп тастаса, ол қансырап, өліп кетуші еді. Шын мәнісінде құлақты ұшы ғана кесілген. Бұл туралы дәрігерлік қорытындыда жазылған. Құлақтың кесілуі Ван Гог пен Гоген арасындағы кекілжің кезінде орын алды деген нұсқа бар. Бұл нұсқа бойынша, Гоген, Ван Гогпен төбелесе жатып, оның құлағын жарақаттаған, ал Ван Гог болса осы үшін есінен айырылған. Өзін ақтап алу үшін Гоген өтірік оқиға ойлап тауып, Ван Гог өз құлағын өзі кесті деген жалған аңыз таратты. 


Пікірлер(0)

Пікір қосу