Ғабит Іскендерұлы. Жат жұртта жерленген жампоздар

03 Маусым, 2019 197

Аяулы, оқырман. Turkistan.kz порталы ұсынған аталмыш мақалада әртүрлі себептерге байланысты Қазақстан территориясынан жырақта жерленген тұлғалар туралы сөз етіледі. «Территория» деп сөзіміздің астын сызып сөйлеуіміздің мәні кейбір өңірлер КСРО-ның қитұрқы саясатының салдарынан көрші елдердің еншісіне бұйырып кеткен болатын. Ғабит Іскендерұлының бұл жазғаны осыған дейін(2016 жылы) «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды.



Қазақтың отжүректі ақыны Əбдіраштың Жарасқаны бір жырының түйінін: «Құлпытас қояр-қоймас басымызға, Ол жағын Уақыттың өзі білер!..» деп бір қайыратыны бар. Осы арқылы ақын өзінің ғана емес, бұрынғы бабалардың аманатын да жеткізіп тұрғандай. Задында халық атынан да құлпытас өзі айрықша құрметтеген, елге еңбегі сіңген тұлғасына қояды емес пе. Жарасқан ақын айтқан «уақыттың» астарында ұрпақ парызы қоса өріліп жатыр, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында.

Өйткені, уақыт өткен сайын нағыз тұлғалардың ел алдындағы мəртебесі де биіктей түспекші. Сол арқылы игі жақсылардың еңбегі ұрпақ санасында қайта жаңғырады, уақыт өлшемі осылайша «кімнің кім екендігін» таразылап береді. Өткеніне құрметпен қарайтын ұрпақ қана өмірден өткен игі жақсылары мен жайсаңдарына лайықты қошемет көрсете алады. Əрине, ол үшін əуелі тектілерімізді түгендеп алу, олардың елге сіңірген еңбегін саралау мəселесі алдан шығатыны белгілі.

...Есте жоқ ескі заманда бабаларымыздың бірі білім іздеп, ілім қуып Шам шаһарына жол тартса, енді бірі тағдырдың тауқыметімен құлдыққа сатылып, Мысыр елінен бір-ақ шыққан. Олардың туған жерден, өздері өмір бойы аңсап өткен жусанды даласынан жырақта мəңгілік қоныс тебуіне осындай жағдайлар себеп болған. Не десек те, ғұлама ғалым, «Шығыстың Аристотелі» атанған əл-Фараби мен атақты қолбасшы, Мысырға билік жүргізген сұлтан Бейбарыстың қазіргі Қазақ елі деп аталатын іргелі жұрттың перзенті екені - тарихта түбегейлі таңбаланған ақиқат. Басқа жұрт олардың ұлан-ғайыр ұлы даланың ұланы екендігінен, сол даланы қазақ деген халық мекендейтінінен бейхабар болып жатса, ол - бүгінгілердің кемшілігі. Қазіргі кезде əлемде «тоғызыншы территория» саналатын Қазақ даласынан əл-Фараби, сұлтан Бейбарыс, Мұхаммед Хайдар Дулати сынды даналар шыққандығын ғаламға таныта алмай жатсақ, ол да əлі орны толмай жатқан осал тұсымыз.

Жат жұртта жерленген аталарымыздың тағы бірі эмиграцияда жүріп дүниеден өтті. Туған халқының, қазақ елінің ғана емес, исі түркі жұртының азаттығы үшін арпалысқан, тоталитарлық жүйенің қысымына шыдамай, эмиграцияға кетуге мəжбүр болған Алаш арысы Мұстафа Шоқай сыртта жүріп те елінің тəуелсіздігі үшін күресін жалғастыра берді.

