Ғабит Іскендерұлы. Жат жұртта жерленген жампоздар (жалғасы)

04 Маусым, 2019 180

ТИБЕТ

Бөке батыр Жырғалаңұлы (1846- 1904) - ұлт қайраткері. Халқының қамын ойлаған ер, артына жұртын ертіп, Тибет асып, Үндістанның шекарасына ат тұмсығын тіреп тоқтайды. Бөке батырды 1904 жылдың жазында Тибет төрелері ел астанасы Лхаса қаласына шақырады. Осы сапардан еліне оралған тұста Бөке ауырып, қайтыс болды. Сүйегі Тибет автономиялы районы Алтынтоқ ауданына жерленген.


РЕСЕЙ

Доспамбет жырау (1490 жылы қазіргі Ресей Федерациясының Ростов облысында дүниеге келіп, 1523 жылы Астрахань маңындағы Азау қаласында дүниеден өткен) - жырау, қолбасшы. Доспамбет жырау қазақ халқының қалыптасу кезеңінде өмір сүрген. Дешті Қыпшақты көп аралаған. Бақшасарайда, Ыстамбұлда болған. Қырым ханының жағында көптеген əскери жорықтарға қатысқан. Тайпааралық ұрыстардың бірінде қаза тапты.

Қадырғали Жалайри (1530-1605) - атақты ғалым, шежіреші. Тəуекел ханның сарайында қызмет етіп, ақылшы міндетін атқарған. Оразмұхаммед сұлтанмен бірге Ресей патшасы Борис Годуновтың қол ас- тында аманатта болған. 1602 жылы жарық көрген «Жылнамаларжинағының» авторы. Ресейдің Рязань облысы, Касымов қаласындағы мұсылман қорымына жерленген.

Бөкей хан Нұралыұлы (туған жылы белгісіз - 1815) - Бөкей ордасының ханы. Еділ мен Жайық өзендерінің арасындағы қазақтың атақонысын 1580 жылдан Ресей патшалығы иеленіп келген еді. Бөкей хан Ресей патшасы ІІ Павелден қазақтардың осы жерге қоныстануына рұқсат алып, Бөкей ордасының іргесі қаланып, еліміздің батысындағы Ресеймен арадағы шекара шегенделді. Бөкей хан 1815 жылдың 21 мамырында көз жұмды. Зираты қазіргі Ресейдің Астрахань облысы, Красный Яр ауданы, «Малый арал» ауылына жақын жерде.

Арынғазы хан Əбілғазизұлы (1758- 1833) - көрнекті мемлекет қайраткері, дəулескер күйші. Халқына жағымды болғаны үшін ел аузында «Тыным хан» атанған. 1823 жылы патшалық Ресей үкіметі оны қапыда алдап қолға түсіріп, Калугаға жер аударды. Арынғазы хан айдауда жүріп белгісіз жағдайда қайтыс болған.

Құрманғазы Сағырбайұлы (1823- 1896) - қазақтың ұлы күйшісі. «Адай», «Сарыарқа», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Балбырауын», «Қуаныш», «Көбік шашқан», «Кішкентай» сынды көптеген күйдің авторы. Күйшінің сүйегі Астрахань облысының Володар ауданына қарасты «Құрманғазы төбе» деп аталатын жерде жатыр.

Сəлімгерей Жантөрин (1864-1926) - ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі, меценат. Атақты «Ғалия» медресесін салуға қаржылай ықпал еткен, «Əл-Ғалами əл-Ислами» (мұсылман əлемі) діни-саяси газетінің құрылтайшысы һəм идеялық бағыттаушысы болған. «Алаш» партиясының көсемдерімен араласып, оларға қолдау көрсеткен. 1926 жылы жұмбақ жағдайда өмірден озған Сəлімгерей Жантөрин Уфада жерленді.

Əлихан Бөкейханов (1876-1937) - ұлт тарихында өшпес із қалдырған Алашорда көсемі, қазақ жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі бар байлығы қазаққа қызмет етуін армандап өткен аса көрнекті тұлға. 1937 жылдың тамызында нақақ жаланың құрбаны болып Мəскеуде ату жазасына кесілді.

Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931) - қазақ халқының азаттығы үшін күрескен ұлт қайраткері, классик жазушы, ағартушы ғалым. 1929 жылы «ұлтшыл ұйыммен байланысы бар» деген жаламен тұтқындалып, 1931 жылы ату жазасына кесу туралы сырттай үкім шығарылды. Мəскеуде жерленген.                                                                                          

Нығмет Нұрмақов (1895-1937) - көрнекті қоғам жəне мемлекет қайраткері, қаламгер публицист. Алаш арысы Əлихан Бөкейхановпен бір күнде, бір статьямен Мəскеуде атылған.

Сұлтанбек Қожанов (1894-1938) - мемлекет жəне қоғам қайраткері, ғалым, публицист. Астананы Орынбордан Қызылордаға көшіруде, бұрмаланып келген «киргиз» деген атты «қазақ» деп түзетуде ерен қайрат көрсеткен.

Нəзір Төреқұлов (1892-1937) - мемлекет жəне қоғам қайраткері. Қазақтан шыққан алғашқы кəсіби дипломат. КСРО- ның Сауд Арабиясындағы өкілетті өкілі болған, Дуайен лауазымына (сол елдегі елшілерге басшылық жүргізетін дəреже) жеткен тұңғыш қазақ. Ұлт мүддесін өз өмірінен биік қойған ардақты азамат 1937 жылы ату жазасына кесілді.

Тұрар Рысқұлов (1894-1938) - мемлекет жəне қоғам қайраткері. Халық комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары дəрежесіне дейін көтерілді. 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген жерінде «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынды, Мəскеуде атылды.

Ахмет Бірімжанов (1871-1927) - Алаш жұртының азаттығы үшін күрескен тұлға. Ресейдің І жəне ІІ Мемлекеттік Думаларына депутат болып сайланып, Мұсылман фракциясы төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Сүйегі Ленинградтағы «Волков» зиратында.

Қамбар Медетов (1901-1938) - атақты күйші, өнер қайраткері. Күйшілік талантымен Сталинді таңғалдырған. 1937 жылы репрессияға ұшырап, Солтүстік Қиыр Шығыста қайтыс болды.

Ғани Мұратбаев (1902-1925) - Орталық Азиямен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, коммунистік жастар интернационалының қайраткері. Өкпе ауруынан қайтыс болып, Мəскеудегі «Ваганьков» қорымына жерленді.

Елизавета Əлиханқызы Сəдуақасова (1903-1971) - «Алаш» қозғалысының көсемі Əлихан Бөкейхановтың қызы, ұлт қайраткері Смағұл Сəдуақасовтың жары. Дəрігер-терапевт, медицина ғылымының докторы. Екінші дүниежүзілік соғысқа өзі сұранып аттанған. Мəскеу қаласында қайтыс болған.

Қайырболат Майданов (1956-2000) - Ауғанстандағы соғыста Кеңес Одағының Батыры атанған жалғыз қазақ. Ауған жерінде барлығы 1250 тапсырма орындап, 1100 сағат уақытын əуеде өткізген. 2000 жылы Чешенстандағы соғыста ерлікпен қаза тапқаннан кейін Ресей Федерациясының Батыры атағы берілді. Қазақтың қыран қанатты қаһарман ұлы Санкт-Петербургте жер қойнына тапсырылған.                                                                                                                                             

Ерік Құрманғалиев (1959-2007) - əйгілі опера əншісі, актер. 1992 жылы «Мадам Баттерфляй» спектакліндегі басты рөлі үшін Ресейде «Жылдың үздік актері» атанған. Аса сирек кездесетін дауыс иесі 2007 жылы көз жұмып, Мəскеудегі «Ваганьков» зиратына жерленді.


ИРАН

Жарылғап Қырықмылтық (1908- 1990) - Иран қазақтарынан шыққан əйгілі ақын. Туған елге деген жүрекжарды сезімнен туған жырлары отандық мерзімді басылымдарда жиі жарияланған. Гүмбез-Қауыс қаласының іргесіндегі қазақ ауылында өмірден озды.


МОҢҒОЛИЯ

Күлтегін (684-731) - Түркі жұртының даңқты қолбасшысы. Ежелгі тарихи- поэзиялық жазба деректер бойынша, 7 жасында жетім қалған, 16 жасында бес қаруын асынып ел қорғаған. Ағасы Тоныкөк дананы таққа отырғызып, өзі өмірінің соңына дейін ат арқасында ғұмыр кешкен. 47 жасында соғыста қаза болған.

