Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі

04 Наурыз, 2019 297

Қазіргі  заман  қыз  бала  тәрбиесіне ерекше мән  беруді  қажет  етеді.  Қыз  баланы  тәрбиелеу – ұлтты  тәрбиелеу  деген  сөз.

Қазақ халқы қыз баланы ерекше құрметтеп, тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. Оны "Қыз қылығымен тәтті", "Қыздың жолы жіңішке" мақалдары мен даналық сөздерінен байқауға болады. Әр ата–ана үшін ұлын да, қызын да дүниеге әкелгенсін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, өз қатарынан қалдырмай өсіріп, тәрбиелеуге ұмтылуы заңдылық. Дегенмен, қыз баласы ертеңгі жар, өмірге ұрпақ әкелетін ана, бір отбасының арқа сүйер келіні болғандықтан оған жүктелер міндет өте салмақты. Жастайынан жақсы тәлім–тәрбие алған, басқаларға үлгі–өнеге болатын қыз бала болашақта әдептілігінен, инабаттылығынан танбайды. Сырт көзге сүйсінетін, көркіне ақылы сай қыз тәрбиелеу, бұл ата-ананың үлкен, жауапты міндеттерінің бірі болып табылады.

Қыз баланың сөзі, іс-қимылы әрдайым көптің назарында. Тәрбиенің көзі – әдеп сақтап, инабаттылық таныту. "Қызға қырық үйден тыю"–деген сөздер күні–бүгінге дейін айтылып, мәнін жоғалтпай келеді. Осы сөзден қыз бала тәрбиесінің жауапкершілігі зор екенін аңғаруға болады.

"Қыз қылығымен көрікті"–деген аталы сөз бекер айтылмаса керек. "Қызды тәрбиелегенің–бір ұрпақты тәрбиелегенің"–деген ата-бабамыз.  Қыз баланың ары мен абыройы, сыры мен сымбатын сақтауы, келешек өмірге даярлығы әрқайсысы өз алдына дербес тақырып. Халқымызда "Бір ұл тәрбиелесең – бір әулетті тәрбиелегенің, бір қыз тәрбиелесең – бір ұрпақты тәрбиелегенің"–деп бекерге айтпаған.

Қазақ халқы қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Әсіресе қыз бала тәрбиесінде ананың орны ерекше. Қыз бала анаға бір табан жақын болғандықтан оның қыз бала тәрбиесінде әкеге қарағанда орны ерекше. Отбасы – қоғамның  бір  бөлшегі. Ал отбасының  алтын  қазығы – әйел  адам.  Бесігінде  жақсы  тәрбие  алған, үлгі  өнеге  көрген қыз  бала  келін  болғанда  да сол  әдетін  сақтайды. Қазақ қыз-келіншектердің бойында ізеттілік, ар-ұят, ұяңдық, үлкенге құрмет көрсетуі, қыз балаға тән қасиеттерді қызының бойына сіңіре білуі, барлығы  ең алдымен анасының еңбегі.

Өмірдің бар қызығы бала деген, мейлі ұл болсын, қыз болсын. Өміріміздің қызығы – балаға дұрыс тәрбие бере алмасақ, оның келешегіне де үміт артпай-ақ қояйық. Баланың тәрбиесін үлкен жауапкершілікке алып, болашақ жас ұрпақты адамгершілікке, иманды, инабатты, өнерлі  етіп тәрбиелеуіміз болашақ өскелең ұрпақтың рухани бай жетілуінің кепілі.



Сурет: kazakh-tv.kz

Пікірлер(0)

Пікір қосу