Бүгінде жат жұрт саналатын елдерде жерленгендердің келесі бір тобы - атамекенінің топырағы бұйырғандар. Ташкентті билеген Төле би, Самарқанға билік айтқан Жалаңтөс баһадүр осының айғағы. Арда қазақ кең жүріп, ен жайлаған Нұратада (Өзбекстанның Науаи облысы) Əйтеке бидің жерленуі де осыны дəлелдейді. Құрманғазының сүйегі де ата-бабалары ат ойнатқан Ресейдің Астрахань облысының аумағында жатыр. Еділ мен Жайық өзендерінің арасындағы қазақтың атақонысын Ресей патшасы ІІ Павелдің жарлығымен заңдастырып берген Бөкей хан да аталған облыстың шеңберінде мəңгілікке дамылдаған.

Заманалар дауылынан, төңкерістер топалаңынан бағзы бабаларымыз кең жайлаған қонысымыздың өрісі тарылды. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті демесек те, сұрқай саясаттың кесірінен басқаның қанжығасына бөктерілгені ашық мəселе. Ресей, Қытай, Өзбекстан аумағында жатқан бабалардың сүйегі осыған куə. Əрине, аумақтық талап қойғалы отырған біз жоқ. Мүмкіндігі болса, сүйегі жат жұртта қалған ұлыларымыздың басына ескерткіш-белгі орнатып, жақсыларымыз бен жайсаңдарымызды ұлықтау - басты парызымыз. Ең болмаса, олардың қай жерде жерленгенінен хабардар болу, соны келер ұрпаққа аманаттау да тарихи танымның бастауы болмақшы. Біз көтеріп отырған мəселенің маңызы да осыған саяды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегенді бабаларымыз осыған қатысты айтқан шығар-ау.

Тəуелсіздік тұсында арғы-бергі тарихымызға жаңаша көзқарастың қалыптасуы кесек тұлғалардың трагедиялы һəмтағылымды тағдырын таразылап, еңбектерін саралауғамүмкіндік берді. Əл-Фараби, Бейбарыс сұлтан, Төле бидің кесенесі қалпына келтіріліп, Құрманғазының, Əйтеке бидің, Бөкей ханның кесенелері бой көтерді. Біз ел тəуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында атажұрттан жырақта жерленген тұлғаларды еске алғанды жөн көрген едік.


СИРИЯ

Əбу Насыр əл-Фараби - Отырарда туып, əлемге даңқы жайылған шығыстың ұлы ойшылы. Философ, математик, астроном, физик, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі. Əл-Фараби бабамыз 970 жылы Шам шаһарында, қазіргі Сирияның Дамаск қаласындағы Баб əс- Сағир зиратына жерленген. Кесенесі 2010 жылы Қазақстан Үкіметінің ат салысуымен қайта қалпына келтірілді.  


ЕГИПЕТ

Бейбарыс сұлтан - 1223-1277 жылдары Мысырда билік құрған. Қыпшақ даласында туған даңқты əмірші Каирде жерленген. 2010 жылы қайта қалпына келтірілген 6 тарихи нысанның тізімінде Бейбарыс бабамыздың да кесенесі бар.

Қайтпай (Толық ныспысы - əл- Əшраф Сейіт ад-Дин Қайтпай) – 1416 (18) жылы Дешті Қыпшақ топырағында кіндігі кесілген. Қайтпай Мысыр мен Шамның (Сирия) мəмлүктерден шыққан он сегізінші сұлтаны (1468-1496) болған. Ол Мекке, Мəдина, Каир, Құдыс (Иерусалим), Дамашық (Дамаск), Халеб (Алеппо), Александрия секілді шаһарлардың құрылы-сында өз қолтаңбасын қалдырды. Сұлтан 1496 жылы дүниеден өтті. Сүйегі өзі салдырған Қайтпай кешеніне жерленген.