Хамза Ерзінұлы Зайсанов (1912-1966) - шетелдердегі қазақтар арасынан шықан алғашқы қазақ генералдарының бірі, аты аңызға айналған əскери ұшқыш. 1939 жылы Жапониямен Халхин-Голда болған ұрыста теңдессіз ерлік көрсеткен. 1942 жылы Моңғолия Үкіметінің қаулысымен Əуе қарулы күштерінің Бас қолбасшысы болып тағайындалады. 1944 жылы Ұлы Құрылтай басшысының Жарлығымен оған авиация генерал-майор шені беріледі. 1966 жылы қайтыс болған даңқты батыр Ұлан-Батордағы «Алтын бесік» зиратына жерленген.


ӨЗБЕКСТАН

Ер Қосай (1507-1594) - Қазақ хандығының алғашқы кезеңінде өмір сүрген, қазақ мемлекеттігін нығайтуға үлес қосқан тарихи тұлға. Ер Қосай түрікменнің Ер Сарыкөсемінің қызы Оғылмеңліге үйленген. Одан жорық жыршылары, ақындар, жыраулар, өнер шеберлері Қалнияз, Абыл, Нұрым, Қашаған сынды дүлдүлдер тараған. Ер Қосаймен Оғылмеңлі ана Нүкіс қаласының Бестөбе жерінде мəңгілікке дамыл тапқан.

Тəуекел хан - 1583-1598 жылдары билік құрған қазақ ханы. Бұхар хандығымен күресте Мəскеумен одақтасуды жөн санап, 1594 жылы елші аттандырған. Бұхара қаласын алу үшін болған ұрыста ауыр жараланып, Ташкентке келіп қайтыс болды. Самарқан қаласында жерленген.

Шығай хан - 1580-1582 жылдары билік жүргізген қазақ ханы. Шайбани мұрагерлерінің арасындағы тақ тартысын қазақ мемлекеттілігін нығайтуға сəтті пайдаланған. Самарқан қаласында жерленген.

Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы (1576-1656) - батыр қолбасшы, би. Батырдың денесі Самарқан өңіріндегі Дағбид қыстағында жерленген.

Төле би (1663-1756) - қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты би. Тəукені хан етіп сайлап, үш жүздің ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға ұйытқы болған. Төле би Ташкенттегі Шайқантəуір зиратына жерленген.

Əйтеке би (1644-1700) - қазақ халқының атақты үш биінің бірі. Тəукені хан етіп сайлауға қатысқан. Əйтеке бидің қабірі Өзбекстандағы Науаи облысының Нұрата деген жерінде.

Сырым Датұлы (1723-1802) - қолбасшы батыр, би, шешен. 1783-1797 жылдардағы орыс отаршыларына қарсы ұлт- азаттық көтерілістің жетекшісі. Патша əскерінен бас сауғалаған Сырым Хиуа хандығының жеріне өтіп кетеді. Ел арасына атағы кеңінен тараған батырдан қауіптенген Хиуа ханы оны қапыда улап өлтірген. Сүйегі Қарақалпақстанда жерленген.

Базар Оңдасұлы (1842-1911) - жырау. Қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. Базар 15-16 жасынан бастап Ор төңірегін, Ырғыз, Сыр бойы, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа жағын жырау ретінде аралайды. Жыраудың өз айтуымен хатқа түскен 15 мың жолға жуық өлең-жырлары, 5 дастаны сақталған. Базар жыраудың өлеңдері 1925 жылы Ташкентте шыққан «Терме» жинағына, 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың əдебиет нұс қалары» атты кітапқа енді. Базар жыраудың зираты Өзбекстанның Тамды ауданының Жалпақтау деген жерінде.

Шəді Жəңгіров (1855-1933) - ақын. Ол 30-ға жуық дастан жəне көптеген өлеңдер жазған. Көлемді шығармаларынан қазірше табылғаны - 18 дастан. Өзбекстанның Сырдария облысы Қаратөбе елдімекенінде дүние салған.

