Жалғас Ертай. Постмедерниз

27 Мамыр, 2019 252

Бүгінде қит етсе, «постмодернист» деп мазақтайтын болды ғой. Әйтеуір сөзге жақын адамға жақындап қалсаң, «постмодернизмі» атқылап жатады. Тіпті қазақ ақын-жазушыларына дейін жетіп алған постмодернизмнің не екенін, қай аспаннан салбырап түскенін асықпай бажайлап шықсақ.

Әуелде, постмодернизмге дейін екі ірі кезең болды: премодерн және модерн.

Премодерн дәуірінде орталықта құдай тұрды. Құдайдың орнына кез келген абсолютті қоюға болады. Ол уақыттың түсінігі бойынша, адам бұ дүниеде сынақтан өтіп, о дүниеде ғана бақытқа жету үшін жаралған еді. Сол себепті бұл кезде діни, рухани әдебиет басым болды.

Кенет бір пақырдың ойында неге адамның қолы бақытқа осы дүниеде жетпейді деген жауабы жоқ сұрақ пайда болды. Осы сұраққа жауап іздеу адамды модерн дәуіріне әкелді. Модерн адамы бақытқа жету үшін әуелі өзі өмір сүретін әлемін танып, зерттеп білуі керек еді. Сол себепті де бұл кездің әдебиетінде адамның шексіз мүмкіндігін сипаттау басым болды.

Бірақ: постмодернизм әдебиетінің белгілерін Сервантестің «Дон Кихотынан», Лоренс Стерннің «Тристрам Шендиінен» байқауға болады. Бірақ олар туралы кейінірек.

Ал постмодернизмнің өзіне қарай үңілсек:

Деконструкция

Постмодернистер классикалық сюжетті шашып жіберіп, оларды қайта жинауға құмар болды. Олар өмірді дәл lego-ойыншықтары тәрізді қайта құрастырып алғысы келді.

Постмодернизм ескі әлемнен жаңа әлем құрастыруға, ескі мәннен жаңа мағына тудыруға, жаңа құндылықтар ойлап табуға ұмтылды. Сол себепті олар классикалық сюжеттерді қайта қарап, өңдеп, басынан жазып шығуға кірісті.

Ирония

Постмодернизм әдебиеті дегенде алғаш ойға келетіні - жанды жеріне тигізетін ирония, аямайтын сарказм, тапап өтетін қара юмор. Постмодернист жазушылар күлмейтін құдірет, кие қалмады. Құдай ма, я басқа абсолют күш пе, яки қоғамда тыйым салынған тақырыптар ма - бәріне миығынан күліп қарап, аяусыз әжуалады. Постмодернизм кез келген табуды таптап тастайтын еркіндік кеңістігіне айналды.

Фрагменттелген уақыт

Постмодернистер әлемді бір-біріне байланып жатқан алып желі деп елестетті. Олар үшін әлемнің бар құндылығы бір желіге байлаулы еді.

Постмодернист жазушылар уақытты өз қалауына қарай бейімдеп алды. Премодерн кезінде адамдар циклдық уақытты пайдаланса, ал модернде А нүктесінен Ә нүктесіне қарай жылжыған линиялық уақыт басым болды. Ал постмодернистер циклдық уақыттан да, линиялық уақыттан да бас тартты. Олар үшін уақыт үзік-үзік фрагменттерден құралды. Романдағы оқиға бірнеше уақыт пен кеңістікте қатар өрбіп жатуы мүмкін еді.

Интермәтін

Постмодернистің мәтіні әр түрлі жанрдан құралған коллаждан, басқа авторлардың жазғанына сілтеген гипермәтіннен, тарихи контекске негізделген цитатадан құралды. Постмодернистік романдарды түсініксіз дейтіні де содан. Бірақ постмодернистер модернистер сияқты элитарлық әдебиет жасағысы келген жоқ. Керісінше, олар бәріне түсінікті жазуға тырысты.

Метафикция

Жазушының жазу процесі де романның ішіне кіріп, сюжеттің құрамдас бөлігіне айналып кетті. Тіпті жазушы өз кейіпкерлерімен диалог құрып, олардың кітаптың финалындағы тағдырын талқылап кетті.

Постмодернизмнің нақты белгіленген шекарасы жоқ. Оны жанр деп те, шығармашылық бағыт деп те атай алмайсың. Постмодернизмді ағартушылық, морализаторлық әдебиет догмаларына қарсы шыққан мәтіндер жиынтығы деп атауға болатын шығар.

Қазақ әдебиетінде Мұхтар Мағауиннің «Қыпшақ аруы» мен Дидар Амантайдың «Кітаптары мен гүлдерінде» постмодернизм белгілері бар.


Жалғас ЕРТАЙ


Пікірлер(0)

Пікір қосу