Қауам ад-дин əл-Итқани (Иқани) əл-Фараби ат-Түркістани (1286-1357) Түркістан қаласының шығысында 20, Отырардан солтүстікке қарай 40-50 шақырымдай жердегі, орта ғасырларда Итқан (Атқан), қазіргі уақытта Иқан деп аталатын кентте дүниеге келген. Ол отыздан асқан шағына дейін Отырарда имам болған. Сонан соң білім іздеп əуелі Самарқан мен Бұхараға, кейін Дамаскіге сапар шеккен. Бағдадта 25 жыл қазилық еткен əл-Итқани сонда үйленіп, бала- шағалы болған. Өмірінің соңында Каирге қоныс аударып, сонда бақилыққа аттанған.


ҮНДІСТАН

Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) - əйгілі тарихшы, əдебиетші, Моғолстанмен оған іргелес елдердің тарихы жөнінде аса құнды деректер беретін «Тарихи Рашиди» кітабы мен «Жаханнама» дастанының авторы. Үндістанның Кашмир штатындағы «Мазари-и Салатин» қорымында жерленген.


ТҮРКИЯ

Хасен Оралтай (1933-2010) - шетелдегі қазақтардың азаттық үшін күрес символына айналған тұлға. Еуропадағы «Азаттық» радиосының қазақ бөлімін 40 жылға жуық басқарған, азаттық идеясын жер жүзіндегі қазақ баласына ұзақ жылдар бойы насихаттаған. Бейіті - Түркияның Салихлы қаласындағы мұсылман зиратында.

Мұстафа Өзтүрік (1954-1995) - таэк- вондо спортынан əлемнің алты дүркін чемпионы, 6-шы дан иегері. Мұсылман əлеміндегі осындай биіктікті бағындырған жалғыз адам. Атамекеніне оралған арда азамат 1995 жылы Алматыда белгісіз жағдайда көз жұмды. Сүйегі Ыстамбұлдағы зиратта.  


ГЕРМАНИЯ

Мұстафа Шоқай (1890-1941) - көрнекті қоғам жəне мемлекет қайраткері, түркі дүниесінің даңқты күрескері. Қызыл империяның қысымынан елден безіп, алдымен Грузия, сонан соң Түркия арқылы Германияға, одан Францияға барып орнығады. Алаш жұртының қайсар перзенті 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Сүйегі Берлиндегі «Түрік шаһитлігі мешіті» аумағындағы шағын зиратқа жерленген.

Мəжит Айтбаев (1914, Қызылорда облысы - 1945, Дрезден) - ақын, публицист. Екінші дүниежүзілік соғыста ауыр жараланып, немістердің тұтқынында болған. Топырақ Дрезден қаласынан бұйырды.

Махмет Құлмағамбетов (1930-2008) - Орта Азиядан шыққан тұңғыш диссидент. Саяси көзқарасы үшін жазықсыз бас бостандығынан айырылып, жеті жыл түрменің дəмін татқан. Қазақстан тəуелсіздік алғаннан кейін, Жоғарғы соттың үкімімен ақталды. Мюнхенде көз жұмды.


ҚЫТАЙ

Ақыт Үлімжіұлы (1868-1940) - Қытай, Моңғолия қазақтары арасынан шыққан көрнекті ақын, ағартушы, қоғам қайраткері. Құранды тұңғыш рет қазақ тіліне аударған. Халық көтерілісіне белсене қатысқаны үшін тұтқынға алынып, кітаптары өртеліп, түрмеде азапталып өлтірілген.

Зұқа Сəбитұлы (1867-1928) - қоғам қайраткері, батыр. Жергілікті қазақтарды қытай ұлықтарының қыспағынан қорғауға күш салған. 1928 жылы Қытай əскерлерінің қолынан Зұқа батыр мен оның серіктері қапыда қаза табады. «Өкіметке қарсы шыққандардың көретіні осы» деп жергілікті қазақтарды үрейлендіру мақсатымен Сарсүмбе қаласындағы көпірге Зұқа батырдың басын іліп қояды. Ерлігін құрметтейтін халық кейін оны Белқұдыққа жерлеп, басына үлкен қорған тұрғызған.

