ӘЛЕМ ФОЛЬКЛОРЫ: Қарлығаштың құйрығы неге айыр?

23 Мамыр, 2019 140

«Жер бетінде ол туралы аңызы жоқ әдебиет бар ма екен, сірә?

Жер бетінде қарлығашты ұнатпайтын ел бар ма екен, сірә?», - дейді Есенғали Раушанов «Құстар біздің досымыз» атты кітабында.  Сіздерге сол кітаптағы Қарлығаш құсы туралы қызықты мәлеметерден үзінді ұсынбақшымыз.

«Сүйер ұлдың аты көп» демекші, қарлығаш туралы аңыз да, ертегі де көп. Ежелгі христиандардың есі дұрыс адам сенбейтін «қарлығаш қыста батпақтың астыа кіріп кетіп ұйықтайды екен» деген секілді аңызынан бастап, «қарлығаш жылы жаққа қайтарда тырнаның қанатына отырып немесе дегелектің бауырына жабысып ұшып кетеді екен» дейтін «ғылыми жаңалықтарға» дейінгі аралықта қаншама жыр – дастандар туған. Батыс Украинада оны қыста өзеннің түбіне батып кетіп ұйықтайды дейтін аңыз әлі бар. Қыста қарлығашты сағынсаң мұзға құлағыңды тос – өзеннің  түбінен қарлығаштың дауысы естіледі дейді және бір сенім.

«Қарлығаш оба тараған  жерге келмейді. Оба, тырысқақ, шешек, безгек секілді жұқпалы аурулардың беті қайтып, ел сауыға бастағанын қарлығаштың қайта оралуына қарап білген», - дейді ортағасырдан келе жатқан аңызда.

Дағыстанда Пудаһар деп аталатын ел бар көрінеді. Жау іздеп шыққан жалаңтөс жігіттер көз шырымын алайын деп бір таудың бөктеріне тоқтайды. Қолындағы желк – желк еткен жасыл туды жерге қадап, ұйқыға бас қойған батырлар таң намаздың кезінде бір – ақ оянады. Оянса тудың басына қарлығаш ұя салып қойыпты. Жаудан қорықпаған ер жігіттер қасиеттің құстың киесінен қорқып, сол жеде тоқтап қалыпты.  Егін егіп, мал бағып, түтін түтететін жеке ауыл боп шаңырақ көтеріпті.

Қарлығашты ең жақсы көретін елдің бірі – эстондықтар. 1962 жылдан бері бұл елдің ұлттық құсы – қарлығаш.  Қарлығаштың құйрығы неге айыр екені қазақ ертегісінде белгілі, ал эстон фольклоры бұл туралы не дейді екен, соған үңіліп көрелік.

Ертеде ажарымен де, айбынымен де ақылымен де, айласымен де едің сүйкімдісіне айналған бір жігіт Таллин қаласында тұрыпты. Өзіне лайық ай десе аузы, күн десе көзі бар сүйген қызы болыпты. Екеуі қол ұстасып,  өзен бойлап қыдырып бара жатқанда жұрт тоқтап қарайды екен. Екі жастың бақытын қызғанған Шайтан малғұн өзінің сөзі көп, көзі көк, күлгені жылағандай, жүргені құлағандай албасты қызын сиқырлап жігітке қосады да, жігіттің сүйген аруын қарлығашқа айналдырып жібереді.

Күндер өте береді.

Бір күні жігіт үйленуге бел байлайды.

Дүрілдеп той өтеді. Той үстінде бір қарлығаш дастарқанды қанатымен жапыра жігітке ұмтылады. Жұрт қуып жібереді. Сәлден соң әлгі қарлығаш жігіттің иығына қонып, қалындықтың құлағындағы сырғасын тұмсығымен тістеп жұлып алады. Қалыңдық өкіріп жылап жібереді. Тойдың шырқын бұзған құсты қуып тастамақ боп жұрт пышақ, айыр, балта алып жүгіреді. Өткір балта қарлығаштың құйрығын екі айырып түседі – содан бері оның құйрығы айыр бопты дейді эстон ертегісі.

Тағы бір аңыздарда әркімнің өз қарлығашы болады екен. Ол жатсақ – тұрсақ төбемізде айналып, сіз бен бізге саулық тілеп, қауіп – қатер, бәле – жала, тіл мен көзден қорғап жүреді дейді. Адам баласының аңқаулығы сонда – ол өз құсые өмір бойы танымай, таба алмай өтетін көрінеді. Тапса, бақытты ғұмыр кешер еді.

Сіз өз қарлығашыңызды таптыңыз ба?


Дайындаған: Рысгүл Досжанова

Пікірлер(0)

Пікір қосу