Бернабеуде бел де кетті, белбеу де кетті

03 Наурыз, 2019 297

Өткен түні Испан Примерасының аясында Мадридтің "Реалы" "Барселонамен" қайта кездесті. Флорентина Перес клубының бағы бұл ойында да жанбады. Нәтиже қонақтардың пайдасына 0:1


Санаулы күндер бұрын Испан Кубогінің жартылай финалында басты қарсыластарына оңбай есе жіберген Корольдық ұжымның Ла Лигадағы жағдайы да тәуір емес еді. Қай кезде болмасын күйіп-пісуге даяр Мадридтік жанкүйерлер тым құрыса тең ойынның боларына үміттенгенді. Әйткенмен Вальверде шәкірттері биыл бабында. Ойын басталғаннан-ақ шабуылға лап қойды. Өткір шабуылда белсенеді деп ел сенген Бэйл мен Бензема қарсылас команда қорғаушыларының берекесін қашыра алмады. Месси мен Суарес сынды саңлақтар Куртуа қорғаған қақпадан саңылау табуға тырысқанымен де, бірінде сәттілік, бірінде дәлдік жетіспей жатты.


 Әйткенмен матчтың 26-шы минутында каталондық ұжымның хорватиялық легионері Иван Ракитич допты қақпа торында тулатты. Ойын барысында биыл "Ювентус" сапына ауысқан Криштиану Роналдудың алғы шепке жетпей тұрғаны анық байқалды. Дегенмен, сол қанаттан орын тепкен Винисиус , С.Регилон сынды жас аяқдопшылардың еңбегін айтпасақ әсте болмас.


 Ойынның бел ортасынан асқанда футболшылардың жүйкесі сыр бере бастады. Алаң иелерінің қорғаушысы Серхио Рамос жиі тәртіп бұзып, аргентиналық Лео Мессимен сөзге келіп, төреші тарапынан сары қағазбен марапатталды. Тоқсаныншы минут түгесілгенге дейін табло тапжылмады. Осылайша, ел күткен Эль-Классикода бел де кетті, белбеу де кетті.

Пікірлер(0)

Пікір қосу