Оспан батыр (1899-1951) - Шығыс Түркістанның ұлт азаттығы жолындағы көсемі, ел басқарған əйгілі батыр. 1943 жылдың күзінде Қызылқия деген жерде жұртшылық оны ақ киізге отырғызып хан көтерген. Батырды қытай коммунистері қапыда қолға түсірген. 1951 жылы 28 сəуірде Үрімжіде атылған.

Əсет Найманбайұлы (1867-1923) - əйгілі ақын, əнші, сазгер. «Əсеттің Кемпір баймен қоштасуы», «Мақпал», «Қара көз», «Майда қоңыр», «Қоңыр қаз», «Қысымет», «Ардақ» секілді əндері халық арасына кеңінен танымал. Аңдаусызда алмаспен уланған дарын иесі қапыда көз жұмды. Қабірі ҚХР, Құлжа уəлаятының Көкқамыр жайлауында.

Жүсіпбек Шайхысламұлы (1854- 1936) - қиссашы, қазақтың ауыз əдебиеті үлгілерін жинаушы, бастырып таратушы, насихаттаушы. Араб, парсы тілдерін жетік білген. 1936 жылы Шыңжаң өлкесі, Іле ауданының тау баурайында қайтыс болған.

Таңжарық Жолдыұлы (1903-1947) - ақын. 1940 жылдан бастап Қытай үкіметі қазақтың бетке ұстар тұлғаларын аяусыз басып-жаншыған тұста түрмеге қамалып, жан төзгісіз азапқа ұшырайды. 1947 жылы ауыр науқастан көз жұмды. Зираты ҚХР- дың Іле аймағының Күнес ауданындағы Шапқы жайлауында.

Дəлелхан Сүгірбайұлы (1906-1949) - саяси қайраткер. Қытайдағы Алтай аймағының уəлиі (губернатор), Алтай атты əскерлер полкының командирі. 1949 жылы Бейжіңге мемлекеттік дəрежедегі арнайы жиынға ұшып бара жатып, ұшақ құлап, қаза тапты.

Жақыпберді Солтанбекұлы (1884, Алматы облысы, Райымбек ауданы - 1932, ҚХР, Жанбұлақ қорымы) - батыр, мерген. Кеңес жəне Қытай өкіметі тарапынан қуғынға ұшыраған тарихи тұлға. 1916 жылы Қарқара көтерілісінде тұтқынға алынған ел ағаларын босатып алу үшін атқа қонған халық жасағына басшылық жасаған. 1933 жылы Күре қамалында Қытай əскері қасында 24 адамы бар Жақыпберді мергенді оққа байлайды. Сүйегі Шыңжаңдағы Жанбұлақ қорымына жерленген.

Мергенбай Жаманкөзұлы (1882, Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қақпақ ауылы - 1931, ҚХР, Құрманжан көпірі) - батыр, мерген. Алғашқыда Қызыл əскер қатарында қызмет етіп, Жетісуда кеңес өкіметін орнатуға қатысқан. Бірақ кейінгі асыра сілтеушілік саясат Мергенбайдың көзқарасын өзгертуге себепші болады. 1931 жылы көш бастап Қытай жеріне өткенде қалмақтармен шайқаста қаза табады. Батырдың денесі Текес өзені бойындағы, Құрманжан көпірінің оңтүстік-шығысындағы төбешікке жерленген.

Қажығұмар Шабданұлы (1925-2011) - жазушы. Саяси жаламен өмірінің қырық жылға жуығын жазалау лагерінде, түрмеде өткізген. «Қылмыс» трилогиясының авторы. 2011 жылдың ақпан айында өмірден озған қаламгердің сүйегі ҚХР-дың Шəуешек қаласындағы мұсылман қорымында жатыр.

Мүтəліп Əміреұлы (1928-1988) - əйгілі театр жəне кино актері. «Тянь- Шань қызыл гүлі», «Қыз бейіті», «Жетім қыздың махаббаты» сынды атақты кино-фильмдерде басты рөлдерді сомдаған.




Жалғасы бар

Пікірлер(0)

Пікір қосу