Тірі өліктер жер бетінде кешті күн

31 Мамыр, 2019 186

1932

Жыл; Мешін.

Бір кеші әрең алмастырып бір кешін,

Қызыл іңір қанға бояп іргесін.

Ібіліс кеп ойнақ салған ірітіп –

Мешін жылы билік құрды бір Мешін!

Қырғын жылы жалмап алып кіл ерді,

Аспан-Ана алабұртып түнерді.

Көк Тәңірі шынжырынан босатып,

Алашыма албастысын жіберді.

Көз алдыма көрінеді күйік боп,

Дидарыма дозақ жаққан тиіпті от.

Ашыққанның алып қашып арманын,

Ақша бұлттар жөнкіледі киік боп.

Саусағымен санап беріп бес күнін,

Тірі өліктер жер бетінде кешті күн.

Ту биенің тулағынан нәр алып,

«Кер биенің»* мүжіген кез төстігін.

Сөнбейтұғын неткен сұмдық елес ең?

Тұл болар ең тулақ турап жемесең.

Ертөстікке жерік болмай күллі әйел,

Елтай* туды демесең.

Ел есен!

Қырғыннан соң басты залым аптығын,

Құзғындардың көргем сонда шаттығын.

Қалжыраған қаймананың көзіне,

Күлше құсап қып-қызыл боп батты күн!

Тағдыр қаққан жүрегіме бір шеге,

Қарғыс айтып келем әлі дүмшеге.

Батар күнге қызығамын,

Бәлкім сол,

Қол жетпеген күлшеге!

* «Ертөстік» ертегісіндегі кер биенің төстігі 
Елтай Ерназаров - қызыл белсенді.


Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ



Әлиханның түймесі

Есімі көңіліме мұң тізді бір,

Таңдағы шолпан яки күндізгі нұр.

Жалт етіп жасын шашқан жалқын сәуле

Жарқ етіп жанып сөнген жұлдыз ғұмыр.


Көктегі көк нұрлардың санатында,

Құсының маржан жанған қанатында.

Арманын Алашының алып ұшқан

Әлихан Бөкейханов – дара тұлға!


Басымдау болса-дағы соры бақтан,

Етеді қазақ жұрты оны мақтан.

Арайын Ақтоғайдың аялаған,

Толқыны Тоқырауынның толып аққан.


Ұрпағы байтағында өніп-өсіп,

Адамның кіндік кескен жері – бесік.

Төреден тегін тартқан төредей ұл

Қазақты сүйген екен өліп-өшіп.


Болса да сол арыстың қысқа күні,

Келеді құлағыма құстар үні.

«Әр тасым түйме болсын өңіріме» -

Осы еді Әлиханның ұстанымы.


Жетер деп: Тақ та маған, бақ та маған,

Ат жалын тартып мінген атпал ағам.

Арманын арай таңға шомылдырып,

Даласын бабасының баққа ораған.


Алаң жұрт, алаң да алаң, алаң бәрі,

Жас болып тамып түскен жанардағы.

Мәңгілік қазақ елі – ей, бауырым,

Аңсаған арыстардың ақ арманы.


Өлеңге айналғанда көңіл нәзік,

Өткеннің өнегесі – өмірге азық.

Алаш деп аламанға ат қосқанда,

Арманы арыстардың - ТЕМІРҚАЗЫҚ!


Көшімнің күнде айналған көрігіне,

Бабамның жері міне, елі міне.

Тас емес Әлиханның ақ арманын

Түйме қып қада, ҚАЗАҚ, өңіріңе!

Мақпал МЫСА



Ақын рухымен серттесу

Кере қарыс маңдайынан ғарышқа жол салып,
Шаһиттік Ер ғұмыр шалқыған!
Сұңғыла сертінде бодандық булығып,
Дұғалы сөзінде азаттық аңқыған!
Арыстан жүректі, абадан мінезді асылым!
Ажалды жылатып, айбынды от жырың,
Жалғанды жұбатты періште пәктігің.
Жан мұңын сөйлетіп,
Ар құнын құлпыртып,
Алаштың демінен Жұмақтың суретін билетіп,
Кешегі керауыз сатқынды састырып,
Бүгінгі сорауыз жалтаққа қастығып,
Көңілдің көгінде қырандай сусылдап,
Жүректің қобызын күңірентіп,
Қош келдің біздерге Ақ Сәуле – Ақтық Үн!

Тәңірі тірілтіп, Тәңірі қолдаған,
Бес күндік өмірдің өзегін жалғаған,
Ер Баба тілінен өр, дана Рухың нәр алып,
Сегіз қыр Сөзіңнен сегіз нұр таралып,
Күн шығыс көзінен күрең нұр 
қара өлең лаулатып,
Күнбатыс көгіне Күн болып жаралып,
Алашқа Алланың Самалын естіріп,
Қош келдің бұл жерге қаһарман хас Ақын!

Қош келдің Жанарым!
Туған жер топырағын толғатып,
жібектей желімен сырласып,
шөбімен, аңымен, құсымен мұңдасып,
Түбі бір Түркі үшін,
Алтайдай құлазып,
Арқадай аңырап,
Тұранның төсіне жұлдызды 
ойлары жамырап...
Қаламның ұшынан 
Әлемнің сезімін түрленткен
Ұлы Ақын!
Қош келдің Тәуелсіз Түркіге!
Қош келдің Тәуелсіз Қазаққа!

Даланың көшпелі Обалын ойлаған –
Сананың мәңгілік Шырағы.
Ойының киелі тұмары,
Рухы сусаса сусындар қасиет бұлағы –
Сендегі Аңсардың зарымен,
Үміттің қанымен көктеген жазбалар,
Қазақтың Есінде Дес болып жайқалып,
Жусандай бұрқырап тұр әлі!

Сен сендің Жастарға,
Сен сенген мына Мен –
Сөзіммен шайтанды шошыттым!
Өзіммен кәпірді жасыттым!
Желтоқсан желінде 
Қайрат боп қаһарым жұлқынып,
Ажалға жүгірдім кегіммен ұмтылып!
Содан соң…
Кірпіктің ұшында қуаныш мөлдіреп,
Көзімнің ішінде Көк Туым желбіреп,
Арқаның төсіне айбарлы Астана орнатып,
Алаштың мерейін тасыттым!

Сен сенген мына – Мен,
Е-е-хе-һе-ей!!!
Қарашы,
Адамның аспантек баласы!
Иманым жүзімнен жыр болып шашырап,
Күн болып шаттанып, шалқақтап күлемін!
Білемін,
Көмейден күй сынды сұңқылдап тілегім,
Ел үшін жұлыным жұлынса өкінбен!
Хас Ақын,
Мен саған Ант етем!
Алланың жұпарлы Атымен Ант етем!
Әлемге сүйгізем Қазақтың хұсни Жүрегін!

БАУЫРЖАН ҚАРАҒЫЗҰЛЫ


Пікірлер(0)

Пікір қосу