Серəлі Лапин (1868-1919) Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылында туған. Араб, парсы т.б. шығыс тілдерін жетік біліп, «Шаһнама», «Туһрат ал-Хани» дастандарының парсы тіліндегі қолжазбаларын зерттеген, Фирдаусидың «Шаһнамасын» қазақша тəржімалаған. 1919 жылы Самарқан қаласында белгісіз жағдайда қайтыс болды.  

Сабыр Рахымов (1902-1945) - Кеңес Одағының Батыры, гвардия генерал- майоры, даңқты қолбасшы. 1945 жылдың наурыз айында Кенигсбергте қаза тапты. Кейін сүйегі майдан даласынан əкелініп, Ташкенттегі Кафанов саябағына жерленді.

Орал Таңсықбаев (1904 - 1974) - кескіндемеші, КСРО халық суретшісі, КСРО Көркемсурет академиясының толық мүшесі. Өзбек КСР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1973). Ленин жəне басқа 4 орденмен марапатталған. Ташкенттегі «Шағатай» қорымына жерленген.

Əбибулла Садықов (1930-1991) - балуан. 1952 жылы Ашхабадта Орта Азия жəне Қазақстан арасында өткен спартакиадада күрестен абсолютті чемпион болған. Өзбекстанның бірнеше дүркін (1949,1954, 1955) чемпионы. Сүйегі Нөкіс қаласындағы зиратқа қойылған.

Өмірзақ Қожамұратов (1936-1983) - ақын. Бұхара облысы, Тамды ауданында туған. Жазушы», «Жалын» баспаларынан «Жиделі Байсын» (1966), «Таңғы дауыс» (1971), «Жол аяқталмайды» (1981), «Ой кешу» (1989), «Күн астында - құдірет» (1998), «Суреттегі жұмбақтар» (1998) жыр жинақтары жарық көрген. Өзбекстанның Науаи облысындажерленген.


УКРАИНА

Ғұбайдолла Бөкеев (1840-1909) - əскери қайраткер, Ресей армиясының инфантерия генералы. Орыс-түрік соғысында айрықша қолбасшылық қабілет көрсеткені үшін генерал-майор атағын, «Ерлігі  үшін» алтын қылышын иеленген, І дəрежелі Анна орденімен марапатталған. Отставкаға шыққан соң, 1902 жылы император сыйға тартқан Ялтадағы иелігіне көшіп барып, сүйегі сол қалада жерленген.


ТƏЖІКСТАН

Елеусіз Бұйрин (1874-1933) - ақын, қоғам қайраткері. 1911-13 жылдары «Қазақстан» газетінің редакторы болып, «Қазақстан» сөзін тұңғыш рет ресми тілге енгізді. 1932 жылы елде саяси қуғын-сүргіннің алғашқы толқыны басталғанда Елеусіз БұйринТəжікстанға қоныс аударады. Сонда Орталық архив басқармасына инспектор болып қызметке орналасады. 1933 жылы 16 сəуірде қызметінен қуылып, көп ұзамай аштықтан Душанбеде дүние салады.


ТҮРІКМЕНСТАН

Құныскерей Қожахметов (1895-1964) - қызыл чекистерге қарулы қарсылық көрсеткені үшін қуғындалған, «Банды Құныскерей» атанған халық батыры. Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған құмында туған. Кеңес өкіметі тұсында «қандықол қарақшы» деген жала жабылса да, əділдігімен, ерлігімен есімі аңызға айналған. 1933 жылы Түрікменстанға бас сауғалауға мəжбүр болады. Сол жақта Əбілқайыр Жаманов деген атпен өмір сүріп, 1964 жылы өмірден озған


 P.S. Жат жұртта жерленген тұлғалардың жоғарыдағы тізіміне қосылатын əлі қаншама арысымыз бар екені сөзсіз. Біз бүгін тарихты зерттеушілерге, ғалымдарға ұсыныс ретіндегі ойымызды ортаға салып отырмыз. Ескерте кететін бір жайт, 1941- 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Ресей, Украина, Белоруссия, Молдавия мен Венгрия, Югославия, Польша, Чехословакияда опат болып, сонда жерленгендер дерегі  көп кітаптарда бар болғандықтан мақалаға кіргізілмеді. Тұлғаларымызды толыққанды түгендеу алдағы күннің еншісінде болмақшы. Оқырман тарапынан айтар ұсыныс-тілек болса, құлақ қоюға əзірміз.


Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ

Пікірлер(0)

Пікір қосу