Қадір түні - түндердің қайырлысы

31 Мамыр, 2019 184

Айлардың сұлтаны - Рамазан айы болса, сол Рамазан айының ең құнды, ең қасиетті түні - Қадір түні.

 Өйткені, бұл түн бүкіл адамзатқа Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған түн. Ләйләт-ул-Қадыр оразаның соңғы он күнінің бірінде болады. Биылғы Рамазанда мамырдың 31-інен маусымның 1-іне қараған түн - Қадір түні.

 Мұсылман үмбетіне түсірілген қасиетті осы түн туралы Құран Кәрімнің Қадір сүресінде айтылады. Бес аяттан тұратын сүреде Құранның Қадір түнінде түсірілгендігі, оның мың айдан қайырлы екендігі, бұл түнде Жәбірейіл періште Алланың әмірімен жер бетіне түсіп, адамдарға қызмет ететіндігі және таңға дейін тыныштық болатындығы айтылады. Қадір түні періштелер мұсылмандарға дұға оқып, тілеулес болады. Бұл кеште жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең сауабы болатындығына байланысты мұсылмандар Қадір түнін құлшылықпен өткізуге тырысады. 

Кейбір риуаяттарға қарағанда Қадір түні Рамазан айының 27-ші түні дегенмен Қадір түнінің дәл қай түн екені нақты белгісіз. Бірақ Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадис шәріптері Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінің біріне және тақ түндеріне сәйкес келетіндігін нұсқаған. Ислам ғалымдарының көзқарастары бойынша, бұл түн Рамазан айының тақ түндеріне, әсіресе, 27-ші түніне сәйкес келеді. Олардың айтуынша, Қадір түнінің нақты датасының белгісіз болуының даналығы, мұсылмандар Рамазан айының тек сол түнімен ғана шектелмей, соңғы он күнді түгелдей құлшылықпен өткізсін дегенінде де болуы мүмкін. Себебі, Алла елшісінің (с.ғ.с.) өзі соңғы он түннің бәрінде де құлшылықпен өткерген екен. Бұл туралы Айша анамыз: Рамазанның соңғы он күні келгенде, Алла елшісі (с.ғ.с) түндерін намазбен өткізген, отбасы мүшелерін оятқан және құлшылықтарында ерекше ынта танытқан», - деген (әл-Бухари 2024, Муслим 1174). Сондықтан тақуалар ораза айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізетін болған. 

Ал жалпы Қадір түнінің қасиетін жұмыр басты пенде өз ақылымен біле алмайды. Сондықтан Қадір түнінің ұлықтығы мен артықшылығы жайында Алла Тағала былай деді: «Расында, Біз оны (Құранды) Қадір түні түсірдік. Ал саған Қадір түнінің не екенін не білдіреді? Қадір түні мың айдан да артық. Ол кезде Раббыларының қалауымен, Оның әрбір әмірі үшін, періштелер мен Рұх (Жәбірейіл) түседі. Ол (түн) - таң атқанша сәлем!» (Қадір сүресі 1-5 аяттар). Және де былай деген: «Анық Кітаппен ант етемін! Біз оны берекелі түні түсірдік, әрі Біз ескертеміз. Бұл түні, Біздің әмірімізбен барлық дана істер шешіледі» (Духан сүресі, 2-5 аяттар). Яғни, Жаратушы Иеміз бұл түнде жасалған құлшылықты мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды. Ал мың ай дегеніміз сексен үш жылдық мерзімді қамтиды. 

Бүкіл адамзатқа Құран түсе бастаған ерекше және қасиетті түннің Қадір аталуының де себебі бар. Бұл араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз» және «өлшем», сондай-ақ «құдырет» деген мағыналарға келеді. Түннің «Қадір түні» деп аталуын ислам ғұламалары бұл түнде Алла Тағала адамдардың келесі жылғы тағдырын, яғни өмірі мен өлімін, ризық-несібесін, бақытты немесе бақытсыз болуын сол секілді тағы басқаларын жазатындығымен байланыстырады. «Қадір» және «тағдыр» сөздерінің түбірлестігінен де осыны аңғаруға болады. Әнәс ибн Мәлик былай айтқан: «Рамазан келгенде, Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда, мың айдан да артық бір түн бар. Сонда кім ол түннен мақрұм қалса, оның барлық игілігінен мақрұм қалады. Ал оның игілігінен тек нағыз ғана мақрұм адам айырылып қалады!», - деді» (Ибн Мджаһ 1/289. Сенімділігін хафиз әл-Мунзири және шейх әл-Әлбәни растаған. "әс-Силсилә әс-сахиха" 1307). Қадір түнінде Жәбірейіл мен бүкіл періштелер жер бетіне түседі. Алланың елшісі (с.ғ.с): «Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде, періштелер ұсақ тастардан да көп болады», - деген.


 Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді», - деген. Тағы бір хадисте: «Рамазан айы бойынша ақшам және таң намазын жамағатпен оқыған адам Қадір түнінен көп несібе алады», - деген. Ендеше Қадір түні Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үмбетіне деген терең сүйіспеншілігінен туындаған дұғасының құрметі үшін қабыл болған. 


Ал Қадір түнін қалай қарсы алған, өткізген жөн? Бірде Айша анамыз Пайғамбарымыздан: «Уа, Аллаһтың елшісі! Егер Қадір түніне жетсем қандай дұға оқиын?», - деп сұрағанда, Ол: «Аллаһумма, иннәкә афуун, тұхиббул афуа, фаафу анни» (Уа Аллаһым! Сен тым кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!)», деп дұға ету керектігін үйреткен. Қадір түнінде де Аллаһ Тағаланың құдіреті үстем болады. Ол түннің қадірін білгендерге Аллаһтың мейірімі мен берекесі жауады, ал одан құр қалмау адамның рухани сергектігіне байланысты. Пайғамбарымыз үйреткендей, мұсылман баласы әрбір ісіне өзіне берілген ең соңғы мүмкіндік секілді қарай білуі керек. Сол себепті Қадір түнін енді көрем бе, көрмеймін бе, дегендей өте бір мұқияттылықпен өткізгені жөн. Осы тұста айта кетерлік тағы бір мәселе, кейбір мұсылмандардың Қадір түнiнде Қыдыр атаны күтемiз деудiң ешқандай дiни негiзi жоқ. Бұл аңыз. Сондықтан да, бұл түнді шынымен бiреудi күтiп емес, аятта бұйырылған ғибадаттарды, құлшылықтарды жасап, игі тілек тілеп, сауап үмiтiмен өткiзген дұрыс. Ал түннің барлық уақытын құлшылықпен өткізе алмайтын кісілер, түннің бір бөлігін болса да ізгі амалдармен өткізсе болады. Соның ішінде қасиетті түнді Алла Таһалаға құлшылық жасау, намаз оқу, Құран оқу, үйрену, үйрету, уағыз айту және тыңдау, шариғат үйрену, тәсбіх тарту, діни кітаптар оқу, діни фильмдер көру, мешітке келгенде дүние сөзін сөйлемеу амалдарын орындау арқылы зиярат етіп өткізу керек. 


Қадір кешінің уақыты күн батқаннан сәресіге дейін жалғасады. Бұл түннің ғибадаттарын мұсылмандар мешіттерде де, өз үйлерінде де атқара алады. Кейбір мұсылмандар Қадір түнінде түні бойы дастархан жайып қойып, қолдарын қусырып отырумен шектеледі. Не болмаса, теледидар қарап, әңгіме айтумен өткізеді. Түні бойы көз ілмей шықсақ жеткілікті деп есептейді. Бұл да - қате. Имамдардың айтуынша, Қадір түнін өткізуде түні бойы дастархан жайып қою шарт емес. 

Ең бастысы мүминдер бұл түнді дайындықсыз өткізбеуі тиіс. Өйткені, Әбу Хұрайра (р.а.) сахабамыз жеткізген хадисте «Кімде кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, ғибадат, құлшылықпен өткізсе, өткен-кеткен күнәлары кешіріледі» делінген (Бұхари, Қадір, 1). 


Берекесі мен сауабы мол түні жасаған құлшылықтарыңыз қайырлысымен қабыл болсын!


Пікірлер(0)

Пікір қосу