Құдияр Біләл: ШАХАНОВ САЙЛАУДА КІМДІ ҚОЛДАЙДЫ?

06 Маусым, 2019 225

Сайлау науқаны барысында маған: "Шаxанов неге үнсіз жатыр?" деп сауал жолдаушылар аз болған жоқ. Алайда біз өз тарапымыздан кімге бүйрегіміздің бұратындығын ұдайы сездіріп отырдық. Соған орай көпшілік: "Мұxаң да бізбен үндес шығар" деген ойда болды. Сол ой Мұxаң оппоненттерін де әліптің артын бағуға шақырғандай болды. Алайда Мұxтар Шаxанов өзіндік ойы, өзіндік пікірі бар адам. Сонымен қатар ол кісі бүгінгі саяси жүрістің ертеңгі нобайын алдын ала бажайлай алады. Мұxаңның көп дүрмекке қосылмай жатқандығы сондықтан. Ол кісі таразылауы бойынша қылыштың қынаптан суырылатын уақыты әлі келген жоқ. Ал мына тарап жатқан видиоға келсек... Жә, әңгімені басынан бастайық. 


Сайлау науқаны басталар кезде маған Ермұрат Бапи телефон шалды. Ол сайлауға байкот жариялағалы жатқандарын айта келе, соған Мұxаңның көзқарасын біліп беруімді өтінді. Біз Мұxаң екеуміз ақылдаса келе "Әуелі сайлауға кімдердің түсетіндігін біліп алайық" деген шешімге келдік. Мен сол ойымызды Ермұратқа жеткіздім. Ол біздің шешімімізге түсініспеншілік танытты. Ол кезде сайлауға түсушілер тізімі әлі анықталмаған болатын. Содан не керек, саяси саxнаға Тоқаев шықты. Жасыратын түгі жоқ, Тоқаев Мұxаңмен өте жақын сыйластықта болған адам. Елші болған кезде қызметтері түйіскен. Сол жәйттің бәрін жақсы білетін мен Мұxаңа: "Қалай, Тоқаевты қолдаймыз ба?" дедім. Мұxаң: "Бұл өтпелі кезең. Нағыз тайталас осыдан кейін басталады. Соны күтейік" деді де: "Бірақ мен адами тұрғыда Тоқаевтың азаматтығын жоғары бағалаймын. Өзің де білесің, мына билік менің атымды теледидар мен баспасөзде атауға тыйым салып, ағаш атқа теріс мінгізген кезде Қасым-Жомарт азаматтық мінез танытып, ешкімнен жасқанбай маған қолдау білдірді. Қайбір жылы Пәкістан президенті маған "Мұсылман елдері арасынан шыққан ең үздік әлем ақыны" сыйлығын табыстағанда да мені билік тарапынан құттықтаған жалғыз адам осы Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Кейін Қытай елінде 150 мемлекеттің қатысуымен өткен кітап жәрмеңкесінде менің Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазған "Құз басындағы аңшының зары" атты кітабым "Әлемдік деңгейдегі ең үздік кітап" деп танылған кезде де Тоқаев телефон шалып, өзінің ықылас-пейілін білдірді. Оның үстіне мына президент билігі тізгінін қолға алысымен "Үш тұғырлы тіл" бағдарламасына қарсы шығып, қазақ тіліне мемлекеттік тіл ретінде басымдық беру қажеттілігіне тоқталды. Сондықтан біз Тоқаевтың бұл азаматтығын бағалауымыз керек" деп сөзін түйіндеді. 


Енді әлгі видиоға келейік. Шынтуайтына келгенде оның жазылғанына бір айдан асып кетті. Мұxаңның ол сөзі кезінде "Қазақстан" каналынан берілді де. Бірақ оған ол кезде ешкім назар аударған жоқ. Назар аудармағандығы, Мұxаңа қойылған сауал: "Сіз Тоқаевтың президенттік сайлауға түскенін қолдайсыз ба?" дегенге саятын. Сонда Мұxаң біз жоғарыда келтірген әңгімелерді тілге тиек ете келе: "Тоқаевтың сайлауға түскенін қолдаймын" деген болатын. Ал сайлауға түсу, "Президент болсын" деген ұғымды білдірмесе керек. Оның үстіне біреуге қолдау білдірген адам үнсіз жатпайды. Көпшілік жақсы біледі, егер Шаxанов бір мәселені қолға алса, онда оны жұрттың бәрі білетіндей дауылдата көтереді. Асықпаңыздар, ол күн де келер. Сондықтан кімнің де болсын Шаxановтың шаужайына жабысқанды тоқтатқаны жөн.

Пікірлер(0)

Пікір қосу